Жаңалықтар

Мүмкіндігі шектеулі жолаушыларға кедергісіз орта құру мәселесі талқыланды

Қазақстанның азаматтық авиация әкімшілігінің өкілі еліміздегі әуежайларда ерекше қажеттілігі бар жолаушыларға қызмет көрсету бойынша тиісті талаптар сақталатынын атап өтті
Мүмкіндігі шектеулі жолаушыларға кедергісіз орта құру мәселесі талқыланды
Фото: ult.kz 14.09.2022 16:53 2010

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің «Ашық сағат алаңы» жобасы аясында мүмкіндігі шектеулі жолаушылар үшін кедергісіз орта қалыптастыруға арналған басқосу өтті. Жиынға Қазақстанның авиация әкімшілігі, отандық әуежайлар мен авиакомпаниялардың өкілдері және мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқығын қорғау жөніндегі үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері қатысты, деп хабарлайды El.kz ИИДМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Басқосуда ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары Салтанат Томпиева әуе көлігінде мүмкіндігі шектеулі жолаушыларға кедергісіз орта қалыптастыруға бағытталған қолданыстағы заңнаманы жетілдіруге байланысты атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты. Бұл жұмыстар шеңберінде Жолаушыларды, багажды және жүктерді әуе көлігімен тасымалдау қағидасына бірқатар түзетулер енгізілді. Атап айтқанда, ментальді ақауы бар жолаушыларға қолайлы жағдай жасау, мүмкіндігі шектеулі жолаушыларға олардың қажеттілігіне қарай орын бөлу қарастырылған.

Ал Қазақстанның азаматтық авиация әкімшілігінің өкілі еліміздегі әуежайларда ерекше қажеттілігі бар жолаушыларға қызмет көрсету бойынша тиісті талаптар сақталатынын атап өтті.

 «Авиация әкімшілігі техникалық қадағалауды тұрақты іске асыруда. Мәселен, жыл басынан бері 7 арнайы тексеріс жүргізіліп, оның нәтижесінде 15 бұзушылық анықталды. Инспекция барысында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған амбулаторлық лифтінің жоқтығы және бірқатар қызметтердің қолжетімсіздігі белгілі болды. Барлық ескертулерді әуежайлардың әкімшілігі бекітілген мерзімде орындауда», – деді Қазақстанның азаматтық авиация әкімшілігінің өкілі.

Өз кезегінде мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқығын қорғау бойынша үкіметтік емес ұйымның өкілі Василий Шиманский әуе көлігінде ерекше қажеттілікті талап ететін жолаушыларға қолайлы жағдай жасауға бағытталған нақты шаралар енгізу керектігін алға тартып, осы тараптағы ұсыныстарын жеткізді. Оның қатарында авиакомпаниялардың жолаушылардың сұрағы мен өтінішіне дер кезінде жауап беру, арбаға таңылған азаматтарды тіркеу кезіндегі процестерді жетілдіру сынды ұсыныстар бар. Сонымен қатар басқа елдің аумағындағы жолаушыларға рейстің кешігуі немесе кейінге қалдырылғаны жөніндегі хабарламаны уақтысында хабарлау тетігін іске қосу да айтылды.

 «Бұның барлығы да кешенді мәселе екендігі белгілі. Сондықтан да барлық категориядағы азаматтар үшін қолайлы жағдайлар жасалуы тиіс. Әуежайлар түрлі қажеттілігі бар адамдарға бейім болғаны жөн. Әсіресе, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға өздігінен қызмет көрсете алуына ерекше назар аудару керек», – дейді қоғамдық ұйым өкілі.

Сөзінің соңында ол әуе көлігінде ерекше қажеттілігі бар жолаушыларға қызмет көрсету бойынша тәжірибе алмасуды ұйымдастырудың маңызын атап өтіп, осы орайда арнайы жұмыс тобын құруды ұсынды.

Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары ынталы мемлекеттік органдар мен өзге де ұйым өкілдерінің қатысуымен жұмыс тобы құрылғанын жеткізді. Сондай-ақ Салтанат Томпиева азаматтар тарапынан өтініштерге жауаптар заңға сәйкес нақты мерзімде берілуі тиіс екендігін айтты.

AUTISM KAZAKHSTAN Ұлттық Қауымдастығының төрағасы Нұрия Балтабайқызы ментальді ақауы бар жолаушыларға әуе көлігінде қолайлы жағдай туғызып, осы тараптағы қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізуге бастамашылық танытқаны үшін Азаматтық авиация комитеті төрағасы Талғат Ластаев бастаған жұмыс тобына алғысын білдірді. Сондай-ақ ол мүмкіндігі шектеулі балаларға да ыңғайлы жағдай жасау бойынша бірнеше іс-шараны ұсынды. Ұсыныстар қатарында ментальді ақауы бар жеткіншектерге әуежайларда арнайы таспалар берілу керектігін айтты. Бұл әуежай қызметкерлеріне аталған жолаушыға қызмет көрсетуде ерекше назар аудару керектігін білдіреді. Қоғамдық ұйым жетекшісінің айтуынша, аутизм дертіне шалдыққан немесе өзге де ментальді ақауы бар балалардың мінез-құлқында агрессивтілік басым болады. Бұл тіркеу кезінде немесе жүктерді тексеру барысында қолайсыздық туындатуы мүмкін.

Басқосу барысында ҮЕҰ өкілдері кейбір интернет-платформалар арқылы авиабилеттерді сатып алу барысында әуе компаниялардың мүмкіндігі шектеулі және ментальді ақауы бар жолушыларға қажетті жағдайлар туралы ақпараттың жоқтығына да назар аударды. Қолданыстағы заңнамаға орай жолаушылар да авиакомпанияларға жоғарыдағы шектеулер туралы алдын ала хабарлауы тиіс. Жиында әуе компаниялардың өкілдеріне осы бағыттағы шараларды жетілдіру жүктелді.

Жиын қатысушылары қозғалысы шектеулі азаматтар тобына кедергісіз орта құру басты мақсат екендігін айтты. Басқосу соңында Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары ұсыныстардың барлығы ескерілетіндігін атап өтіп, отандық әуежайлар мен авиакомпания өкілдеріне және Қазақстанның авиация әкімшілігіне тиісті тапсырмалар берілді.

Өз кезегінде авиакомпания мен әуежай өкілдері басқосуда көтерілген мәселелердің барлығы назарға алынатынын, сондай-ақ әуе тасымалы кезінде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қызмет көрсету сапасын арттыруды жетілдіру бойынша жұмыстар жалғасын табатындығын мәлімдеді.

Айта кетейік, «Ашық сағат алаңы» жобасы министр Қайырбек Өскенбаевтың бастамасымен түрлі түйткілді мәселелерді талқылау, сондай-ақ ИИДМ-нің жан-жақты қаралған және зерделенген жоспарлары мен шешімдерін қабылдау үшін құрылған болатын. Жоба «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыруға, ведомство қызметкерлерінің қоғаммен кері байланыс орнатуға және мүдделі азаматтарды өзекті жалпыұлттық міндеттерді талқылауға тарту үшін бағытталған.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға