Жаңалықтар

«Мұхаббат-наме»

Алтын Орда дәуірі әдебиетінің ең көрнекті үлгісі – «Мұхаббат-наме» дастаны.
30.06.2014 08:20 24216

Алтын Орда дәуірі әдебиетінің ең көрнекті үлгісі – «Мұхаббат-наме» дастаны. Оны жазған – ақын Хорезми. Хорезми – ақынның лақап аты. Ақынның шын аты-жөні, өмірі, шығармашылығы жайлы мәліметтер сақталмаған. Олар жайында білетініміз онша көп емес. Ақын  Хорезми – Алтын Орда ханы Жәнібектің тұсында өмір сүрген. Сол Жәнібектің Сыр бойындағы әкімдерінің бірі болған – Мұхаммед Қожабектің тапсыруы бойынша 1353 жылы «Мұхаббат-наме» дастанын жазған.

«Мұхаббат-наме»

Бүгінгі күнге  «Мұхаббат-наме» дастанының екі қолжазба нұсқасы жеткен.  Дастанның екі нұсқасы да қазір Лондонның «Британия» музейінде сақтаулы тұр. Ресей Ғылым академиясының Азия халықтары институты 1952 жылы осы екі қолжазба нұсқасының фото көшірмесін алды. Қол жазбаның бірі – 1432 жылғы ұйғыр әрпімен көшірілген. Демек, «Мұхаббат-наме»  дастаны Хорезми жазғаннан 80 жылдан кейін оны ұйғыр әрпімен қайта көшірген болып шығады. Бұл - дастанның ең көне, алғашқы көшірмелерінің бірі болса керек.

«Мұхаббат-наме» дастанының кіріспесінде ақын: «Мен де ұлы Тәңгірге жалбыранып, «Мұхаббат-намені» даздым» - дейді. Автор сол кездегі әдеби дәстүрді сақтап, алдымен әлемді жаратқан Тәңірге сыйынады, сосын пайғамбарларға мақтау сөз айтады. Содан кейін ғана дастанның жазылу себептеріне тоқталады.

«Мұхаббат-наменің» негізгі бөлімінде жігіттің сүйген қызына деген мөлдір махаббатты жырланады. Жігіт сүйген қызына әсемдік әлемінен теңеу таппай, оны Айға да, Күнге де теңеп, жер бетіндегі сұлулық атаулының ғажайып картинасын жасайды.

Махаббат тек адамзатқа ғана тән ғажайып, асыл қасиет екенін ақын зор шеберлікпен суреттейді:

Екі жарық гауһарды әлем берген,

Махаббат кешінін адамға берген.

 

Көкте берген сұңқарға аққуды,

Толған айдай қылар бір тамшы суды.

 

Оның кемел өңінде мең жаратты,

Бойы менен шашын тең жаратты.

 

Діни мистикалық бағытта жазылған сол кездегі қисса-хикаяттар адамды бұл өмірдің қызығынан безуге шақырып, сүйіспеншіліктің өзін жұмақтың ісі етіп қоятыны мәлім. Мұндай шығармалар «о дүниенің» ләззаты үшін тіршіліктегі іс-әрекеттен, өмір үшін күрестен бас тартуға шақырады. Жұмақтағы хор қыздарын дәріптейді.

Ал «Мұхаббат-наме» дастанында адамның осы өмірдегі адамға деген сүйіспеншілігі зор шабытпен жырланады. Ақын нақты өмірдің қадір-қасиетін жоғары бағалайды. Шығарманың бас қаһарманы өз сүйіктісі үшін ешқандай қауіп-қатерден тайсалмайды.

«Мұхаббат-наме» – сюжеті қызықты, тілі көркем, көріктеу құралдары алуан түрлі, өлең құрылысы шебер жасалған дастан. Ақын Хорезми дастанда жыр жолдарына үстеме мағына беріп, оны ажарландырып жіберу үшін теңеу әдісін көбірек қолданады. Сөйтіп, ол өзі суреттеп отырған белгілі бір заттың яки құбылыстың ерекше белгілерін айқындай әрі ажарлай түседі, сол арқылы  жырдың эстетикалық әсерін еселеп арттырып жібереді.

Бұл дастан ертеректе жазылса да, қазақтың лиро-эпостық жырларымен сарындас, үндес, идеялас, тіпті түр жағынан да ұқсас болып келеді.

Қорыта айтқанда, Хорезми сәтсіз махаббаттың трагедиясын жырлай отырып, өзі өмір сүрген дәуірдің қоғамдық-әлеуметтік мәселелерін сөз етеді.

Алтын Орда дәуірінің ең таңдаулы туындыларының бірі саналатын «Мұхаббат-наме» дастанының әдеби, тілдік, тарихи тұрғыдан маңызы зор. Хорезмидің бұл ғажайып шығармасын танып-білу арқылы біз бүгінгі қазақ әдебиетіндегі поэма жанрының өмірге келу жолдарын, қазіргі қазақ тілінің даму сатыларын, халқымыздың өткендегі әдет-ғұрпын, т.б. тереңірек ұғынатын боламыз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға