Мәңгілік елдің мәңгілік тілі: интеграцияға мемлекеттік тіл қалай төтеп бере алады?
Қазіргі таңда жер жүзіндегі барлық мемлекеттер интеграцияға бейімделуді жөн көріп жүр. Яғни, екі немесе одан да көп мемлекет болып, өзара бір ұйымға (одаққа) бірігіп, шекараларын ашып тастап, бір-біріне деген ықпалын барынша күшейтуде. Олардың негізгі мақсаттары материалдық қажеттіліктер, экономикалық қолайлылықтар болғанымен, кейбір империялы мемлекеттер бұл жағдайды өзінің қитұрқы саясаттарының жүзеге асуына пайдаланып, өзінен әлсіз мемлекеттердің ұлттық құндылықтарын жойып, мәдени басқыншылық жасауды көздеп отырады. Ал, ол басқыншылықтарға қарсы тұратын әлсіз мемлекеттердің көзірі – мемлекеттік тіл.
Бәрімізге белгілі, Қазақстанның мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Әлемдегі сөздік қоры ең бай үш тілдің қатарына кіреді (ағылшын, араб тілдерінен соң). Президентіміз Н.Назарбаев биылғы «Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты жолдауында мәңгілік елдің мемлекеттік тілі туралы: «Қазақ тілі бүгінде ғылым мен білімнің, интернеттің тіліне айналды. Қазақ тілінде білім алатындардың саны жыл өткен сайын көбейіп келеді. Еліміз бойынша мемлекеттік тілді оқытатын 57 орталық жұмыс істейді. Олардан мыңдаған азаматтар қазақ тілін үйреніп шықты, әлі де үйренуде. Былтырғыға қарағанда биыл қазақ тілін білемін деген өзге ұлт өкілдерінің саны 10 %-ға өскен. Бұл да біраз жайттан хабар береді. Тек соңғы 3 жылда мемлекеттік тілді дамытуға республика бойынша 10 миллиард теңге бөлінді. Енді ешкім өзгерте алмайтын бір ақиқат бар. Ана тіліміз Мәңгілік Елімізбен бірге Мәңгілік тіл болды! Оны даудың тақырыбы емес, ұлттың ұйытқысы ете білгеніміз жөн» – дейді. Әрине, қазақ тілі «мемлекеттік тіл» болған соң мемлекетімізге қызмет етумен қатар, Еуразиялық интеграцияға бейімделіп жатқан бүгінгі күнде қазақ мәдениетінің қорғаушысы да бола алуы тиіс.
Еуропалық кеңестің «Негізгі құқықтар хартиясында» Еуроодақтың барлық тілдері «тең» деп жарияланған. Олардың іс жүргізуінде ағылшын тілі басымдыққа ие екені мәлім. Соның өзінде Одаққа біріккен отызға жуық елдің әрбірі қажетті ресми іс-қағаздарды өздерінің мемлекеттік тілдерінде жасайды. Сосын барып қана ағылшын тіліне аударады. Еуродақтың бүгінгі жұмысы әлі күнге дейін осы тәсілде (әрбір ел өздерінің мемлекеттік тілдері арқылы ғана іс-қағаздарын жүргізіп, сосын барып қана ағылшын тіліне аударады) жұмыс жасайды. Бір саяси-экономикалық одақта болса да, Еуропа халқы тиісті құжаттарды өз тілінде жасап, оны сосын барып аударудан бас тартар емес және сол үшін әр салық төлеушісіне жылына бірнеше миллиондаған еуро төлеуге бар. Бұдан Еуроодақтың жұмысы нашарлап, кері кетіп жатқан жоқ. Керісінше, одаққа мүше әрбір елдің құқықтары қатаң сақталатын, дүние жүзіндегі саяси-экономикалық қарым-қатынастағы ең мықты, ең танымал ұйым – «Еуроодақ» болып табылады.
Еуропа елдері, АҚШ, Жапония т.б. дамыған елдер «мемлекеттік тілдің» құдіреттілігінің қандай екенін жақсы түсінеді. Сол үшін бұл мемлекеттердің әрбірі мемлекеттік тілдерінің дамуын бірінші сатыға қояды. Тілі дамымай қалған, сөйлеушілері аз халықта «ұлттық патриотизм» әлсіз болып, ондай елдерді бейбіт түрде, қарсылықсыз жаулап алудың біршама оңай болатыны тарихта талай дәлелденген. Қазақ елінде экономиканың дамуымен бірге мемлекеттік тілді әлемдік деңгейде дамыту мәселесі қатар шешіліп отырса, онда болашақта әлемдік кеңістікте қазақ тіліне деген қызығушылық өсе беретініне ешкім күмән келтіре алмас. Бүгінде президентіміздің мемлекеттік тілге деген ынта-ықыласын есепке алатын болсақ, мемлекеттік тіл тек Қазақстанда ғана емес, әлемдік деңгейде дамитын түрі бар. Біз «тіл – кез келген ұлттың ең әлсіз, сонымен қатар ең қуатты тұсы» екенін мойындауымыз керек.
Жер жүзінде 6661 тіл бар. Француз ғалымдарының есептеп шыққан осы мәлімдемесі жиі айтылады. Ал, шын мәнінде, дүниежүзінде қанша тіл бар дегенді нақты есептеп шығу мүмкін емес. Француз ғалымдарының бұл статистикасынан бұрын әлемде 8,5 мыңдай тіл бар деп есептелген. Әрине, француз ғалымдары соңғы жылдары әлемнің интеграцияға бейімделіп, экономикалық ынтымақтастықтардың тым белең алғандығын есепке алып, көптеген тілдердің жоқ болып кету мысалын да назардан тыс қалдырмаған болуы керек. Екі аптада бір тіл жоғалып жатқан бүгінгі күнде экономикалық интеграцияның көптеген тілдердің жоғалуына себеп болу ықтималдығын да көптеген тілші-ғалымдар жоққа шығармайды. Бұл дегеніміз, біз Еуразиялық интеграцияны құрып жатқан бүгінгі уақытта бизнеспен қатар, мемлекеттік тіліміздің де бәсекеге төтеп бере алу қабілетін шыңдайды.
Еліміздің мемлекеттік тілі – қазақ тілі әлемде сөйлеушілері ең көп 70-тіл. Қазақ тілінің ықпалдылығы бірте-бірте артып келеді. Қазақстан әлемнің ең дамыған елу мемлекетінің қатарына қосылды, енді отыз мемлекеттің қатарына қосылуды мұрат тұтып жатыр. Бұл стратегиялардың барлығы да экономиканы шарықтату мақсатында жасалып жатыр. Ендеше, 70-орында тұрған мемлекеттік тілімізді дәл осындай стратегиялық тұрғыда сөйлеушілері ең көп 50 тілдің қатарына, кейін 30 тілдің қатарына қосуымыз керек. Әрине, орыс, ағылшын тілдерін пайдалана отырып, бәсекеге қабілетті ел бола аламыз. Бұл – оған жетудің негізгі жолы емес, екінші жолы. Негізгі жолы – қазақ тілін «мемлекеттік тіл» ретінде Қазақстанның атынан кез келген елде, кез келген жерде қолдану. Мәселен, Испаниядағы қазақ елшісі испан тілін, Франциядағы қазақ елшісі француз тілін, Қытайдағы қазақ елшісі қытай тілін білетіні тәрізді біздің елдегі өзге елдің елшілері де неге мемлекеттік тілімізді сөйлемеске? Тіпті, Өзбекстандағы қазақ елшісі өзбек тілін білмесе, елшінің ол елде мүлде беделі болмайды. Сол сияқты бүгінгі интеграция заманында «мемлекеттік тілді» көзір ретінде пайдалана алмасақ, дамуымызда береке болмайды.
Шын мәнінде, мемлекеттік тілді дамыту мәселесі жарылудың аз-ақ алдында тұр. Батыс Еуропа елдерінде, әсіресе, АҚШ-тың ықпалындағы елдерде қазақ тілі мәселесі көтеріле бастағанына он шақты жылдың жүзі болды. Олардың алдыңғы қатарында Франция, Германия, Англия тұр. Мәдени дамудың «шыңына шықтық» деп санайтын «кәрі құрлық» тұрғындары өздерінің түп тамыры Орталық Азиямен, әсіресе, қазақтармен байланысы бар екенін мойындай бастады. Еуропалықтардың Азия мәдениетіне деген көзқарасы қайта құру үрдісін бастан кешіп жатыр. Ал, жер жаһанды аузына қаратқан Қытай мемлекеті үшін қазақ тілін оқыту мәселесі тарихи тұрғыдан қалыптасқан. Өйткені, ол елде екі миллионға жуық қазақтар тұрып жатыр. Сондықтан елдің орталық университеттерінде қазақ тілінен дәріс беретін кафедралар біз тәуелсіздік алмай тұрып-ақ ашылған болатын. Әлем қазір қазақ елінің мемлекеттік тілге қатысты жүргізіп отырған саясатын кірпік қақпай қадағалап отыр. Жан-жағымыз, әсіресе, Ресей біздің тіл саясатымызды ұдайы назарға алып отырады. Әлемдік кеңістіктің қазақ тіліне деген көзқарасы түзу. Егер дәл осы қалыппен мемлекеттік тілімізді дамытатын болсақ, аз жылда-ақ әлемдік кеңістіктегі көзқарас қазақ тілінің пайдасына қарай түпкілікті бет бұратын еді. Өйткені, түркі халықтарының ішінде, сонымен қатар әлем тілдерінің ішінде сөйлеушілері ең көп тілдердің бірі түрік тілін «мемлекеттік тіл» еткен Түркияның өзі «қазақ тілінің түркі халықтарының ішіндегі ең таза тіл» екенін мойындайды. Егер біз мемлекеттік тілімізге бұдан да жоғары басымдықтар беріп, оны қолдану мәселесін елімізде ғана емес, әлемдік деңгейде шешсек, еліміздегі барлық халықтарға қажеттілік тудырып, сыртқы саясатымызда, соның ішінде одақтас елдердің тілдерімен қатар қоятын болсақ, қазақ тілі аз жылдың ішінде сөйлеушілері ең көп 50, тіпті 30 елдің қатарына кіруі бек мүмкін. Қазақ тілінің сөздік қоры бойынша әлемдегі он тілдің қатарына кіруі, тілдік байлығы, түркі тілдерінің ішіндегі беделі бұл болжамдарды растай алады.
Экономика мен тіл қатар дамитынын шетелдік ғалымдар бүгінде анықтауда. Мәселен, соңғы жылдары экономика саласындағы әлемдік «Нобельдік сыйлық» экономика заңдылықтарынан жаңалық ашқан ғалымдарға емес, экономикадағы моральдық-психологиялық, социолингвистикалық заңдылықтарға басымдық берген, яғни экономикаға лингвистикалық, психологиялық жағынан келу арқылы жаңалық ашқан ғалымдарға берілуде. Бүгінгі күні экономиканың барлық түйткілдерін макроэкономикалық әдіс-тәсілдер шешеді деген қағидалық көзқарастарды ғалымдар күрт өзгертіп жіберді. Өйткені, ең бірінші, экономиканы жасайтын – ет пен жүректен жаралған адам, оның мінез-құлқы, көңіл-күйі, ұлттық психологиясы. Ал, мінез-құлықты анықтауда, оны зерттеуде жаңадан дамып келе жатқан психолингвистика ғылымының рөлі зор. Ендеше, тілдің экономикаға тікелей қатысы жоқ деген ұстаным ескіргенін мойындау керек. Тіл ұлттың көңіл-күйі болатын болса, осы көңіл-күй арқылы ұлттық экономикаға тікелей әсер ететіні анық. Біз ұлттық экономикамызды мемлекеттік тілді өркендету арқылы ғана дамыта аламыз.
Профессор Асқар Жұмаділдаев: «Швецияда балаларды отаншылдыққа тәрбиелеу үшін сіріңкені көрсетіп: «Мұны жасаған біз! Әне қандай мықтымыз!» – деп, экономикадағы жетістіктерін көрсету арқылы балаларын отаншылдыққа тәрбиелейтінін айтады. Расында, дамыған елдердің басым бөлігі, шын мәнінде, адами құндылықтар арқылы экономиканы емес, экономикалық жетістіктері арқылы адами құндылықтарын қалыптастырып жатыр. Экономикалық қатынастар ұлттық санамен тікелей байланысты болғандықтан, экономикалық бәсекелестік рухани-тілдік бәсекелестікті де тудырады. Экономикасы өнім бермейтін, халқы осы өнімге дейінгі тірліктен де тыс қалған шикізат елдерінде ұлттық сананың қалыптасуы да баяу болатыны ғылымда дәлелденген. Бір кездері президентіміз Н.Назарбаев «Егер, Билл Гейтстің жасағанындай жаңалық ашсаңыздар, онда қазақ тілі бүкіл әлемге танылады» деуінің де негізі бар. Өйткені, біз техникалық және технологиялық жаңалықтар аша білсек, әлем халқын бұл жаңалықтарымызға қызықтыра білсек, олар біздің ол жаңалықты қалай ашқанымызды білу үшін амалсыз қазақ тілін үйренеді.
Ұлттық санаға қызмет ететін ғылым-білімнен бастап, инновациялық өнім жасауға дейінгі барлық үдерістен ажырамаған тіл ғана өнімнің жетілуімен бірге жетіліп, бүгінгі күнде әлем бойлап, сөйлеушілері көп тілге айналады. Бүгінгі дамыған, сөйлеушілері көп тілдер – экономикасы, ғылым-білімі дамыған елдердің тілдері.
Мемлекеттік тілді интеграция арқылы дамытудың тағы бір жолы – урбанизация. Президентіміздің арқасында бұл үрдіс өте тез жүріп жатыр. Бүгінде елімізде халықтың 50 %-ы – қалада, 50 %-ы – ауылдық жерлерде тұрады. Президентіміз алдағы уақытта халықтың 80 %-ы қалада тұратынын айтады. Мұның бәрі экономикалық көрсеткішімізді көтеру үшін жасалып жатқан шаралар. Ал, тілдік жағын ескеретін болсақ, қазақ тілінде сөйлеушілердің басым бөлігі ауылда тұрады. Бүгінде қалаға көшіп жатқандардың баршасы қазақ тілін меңгергендер. Урбанизацияның ықпалы сол, экономикаға да, тілдің дамуына да әсер етеді. Егер қалада қазақ тілінде сөйлейтіндер көбейіп жатса, олар орысша сөйлейтіндерге де ықпал ете алады. Интеграцияның басты ерекшелігі осы. Мұнда бір-біріне әсер ету мүмкіндігі жоғары. Ендеше, президентіміз құрып жатқан Еуразиялық интеграция тұсында мемлекеттік тіліміз қазақ тілін әлемге шығару мүмкіндігін қолдан жібермейік!
Дінмұхаммед Аязбеков