Жаңалықтар

Мәңгілік ел – Қазақстанның қуатты елге айналу бағыты

Мәңгілік ел – Қазақстанның қуатты елге айналу бағыты
30.06.2014 04:27 7510

Конституциямызда айшықталған қағидатқа сәйкес, елбасымыз елдегі жағдай мен Республиканың ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарына байланысты жыл сайын Қазақстан халқына жолдау арнайды. Биылғы Жолдау қаңтардың 17-ісіне дөп келгені белгілі. «Кеңес қылған ел азбас, кеңінен пішкен тон тозбас» дегендей, Елбасымыздың «Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты биылғы Жолдауы елдің еңсесін көтерген, елдік идеяларға толы бірегей стратегиялық тарихи құжат болды. Егер де Елбасы 2013 жылы «Қазақстан – 2050» стратегиясын қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты тұрғысында жарияласа, жаңа Жолдауда дамыған 30 елдің қатарына кіру жоспарын нақтылы шегелей ұсынды. Сонымен қатар, биылғы Жолдаудың ең басты жаңалығы – «Мәңгілік ел» идеясы болды десек қате айтпағандығымыз болар. «Елді іс біріктіреді, сөз бұзады» дейтін дана халқымыз осы Жолдаудан тек халқымызға бірлік пен ауыз біршілік болғанда ғана мемлекетіміздің алар асуы, бағындырар белесінің көп боларын ұқты. Елбасымыз биылғы Жолдауындағы «Мәңгілік ел» идеясымен тапжылмастан телеэкранға зер салып, сүйенер ұлының әрбір сөзін қалт жібермей, мұқият тыңдап отырған туған халқының мерейін тасытып, рухын көтеріп, үлкен  серпіліс жасай білді. «Мәңгілік Ел –жалпы қазақстандық ортақ шаңырағымыздың ұлттық идеясы» деген Елбасымыз бұл ұлы идеяның еліміздің ең басты тірек күші боларын тілге тиек етті. Сонымен қатар, өз Жолдауында «Мәңгілік Ел ата-бабамыздың сан мыңдаған жылдар бойғы асыл арманы екені баршамызға белгілі. Ол арман – әлем елдерімен терезесі тең, әлем қатынасынан ойып тұрып орын алатын Тәуелсіз мемлекет атану еді,  ол арман  тұрмысы бақуытты, түтіні түзу ұшқан, ұрпағы ертеңіне сеніммен қарайтын бақытты ел болу еді. Біз бұл армандарды ақиқатқа айналдырдық. Мәңгілік Елдің іргесін қаладық. Мен қоғамда «қазақ елінің ұлттық идеясы қандай болуы керек» деген сауалдың жиі талқыланатынын естіп жүрмін. Біз үшін болашағымызға бағдар ететін, ұлтты ұйыстыра ұлы мақсаттарға жетелейтін идея бар. Ол – Мәңгілік Ел идеясы. Тәуелсіздік арқасында халқымыз мәңгілік мұраттарға қол жеткізді, еліміздің жүрегі елорда тұрғызылды. Қазақтың мәңгілік ғұмыры ұрпақтың мәңгілік болашағын баянды етуге арналады. Ендігі ұрпақ Мәңгілік Қазақтың перзенті. Ендеше Қазақ Елінің ұлттық идеясы  Мәңгілік ел» – деді Президент.  Иә, мәңгілік ел – ата-бабаларымыздың ықылым ғасырлардан бергі асыл арманы екені белгілі. Болашағымызға айқын бағыт-бағдар беретін де, ұлтымызды ұжымшылдыққа ұйыстыратын да, межелі ұлы мақсаттарға жетелейтін де осы «мәңгілік ел»  идеясы екені анық. Президент «мәңгілік ел» ұғымын ұлтымыздың ұлы бағдары «Қазақстан-2050» стратегиясының түп қазығы етіп алынғанын алға тартты. 

Қазақта «мәңгі бақи» деген ұғым барын білеміз. Бұл ұғым ұзақ ғұмырды, үлкен болашақты, сондай-ақ тұрақтылықты меңзейтін алып түсінік болып табылады. Егер қазақ халқы бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, жұмылған жұдырықтай бірлік пен ауызбіршілікте ұйысатын болса сөзсіз еліміз ары қарай дами бермек. Сондықтан, Елбасымыздың «Мәңгілік ел» идеясын  болашаққа жол сілтейтін тарихи идеология ретінде қабылдаған жөн деп білемін. Елбасының осы идеяға байланысты айтқанына құлақ түретін болсақ, бұл стратегиялық жоспардың басты мақсаты – қазақ ұлтын, жалпы қазақстандықтардың басын біріктіру, өмір сүру салтын әлемдік деңгейде жоғарылатып, болашақ ұрпақтың бақытты ғұмыр кешуіне алғы шарт жасау болып табылады.

Кез келген халықтың жаны – ана тілінде екені хақ. Ана тіліміз – рухани тірегіміз екенін ешқашан естен шығармаған Елбасымыз, Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауында айтылған негізгі түйінді мәселенің бірі – қазақ тілі турасында өрбіді. Мемлекеттік тілді меңгеру мен оны оқытудың нәтижесін тілге тиек еткен Президентіміз, қазіргі жағдайдың көңілге қонымды екенін мысалға алды. «Қазақ тілі – ғылым мен білімнің, ғаламтордың тіліне айналды. Қазір  мемлекеттік тілде білім алатындардың саны көбеюде. Қазақстанда тілді оқытатын 57 арнайы орталық жұмыс істейді. Онда мыңдаған азаматтар қазақ тілін үйреніп шықты және әрі қарай үйрене береді» –  деп Президент келтірген дерек бойынша, былтырғымен салыстырғанда тілін білуге талпынғандардың саны 10 пайызға өсіпті. Бұл өте жақсы жетістік деді Елбасы. Сонымен қатар тілге жыл сайын бөлінетін қаржы да өте қомақты деп айта келе: «Енді ешкім өзгерте алмайтын бір ақиқат бар. Ана тіліміз Мәңгілік Елімізбен бірге Мәңгілік тіл болды. Оны даудың тақырыбы емес, ұлттың ұйытқысы ете білгеніміз жөн. Біздің тіліміз мемлекеттің барлық жүйесінде қолданылуы керек. Ол үшін бәріміз ат салысып, өзімізді өзіміз қамшылауымыз керек», – деуі қазақ тілінің болашағы кемел екендігінен хабар береді және бұл Мәңгілік елімізбен бірге мәңгілік жасай беретінін аңғартады. Бұл өз кезегінде, әрине, елінің әр ұланының кеудесін қуанышқа толтырады. Биылғы Жолдаудағы бұл түйінді тұжырым – ұлт ұрпағына зор қуат берер қағида болды.

            Президентіміздің биылғы Қазақстан халқына Жолдауы – сан тарау салиқалы пайымдармен өрілген, елімізді өркениет өресіне өркендете өсірген, ең бастысы, Қазақстан халқына ерекше толғаныс, қозғалыс, серпіліс бере білген ерен құжат болды. Ендігі айтпағымыз, қашан да мақсатымыз айқын, мүддеміз бірегей, болашағымыз баянды бола бергей! Президентіміздің пікірінше, біз егерде қай жерге баратынымызды, шығар асуымыз бен межемізді білмесек, онда бүгінгінің де мәселесін дұрыс шеше алуымыз екіталай. Сондықтан да бізге тиімді бағдарлама қажет. Айта кететіні, мұндай ұзақ мерзімдік бағдарламамен жұмыс істеп отырған тек Қазақстан ғана емес. Осы ойға байланысты Елбасының «мәңгілік ел» идеясы баршамызды бір мақсатқа, ортақ мүддеге жұмылдыратын ұранға айналуы тиіс. Осыдан әрқайсымыз ой түйіп, Тұңғыш Президентіміз айтқандай қазақ елінің, қазақ тілінің мәңгілік болуына аянбай еңбек етуіміз керек.

           

Дінмұхаммед Аязбеков

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға