Мәңгілік ел- тарихтан
Біздің тарих сапар шекті жолдарға,
Ұлылыққа бастап барар жол барда.
Қазақ- кеше, бүгін, ертең сол қазақ,
Тілім, дінім құрымайды ол бар да.
Тарихым да жоғалмайды сеніңдер,
Қуаныш пен қасірет бар көріңдер.
Мен бабамды тарихымен танытам,
Жаратушым жүрегіме сенім бер.
Ақырзаман орнағанда кемді күн,
Көшпелілер көксегенде елдігін.
Жәнібегім жамап жұрттың жыртығын,
Хан Керейім қымтамап па еді кемтігін.
Шың басына шықпасақ та тұғырдың,
Теңдік үшін жеңдік кейде жығылдық.
Қазақ есін жимап па еді қайтадан,
Рухын сілкіп оятқанда, Бұрындық.
Патшалықтың домалайды тасы алдан,
Соқырлық-ай шаш ал десе бас алған.
Түркілерді болмаған деп тарихта,
Таңба бар ма тасқа ойып қашалған.
Тағдыр лебі жетелесе кімді алға
Көші ілгері төтеп берді сындарға…
Текті қазақ жоғалмайды, кешегі -
Түркі бабам мекен еткен шың бар да.
Өң бойына сыйдырған өр ептілік,
Тілімен де жіберетін тек тіліп?
Қазақ жаудың басын бұрған қарусыз,
Кім айтады мұнда жоқ деп тектілік.
Дұшпан оғын Баба рухпен тойтарам,
Шындық десе, шындықты да айт оған.
Таққа табан тірегенде хан Қасым,
Қазақ –«Қасқа жол» тапты деп қайтадан.
Еркіндіктің әне кейпін кейді аспан,
Қазақтай кім аға, іні боп сыйласқан ?
Жер жәннаты – Жетісу деп жан берген,
Тайыр ханның інісі ғой Бұйдаш хан.
Көшпелі жұрт ұласқанда көшке еріп,
Қанды дала, жатқан шақта ес кеміп,
Жан ұшырып қашпап па еді қу дұшпан,
Хақ-Назардың қақарынан сескеніп.
Қасіретсіз өткен тартыс тартыс па,
Тақ пен рухты тиек еттім тар тұста.
Сексенінде ел билесе Шығайым,
Тәуекелім тарлан еді тартыста…
Жайлауында шертер мұңын күйменен,
Қазақ ғұмыр кешпейді енді күйбелең.
Кім айтады көшпеліні қашқын деп,
Көшпелідей ешкім жерін сүймеген.
Есімханның ескі жолын қарсы алып,
Жәнібек пен Жәңгірім деп жар салып.
Хан Тәукені ұлықтаған жұртым бар,
Болат хан мен дауға шапқан жаушы алып.
Ел үшін деп еміреніп есті адам,
Исатайдай ерін қисса кеш бабам.
Ақын десе батырымды еске алам,
Батыр десе Махамбетті еске алам.
Тажал дәуір төңдірсе де қара аспан,
Текті елімнің – ынтымағы жарасқан.
Үш жүзімнің басын қосқан Абылай,
Бұқар сөзін тиек еткен дара асқақ.
Даңқтыққа берсем шіркін алып мән,
Заманада алып озған алыптан.
Әйтеке би, Қазбек би, Төле би,
Тамыры бір -қазақ дейтін халықтан.
Тамырымыз таралған соң түркіден
Көк ту астын мекен еткен жұртымен.
Хан Кененің ұрпағы едік біз деген,
Қақарынан қырандар да үркіген.
Замана-ай… Әлді әлсізбен алысқан…
Арыстаннан туады екен арыстан…
Ыбырай мен Абай мәңгі тағылым,
Шәкәрім шер, Шоқан шыншыл данышпан…
Шерлі тарих шерін ішкен азаптың,
Шежіресі таусылмайтын ғажап күн.
Ілияс, Мағжан, Сәкен салған сара жол,
Басына бақ орнаған шақ қазақтың
Жоғалтпады жетім дала, жер несін,
Жасыруға тиісті екен ел несін.
Әлиям мен Мәншүгім бар тағы да,
Жау оғына тосқан қайсар кеудесін.
Сай сүйекті сырқыратар зобалаң,
Зобалаңды есіме алсам тоңалам.
Тамырымнан басқанда қас қанымның,
Әділдік деп құрмап па еді топ алаң.
Жаға жыртар, жау етектен шалса да,
Қарсыласын жайпап өткен қаншама.
Бауыржандай ұлы бар ма өзгенің,
Қазақ рухын асқақтатқан баршаға.
Тасасында тұншығамын ойлардың,
Қара бұлтты төбемізден жойған кім
Тәуелсіздік туын көкке тіреген,
Қайраты бар текті әкеден айналдым.
Дәуір мұңы алмас қылыш алдаспан,
Алмасқанда арлы қазақ зар басқан.
Көк бөрінің көкжалдары көксеген,
Мәңгілікке қанат қақты талмастан.
Қилы жолда бола алар кім тосқауыл,
Қазақ рухы құдіретті күш дауыл,
Себебі біз текті түрік ұрпағы,
Құшақ жайсаң қыла алатын дос бауыр.
Мәңгілік ел жасай берер,мәңгілік,
Нұрлы орда да Нұрсұлтаным заң құрып.
Алақанын тақап жүрек тұсына,
Ән ұранын шырқайды екен ән қылып.
Көк туымыз желбірейді көкке асқан,
Сан мың түрлі от шашулар от шашқан.
Теңдесі жоқ салтанатты ортада,
Қарулы әскер сап түзейді топтасқан.
Жайлауында шертер мұңын күйменен,
Қазақ ғұмыр кешпейді енді күйбелең.
Жер,анамның төсін сүйіп келген ем,
Мәңгі қазақ азат деген күйде өлем.
Нұрболат Досжан
ҚазҰУ университеті журналистика факультеті
3-курс
Материал qamshy.kz сайтынан алынды.