Мүгедектікті ерте анықтау және төмендету мақсатында скрининг жүргізіледі
Бұл туралы Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі мәлімдеді
Мүгедектік проблемалары медициналық, әлеуметтік және кәсіптік салаларға әсер ететін ведомствоаралық сипатқа ие. Мүгедек адамдардың саны созылмалы ауруларға және халықтың қартаюына байланысты өсуде, – деп хабарлайды El.kz. Бұл туралы Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі мәлімдеді.
2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша мүгедектердің жалпы саны 700 мыңға жуық адамды (696 825 адам), оның ішінде 18 жасқа дейінгі балалар – 98,2 мың адамды құрайтыны атап өтілген болатын.
– Аурулар салдарынан болатын жалпы мүгедектік құрылымында бірінші орында 18% психикалық аурулар, 15% жүрек қан айналым жүйесі ауруларынан және 12% барлық әртүрлі жарақаттан болған мүгедектік жағдайлары орын алып отыр. Балалар арасындағы алғашқы мүгедектіктің 31% - бұл туа біткен даму ақаулары, деформациялар және хромосомалық ауытқулар, 22% - нерв жүйесінің аурулары, 17% - психикалық бұзылулар және мінез-құлықтық бұзылулар. 2021 жылы алғаш рет 13 131 балаға мүгедектік белгіленген, – деді Денсаулық сақтау министрі.
Аурулардың профилактикасы, мүгедектікті ерте анықтау және оны төмендету мақсатында жыл сайын алғашқы медициналық-санитариялық көмек деңгейінде ересек тұрғындар мен балалардың нысаналы тобына скрининг жүргізіледі.
– Ересек адамдар арасында жүрек-қантамыр жүйесі, қант диабеті, глаукома және онкопатология (жатыр мойны обыры, сүт безі обыры және колоректальды қатерлі ісік) ауруларын ерте анықтауға тексеріледі. 2021 жылдың қорытындысы бойынша скринингпен 12,2 млн.адам (89%) қамтылды. Скрининг кезінде анықталған аурулардың 49%- ы динамикалық бақылауға алынды,– деді Ажар Ғиният.
