М. Әуезов А. Байтұрсынұлы туралы
Ахаңның Қостанайдан кетуіндегі себептерінің көбі бізге белгісіз. Кетуінің бір себебі, қазақтың басқа жерлердегі халжайын көріп-білу болса керек. Омбыға барып, Алекторовпен көрісуі – Ахаңның кейінгі күндегі адамшылығы мен ісіне екі түрлі əсер берген. Біреуі, Алекторовтың қазақ турасындағы отаршылдық саясатының басын біліп, көздеп жүрген мақсұтын сезген болар. Атақты Ильминскийдің жолымен қазақтың көзін ашу үшін осы оқу керек деген саясатты тұтынып жүргендігін сөздерімен білдірген Алекторовтың ниетімен жақын келіп танысқан соң, Ахмет қазақ халқының жағдайының ауырлығын ұғып, ел турасындағы түкпірлі ойы сол кезде ояна бастаған.
Алекторовпен танысудың екінші əсері – Ахаңның жолы ашылып, пікірі ашылып, бұрынғы білім-өнер жүзіндегі шала білініп, көмескілеу түсініп жүрген нəрселерін таза білуіне себеп болған. Омбыдан соң аз уақыт тұрған жері – Қарқаралы. Онда 1896 жылдан бастап 1907 жылға шейін тұрған. Қарқаралыда əуелде сыныптық орыс-қазақ школында болып, артынан городское училищенің оқытушысы болған.
Қарқаралыда тұрғандағы соңғы 4 жыл Ахаңның саясат ісіне белсеніп кірісіп, жазуымен де, ісімен де бой көрсеткен кезі. Сол мезгілде 1905 жылдың өзгерісі болған. Қазақтың Мəскеуден келген бірен-сараң студенті, басқа қалаларда оқып жүрген жастары һəм ескіліктен келе жатқан пікірі түзу үлкендерінің арасына өзгеріс рухы жайылып, қазақтың елдігін сөйлей бастаған кездері сол мезгілі болатын.
1905 жылы Қарқаралыда Ахаңмен басқа біраз оқығандар бас қосып, кіндік үкіметке қазақ халқының атынан петиция (арыз-тілек) жіберген, ол петициядағы аталған үлкен сөздері – бірінші, жер мəселесі. Қазақтың жерін алуды тоқтатып, переселендерді жібермеуді сұраған, екінші, қазақ жұртына земство беруді сұраған, үшінші, отаршылардың орыс қылмақ саясатынан құтылу үшін ол күннің құралы барлық мұсылман жұртының қосылуында болғандықтан қазақ жұртын муфтиге қаратуды сұраған. Петициядағы тілек қылған ірі мəселелер осы. Ол күндегі ой ойлаған қазақ баласының дертті мəселесі осылар болғандықтан Ахаңдар бастаған іске қыр қазағының ішінде тілеулес кісілер көп шыққан. Көпшіліктің оянуына себепші болған. Сол жылдардан кейін бас қосқан жиында, жазысқан хатта, оңашада болған əңгімеде ел қамы, ел мұңы деген сөздер Ахаңның аузынан кетпейтін сөзі болған. Елшілдік ұранын салып, агитацияның ауданын кеңейтіп, ел ішіне арманды сөздерін жая бастаған. Сол жылдардың ішінде белгілі «Қырық мысал» жазылған. Қалың қазақ жұртының алғашқы естіген төңкеріс рухындағы сөзі «Қырық мысал» болатын. Бұдан кейін Ахаңның атағы жайылып, елдің шын қамқоры екендігі екінің біріне мəлім бола бастаған. Бірақ сол кезде төңкерістің күні бітіп, патшаның жауыз үкіметі қайта күшейіп, елшілдерге қуғын жасап, қысымшылық жасайтын қанды күндері қайта туған. Қазақ ішінен ежелден елді ұмытып, адамшылық қарызын шенді-шекпенге сатқан құзғын сияқты тілмаштары, өзімшіл надан болыстары бірен-сарандап бас көтерген. Қараңғы үйді бинəт қылған «сабаздарға» жем айыратын жер табылған. Олар
«Қырық мысалдың» өлеңдерін перевод қылып, 1905 жылдағы петиция берген адамның бəрінің атын жиып, үстінен белгілі до ностарын жүргізе бастаған. Бұлардың бейнеті көпке созылмай- ақ, аз күнде еңбегі жанған. Қазақтың өзгеріс уақытында түзелуді ойлап, тура бетпен жүрген азаматтарының бəрі де үкіметтің қырын қабағына ілініп, абақтыға түсе бастаған.