Жаңалықтар

Ұлытауда айтылған салмақты ойлар

Елбасы қазақ үшін қасиетті саналатын Ұлытау жерінде мемлекетіміздегі ең маңызды қоғамдық тақырыптар төңірегінде сұхбат берді. ҚР Президентінің сұхбат кезінде айтқан қанатты сөздерін жинақтап, жүйелі түрде оқырман назарына ұсынамыз.
10.10.2014 03:47 6138

Елбасы қазақ үшін қасиетті саналатын Ұлытау жерінде мемлекетіміздегі ең маңызды қоғамдық тақырыптар төңірегінде сұхбат берді. Сұхбат барысында айтылған сөздер мен ойлар – әрбір қазақ үшін азық болардай мазмұнды, әрі терең мағыналы. Осы себепті ҚР Президентінің сұхбат кезінде айтқан қанатты сөздерін жинақтап, жүйелі түрде оқырман назарына ұсынамыз.

Ұлытауда айтылған салмақты ойлар

Елбасының Ұлытауға, қазақ жері мен тарихына қатысты сөздері

«Ұлытау – өте қасиетті жер. Бұл жер - Қазақ жұртының арғы түбі саналатын ғұндардың, көк түріктердің, Алтын Орданың орталығы болған жер. Ұлытау - Қазақстанның кіндік ортасы.»

«Қазақтың ен даласының қай шетіне барсаң да, қасиетті жерлер табылады. Шығысқа барсаң – Берел қорғаны бар, Орталыққа келсең – қалмақтармен соғысқан Аңырақай шайқасы өткен жер бар. Батысқа барсаң – Алтын Орданың хандары тұрған Сарайшық сияқты қасиетті мекен бар, Оңтүстікке барсаң – Түркістан тұр.»

«Біз кеше ғана пайда бола қалған халық емеспіз. Біздің елдігіміз, қазақ жұртының арғы түбі ғұндардан басталады. Ғұндардан кейін көк түріктерге жалғасады. Одан кейін Алтын Орда орнығады. Сөйтіп, хандық дәуірге ұласып, кейін біртіндеп Тәуелсіздікке келіп тіреледі. Осындай үлкен тарихымыз бар. Жастарымыз мұны білуі керек.»

«Тарихын білмеген ұлттың болашағы да бұлыңғыр. Мысалы, керемет үлкен еменнің тамыры терең болмаса, ол дауылға шыдап тұра алмайды.»

Елбасының дінімізге қатысты айтқан сөздері

«Қазақ ешқашан дінінен айрылып көрген емес.»

«Біздің дініміз ғана дұрыс екен деп жүрген басқа елдердің жағдайы мүшкіл болды.»

«Дінге бас ұрып жүріп, біз оның теріс жағына түсіп кетпеуіміз керек. Бізге зиян келтіретін дін ағымдары бар.»

«Дінді шынайы имандылыққа жақындатып, оның жақсы жағын алуымыз керек.»

«Құранның қасиетті үкімдерін орындау үшін кемтарларға көмектесу, бір-бірімізге жанымыз ашу, бауырмал болу, үлкенді сыйлау, баланы тәрбиелеп өсіру, Отанды, елді қорғау, бірлікке шақыру арқылы дінді өркендеткен жөн.»

«Осы күні қалтасында ақшасы болса, ұшаққа отырып, қажылық жасап қайтатындар көбейді. Заманның ағымына байланысты ол да дұрыс шығар. Бірақ қажылықтың қасиеті басқада.»

«Дінге бас иетіндер шын жүрекпен, әділеттілік үшін, имандылық үшін барса деп ойлаймын.»

Елбасының тілге қатысты айтқан сөздері

«Біз тілімізді құрметтей білуіміз керек. Қазақ тілінде сөйлеме деп отырған бір адам жоқ. Өзіміз қазақша сөйлеуіміз керек.»

«Мен қазақтың тілін ғана білемін, басқасы құрысын деп жүргендер не орыс тілін жөнді білмейтін адам, не ағылшын тілін мүлде білмейтін адам. Оқуға мойынсұнбайды, сөйлегісі келмейді.» 

«Пианино» халықаралық термин, ал біз оны «күйсандық» деп аудардық. Сандық пен күйдің арасына пианиноны қосуға бола ма? Ешқандай жанаспайды.»

«Ағылшын тілін дүние жүзі халқының 70 пайызы қолданады. Неге оны қолданады? Ол – ғылым мен білімнің, ақпарат құралдарының, интернеттің, медицина мен мәдениеттің тілі. Ағылшын тілін білмей-ақ өмір сүреміз деуге болады. Әрине, болады! Бірақ онда ағылшын тілі арқылы тарап жатқан ілімді білмейсің. Оны білмесең, өркендеп өсуіңе жол ашпайсың, болашағыңа балта шабасың.» 

Елбасының Еуразиялық экономикалық одаққа қатысты айтқан сөздері

«Қазақстан құрлықтың дәл ортасында орналасқан. Теңізге шығатын жолымыз жоқ. Біздің «теңізіміз» – Ресей территориясы. Біздің «теңізіміз» – Қытай территориясы. Осы екі мемлекетті теңіз деп санасақ, біз солардың жағасында тұрмыз.» 

«17 миллион халықты қамтамасыз етіп болғаннан кейін ары қарай қалай өсеміз? Егер біздің шығарған тауарларымызды біреу сатып алмаса, ол қоймада тұрып қалады. Ол сатылмағаннан кейін зауыт тоқтайды. Зауытта істейтін жұмысшының бәрі жұмыстан босайды.»

«Экономикалық одақ - саяси емес, экономикалық одақ.» 

«Біреулер «Ресей бізді қайтадан басып алатын болды» деп қорқақтайды. Олай емес. Үш Президент мәселе қараған кезде, біреуі қарсы болса, ешқандай шешім қабылданбайды.»

«Егер күмән болса, мемлекеттен «неге бұлай?» деп жауап алған жөн. Беталды сөйлеп, қойдың құмалағымен бал ашып отырған адамның сөзін айтпау керек.»

Елбасының ұлт болашағына қатысты сөздері

«Біз ешбір елге тиісіп көрген халық емеспіз. Ешбір елге жау емеспіз. Дегенмен қандай жағдайда да өз қауіпсіздігімізді ойлап, Қарулы Күштерімізді сайлап, іші-сыртымызды, етек-жеңімізді жиып, сақ отыруымыз керек.»

«Қазақтың бірлігі – мына көпұлтты халықтың бірлігі.»

«Менің арманым, ойым – Қазақстанның мәңгілік болуы.»

Фото akorda.kz

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға