Жаңалықтар

Ұлытау төріндегі ұлағатты сөз!

Елбасының бұл сапарын биыл Ұлытау ауданының 75 жылдық торқалы тойы қарсаңында орын алуын Ұлытау жерінің өркендеуіне апаратын ізгі нышанның белгісі санаймын.
29.09.2014 09:27 7335

Елбасының бұл сапарын биыл Ұлытау ауданының 75 жылдық торқалы тойы қарсаңында орын алуын Ұлытау жерінің өркендеуіне апаратын ізгі нышанның белгісі санаймын. 

Ұлытау төріндегі ұлағатты сөз!

Жалпы, Елбасының Ұлытаудың бөктеріндегі аққайыңды сұлу табиғат аясындағы сұхбатын Орталық теледидардан тамашалаған барлық Қазақстан халқы бір кең тыныс алғандай болды. Президенттің көңіл түкпіріндегі ойларымен осылайша ағынан жарылып бөлісуі республика деңгейіндегі қамы зор тіршілікте  күнделікті реті келе бермейтін іс екендігі түсінікті.  

Әрине, іссапардың негізгі мақсаты – «Жезқазған – Бейнеу» және «Арқалық – Шұбаркөл» темір жол тармағының ашылуы. Бұл – соңғы кезде облыс орталығы Қарағандыға көшіп, берекесі қаша бастаған Жезқазған өлкесі үшін – болашағына зор үміт отын жағып отырған, үлкен істің бастауы, сондықтан Президенттің өзі ол үшін облысқа арнайы ат басын тіреді. Кеңес үкіметі тұсынан бастап кен өндіруге машықтанған Жезқазған аймағында бүгінгі таңда кен қорының азаюына байланысты кәсіпорындар бұрынғы қуатымен жұмыс істей алмағандығы салдарынан жұмыссыздық орын алып, жастар жағы жақсы өмір нышанын іздеп Астана, Қарағанды, т.б. үлкен қалаларға қарай ағылуы, өлкенің экономикалық әлеуетінің нашарлауы орын ала бастағаны рас. Сондықтан, осы темір жол тармағының ашылуы жуырдағы болашақта жерлестерім үшін ырыс-береке, жұмыс орындарын әкеліп, өлкеміздің өркендеуі жолында септігін тигізуіне үмітім зор. 

Елбасы осы келелі сұхбатының ба­рысында тарих қойнауынан сыр шер­­тіп, Ұлытаудың қасиетін баса айт­ты. Ұлытаудың биігі – Әулие ата­ның етегіндегі мөлдір бұлақтың қа­сында Елбасының  тебіренген сөзін ес­ту Ұлытау бұлағының тастай суын құмарлана ішіп, кәусар ауасын кө­кірегін кере жұтып, майда көк май­сасына аунап-қунап өскен әр ел аза­матының көңілін шымырлатқаны рас. 

Әңгімесінде Елбасы еліміздің салт-дәстүрін көңілге қонымды тілмен тиек етті. Ұлытау жері еліміздің астанасы ретінде ұсынылған кезінде, Елбасының қазақтың басы біріккен осы қасиетті мекенге өзі келіп, көзімен көргендігін – Ұлытаудың рухы алдында бас игендігі деп бағалаймын.  

Дін мәселесіне келгенде, зиянды ағымдардан аулақ болып, қасиетті Құран кітабы уағыздайтын мәңгі-бақи жақсылық жасау секілді үкімдерін орындауға ұмтылу қажет екендігін айтып, ал қазіргі таңда белең алып отырған қалтасы қалың азаматтардың ұшаққа міне салып, қажылыққа барсам болды, жаппай діндәр болып шыға келемін деуін Елбасының өз сөзімен әшкерелегені жөн болды. 

Тіл мәселесінде де жеделдік жасап, Украинаның кебін киіп жүрмейік деген орынды уәждер айтылды. Қазақ тілімен қатар орыс, ағылшын тілін қалыс қалдырмасақ қана өркениеттің көшіне ілесеміз деген Елбасының ойы айқын шықты. Елімізге тоқсан тағдыр торабымен келіп, көп жылдар бойы сіңісіп кеткен басқа ұлт өкілдерінің де мүддесі ескерілетін, береке-бірлік саясатын ұстану арқылы Қазақстанның өркендеу жолына түскендігі айқын. Осы орайда орыс тілін елімізді мекендеген сан алуан ұлттар арасындағы қарым-қатынас пен бірлікті қолдау құралы десек, ал ағылшын тілі – бүгінгі таңдағы әлем бойынша алдыңғы шептегі білім-ғылым көздеріне қол жеткізу құралы. Ал қазақ тілін қастерлеп, ұлтымыздың жасампаздығын ғасырдан-ғасырға жеткізетін, «Ұлттың ұлы құралы» дейміз, осы орайда Елбасының өзі ұсынған «Мәңгілік ел» идеясының басты құраушысы ретінде танимыз.

Бұл тақырыптың өзіме етене жақындығы сонау Кеңес заманынан басталған. Себебі мен сол кезеңде «ұлтшыл» деген айып тағылған аз жанның бірімін.  Біздің тағамтану институтында қазақтың дәстүрлі тағамдары: қымыз бен шұбатты ғылыми тұрғыдан зерттеп, дәріптегенім үшін қатал биліктің қаһарына әбден іліктім. Ақтөбе медициналық институтында ректор болған тұсымда қазақ студенттері мен ұстаздарының санын көбейтуге жан-тәніммен ат салысқандығым үшін сол кездегі жергілікті биліктің берген анықтамасын келтірсем: «махровый националист» болдым. 

Кейін  ҚазССР денсаулық сақтау министрі қызметінен кеткен, онымен қоса Алматыдан кетуге мәжбүр болған шағымда, Мәскеуде еңбек еткен жылдарымда да осы тіл мәселесі жөнінде көп теперіш көрген едім. Ал қазіргі таңдағы тәуелсіздігіміздің жиырма жылдығына қол жеткізген шақта туған тіліміз үшін «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заман секілді ғой, сондықтан, қазір тіліміздің жалған патриоттары да көбейе түскен. Меніңше, Елбасы тіл мәселесі төңірегінде «жалған жанашырлыққа» қарсы, «арық сөйлеп, семіз шық» деген халқымыздың ұстанымын басшылыққа алып, сөзден гөрі іске мән беретіндей. 

Бөгде тілден енгізілетін термин мәселесіне келсек, бұл көктемгі жұқа мұздың үстімен жүргендей нәзік іс қой. Оларды аударуда байыптылық пен осы саланың мамандарының мұқият еңбегі қажет, кейбір түсінуі немесе айтылуы қиын терминдердің аударылуы абзал, ал айтылуы оңай, бұрыннан жаппай қолданысқа енген түрлерін аударудың қажеті жоқ болар. Бұл мәселе үшін  арнайы құрылған Терминологиялық Ко­ми­теттің жұмысы баспасөзде, те­ле­ди­дарда кең талқылануы шарт деген ойдамын. Ал әзірге оның жұмысы туралы халық арасында кең ақпарат тарату жоқтың қасы болып отыр.

  Бүгінгі таңда Еуразиялық экономикалық одақтың орнауы көпшілік көңіліне түйткіл орнатқан тақырып. Осы жайлы тәуелсіздігімізден айырылып қаламыз деген үрейдің қисынсыздығы айтылып, нақты дәлелдер келтірілді. Одаққа кіретін үш елдің пайдасы да ескерілетіндігі, мысалы, геополитикалық тұрғыдан алғандағы «теңізге шығу» секілді егемен еліміз үшін басты күрделі мәселенің оңтайлы шешілетіндігі, осыған орай түрлі салық түрлерінің азаятындығы көңілге аса қонымды жайттар. Тәуелсіздік туын желбіреткеннен бастап осы күнге дейін Қазақстан секілді алып кеменің дұрыс бағытын таңдай білген Елбасының саясаткерлік көрегендігіне күмәнім жоқ. Жалпы, өзара алып-береріміз мол, көршілесіміз Ресей елімен арамыздағы бітім-бірліктің ғасырлар бойы маңызы зор болып келеді. 

Еліміздегі соңғы кезде орын алған үкіметті басқару аппаратының оңтайландырылуы жайында оң пікірімді айтқым келеді. Осы орайда тағайындалған бірқатар тұлғаларға сенімімді айтып, ықыласымды жолдадым. Елбасының осыған байланысты көрегендік тәрбиесі – кезінде өзі ынташысы болған «Болашақ» бағдарламасы түлектерінің бүгінде еліміздің экономикалық-қаржылық-құқықтық салаларын заманауи тұрғыдан басқара алатын мамандар ретінде еркешеленуінен көрініс табуда. 

«Елу жылда ел жаңа», «Көш жүре түзелер» дегендей, жаһандану үрдісіне ұшыраған өзгермелі-құбылмалы заман ағысына сай елімізді алда күтіп тұрған сан алуан белестердің мазмұны да өзгеше болатындығы анық. Бірақ лайым, пейілі кең, ақжарқын халқымыздың тағдыры да оң болар деген үміттемін, осы орайда «Мәңгілік ел» идеясының орындалуы баршамыздың көңіліміздің түкпіріндегі ой-арман, оның жолында тер төгіп, қажырлы, адал еңбек ету – әр азаматтың ұлт алдындағы парызы демекпін.

Ұлытаудағы кездесу ҚР Президентінің сұхбатының бейне нұсқасын мына жерден көре аласыздар!

Авторы – Төреғали Тәшенов

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға