Жаңалықтар

Ұлытау ─ мекендердің төресі

Қазақ даласының нақ ортасы, мекендердің төресі саналатын Ұлытауда бұдан бірнеше ғасыр бұрын қазақтың тағдырын шешуді мойнына аманаттаған абыз бен аңыз тұлғалар бас қосып, әйгілі үш бидің басын біріктіре отырып, үш жүздің «жүгін» таразылаған еді.
23.10.2014 07:28 7525

Ұлытау ─ мекендердің төресі

Қазақ даласының нақ ортасы, мекендердің төресі саналатын Ұлытауда бұдан бірнеше ғасыр бұрын қазақтың тағдырын шешуді мойнына аманаттаған абыз бен аңыз тұлғалар бас қосып, әйгілі үш бидің басын біріктіре отырып, үш жүздің «жүгін» таразылаған еді. Дәл осы Ұлытауда қазақ өзінің атқамінерлерін жинап алып, ел болашағының жарқын болуына әсер ететін қазақ қолын бір мақсаттың қамы үшін бір арнаға  тоғыстырды. Әсерлі тарихи көрініс, әсерлі тарихи мекен, әсерлі тарих. Оның әсерлілігі сонда, жан-жақтан қысым көріп, жау озбырлығынан аямай теперіш көрген қазақ сонда «бөлінгенді бөрі жейтінін» шындап түсінген.

«Алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді» дейтін қазақ өз болашағын бірлік арқылы ғана жарқын ете алатынын білген-ау. Бүкіл қазақтың игі жақсыларын өз топырағына жиып алып ұғындырған Ұлытау топырағы келер ұрпақ үшін сол күннен бастап-ақ қасиетті саналып кетті. Ұлытаудың ерекше мекен екенін жақында ғана өткен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлытау төріндегі сұхбаты» дәлелдеп бергендей болды. Бұл жолы да дәл сол тарихи жиындағы секілді қазақ болашағы сөз болды. Көкбөріден тарадық дейтін қазақтың тағдыры бұл жолы да өзінің киелі мәнінен айрылған жоқ. Тарих, тәуелсіздік, тіл, дін мәселелерінің қазаққа қатысты тұстары бұл жолы да қатаң талқылаудың елегінен өтті. Бүгін мен қасиетті саналатын осы бір мекен туралы сыр шерткім келіп отыр.

Ұлытаудың ұлылығы

Ұлытау бұл қазақ үшін жоғарыда айтқан мәнге ие үлкен мәдени мұралар қатарына кіретін киелі жер. Бұл дала Беғазы-Дәндібай мәдениетінен сыр шертетін кесенелерге, тастағы таңбалар, петроглифтер, шахталар, мыс, қалайы, күміс, алтын және балқытқан металл қорыту пештері және басқа да көне ескерткіштерге, қорғандар мен қорымдарға бай мекен.

Қазақ даласында өмір сүрген билеушілер мен хандардың бір парасы дәл осы Ұлытауды мекен еткені де белгілі. Тарихта Ұлытауға қатысты деректер өте көп. Бұл деректердің барлығы Ұлытау даласының көмбе-көмбе тарихты өз ішіне бүгп жатқанын көрсетеді. Мұнда Мұхтар Мағауин қазақтікі деп дәлел келтіріп жүрген Шыңғысханның ұлы Жошы ханның ордасы болған, мұнда әйгілі Батый хан өзінің біршама жорықтарын бастаған, мұнда Жошы мен Алаша секілді хандардың кесенелері бой көтерген. Біле білсеңіз мұнда Алтын Орданың ханы Тоқтамыс та, ұлы қолбасшы Едіге жер қойнына тапсырылған. Мұнда біз білмейтін бұдан басқа да тарихи жайттар орын алып, біз білмейтін қаншама құндылықтар мәңгі белгісіз болып қалған. Ұлытау тауларында палеолит пен неолит дәуірінің адамдары өмір сүргені туралы дәлелдер өзінің ғылыми негізін тапқан.

Ұлытаудан табылған «мұрты бар қорғандар» әлі де ішіне сыр бүгіп, үнсіз мүлгіп тұр. «Көлдер мен бұлақтар» елі аталып кеткен Ұлытау мекенінде жүздеген дәрілік өсімдіктері қасиетті топырақтан нәр алып тұр. Міне, осындай ғана қадір-қасиеті бар Ұлытаудың киелілігін біз мақтана айтпағанда кім айтады? Ұлытаудың ұлылығын дәріптей жүрейік, жырлай жүрейік қазақ жастары!

Ботагөз Икрамова

фото ru.wikipedia.org

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға