Ұлыстың ұлы күніне қатысты сөздер
Ұлыстың ұлы күніне байланысты бірнеше сөздерге түсініктеме беру. Олардың мағынасы мен қолдану ережесі.
Ұлыстың ұлы күні – салтанатты, мерекелі ұлы күн деген мағынада айтылады. «Жаңа жыл келді, ырзық келді» деп көктемде мереке – Наурызды жадыраған жайдарларыңмен қарсы алады. Сондықтан да, бұл күн құрметті, адамзат үшін игілікті күн болып есептеледі. Қазақ халқының оны Ұлыстың ұлы күні деп атаған» (М.Ермеков).
Наурыз көже – ұлттық тағам. Келер жылғы молшылықтың жоралғысы ретінде Наурыз мерекесінде міндетті түрде әзірленген. Халық дәстүрі бойынша оған бидай, тары, сүт, ет, бұршақ, су, тұз сияқты кемінде жеті түрлі азықтық заттар қосылады. Наурыз көжені халық арасында «Тілеу көже», «Көп көже» деп те атаған.
Сүмәләк – тәтті, тойымды әрі жұмсақ ас түрі. Жаңа өскен бидайды ұзақ қайнату арқылы әзірлейді. Жаңғақ, май, өзге де дәм түрлері қосылады. Негізінен Наурыз дәмі ретінде дайындалады. «Қайнатам де сүмәләк, ошақ басында түнемек» деген сөз бұл тағам түрін әзірлеуге ұзақ уақыт керек екенін білдіреді.
Наурызек (наурыз торғай) – наурыз айында келетін аяғы жіңішке, сары бауыр, көкала торғай.
Наурызек – ақшыл-сарғыш гүлдері бар, ерте көктемде гүлдейтін шөптесін өсімдік.
Құс қанаты – наурыз айының соңында жыл құстары ұшып келетін кез. Құстардың келуімен қар аралас жаңбыр жуаып, суық жел тұрады. Ел мұны «Құс қанаты» амалына жатқызған.
Самарқанның көк тасы еритін күн – наурыз айының 22-күні шығыс күнтізбесі бойынша жаңа жыл басталады. Самарқандағы Ұлықбек абсерваториясына байланысты қағидаға айналған бұл сөз «Көктем, жаңа жыл басталды» деген ұғымды білдіреді.
Наурыздама қылды – жаңа жыл кіргенде болатын мереке, ұлыстың ұлы күніндегі той қамы. «Ол күнді Наурыз деген бір жазғытұрым мейрамы болып, наурыздама қыламыз деп, той-тамаша етеді екен» (Абай).
Наурыздағы шабынған бура тәрізді – ашуға, кекке мінген деген мағынада. «Ақ патшаға қарсы желіккен қазақ наурыздағы шабынған бура тәрізді, мауқын баспай, бетінен қайтпайды» (І.Есенберлин).
Қазан аузы жоғары – Құдайдың берер несібесі, жеткізер ризығы бар шығар, берері таусылған жоқ шығар деген мағынада. «Шырағым келін, қазан аузы жоғары деген, суыңды әкеле бер, қонақтың несібесіне бір нәрсе табылар» («Қазақ ертегілері»).
Көкке ауыз ілікті – жерге шөп шығып, тойынар шақ келді. «Қыстан азып шыққан мал аруақтай ербиіп, көкке ауыз іліккенше, төңірекке сынық шөп қалдырмай жайнайды» (Хамза Есенжанов). «Қыстан жүдеу шықса да, көкке аузы тиген соң, мал жайлауға беттеген адам еліре бастапты» (Ғабиден Мұстафин).
Қозыдай маңырап табысты – шұрқырасып, жолығысты. «Анасымен балалар қозыдай маңырап табысты» («Мұңлық-Зарлық»).
Қой қоздап, қорада шу – көктемгі мал төлдеу кезеңі. «Еркін қой қоздап, қорада шу болып жатқан шопан ауылына тап келді» («Оңтүстік Қазақстан»).
Құлындай ойнап шыға келді – құлпырды, жасарды. «Жер қарайып, көктем шыға аузы аққа тиген ауыл балалары құлындай ойнап шыға келетін еді» («Қазақ ертегілері»).
Нәсіп айдады – дәм-тұз тартты. «Сапар шегіп барамын. Алла нәсіп айдаса, бір сұлу қызды аламын» («Қыз Жібек»).
Ошақтың үш бұты – үй-іші, бала шағаның амандығы. «Ошақтың үш бұты деп отырады, Оранып от басында бөстегіне» (Н.Наушабаев).
Раушан болды – гүл-гүл жайнады. «Мал дүниенің опасы, Иман жанның сапасы, Аузыңдағы иманың Раушан болған нұрмен тең» (Д.Бабатайұлы).
Уыздай жас – балғын жас. «Қастарында бір тұтқын қыз, Жасөспірім уыз жас» (Ө.Тұрманжанов).
Ала қаптың аузын аш – түгел ортаға сал, төгіп сал, барыңды аяма деген ұғымды білдіреді. «Ала қаптың аузын аш, Ішіңе жиып, сақтамай. Белгілі байтақ көп теңес, Тосаңсып әлде қалған ба, Не қылып жаптыр қаптамай» (Н.Наушабаев).
Аузы аққа тиді – айран-сүт ішті. «Биыл жаз шыққалы Еламанның балалары аузы аққа тиіп, қарық болып қалды». «Иә, ерніміз аққа тиді. Балалар да балыққа тойып, оңыап қалды, – деді Бибіжамал» (Ә.Нұрпейісов).
Аузынан мәйегі төгілді – уыздай жасөспірім мағынасында «Елемес аузынан мәйегі шығып тұрған жас жігіт. Мені тонның ішкі бауындай жақын көріп, тез үйір болып кеткенді» (С.Омаров). «Рақымның да аузынан уызөы тамған өрімдей кезі» (Ж.Мұзапаров).
Бәйшешек бетті – балғын жүзді, гүл жүзді. «Қарындай үрген домалақ, бәйшешек бетті бала едім» (Шәңгерей).
Дәм татты – тамақ жеді, ас ішті. «Ана әкең, анаң, ағаларың бәрі де мына ауылдарға кіріп амандасып, үлкеннің баталарын алып, үйлерден дәм татып шықсын дейді» (С.Сейфуллин).
Дүкен құрды – әңгіме айтты, сырласты. «Сол әже бүгін тары бақта отыр, Гүлі көп, саясы мол жақта отыр. Өзіңдей аналардың қадамында, әңгіме-дүкен құрып, бапты-ақ отыр» (Ж.Молдағалиев). «Қозыкем ойын ойнар, дүкен құрып, Ашуланса кетеді топты бұзып» («Қозы Көрпеш-Баян сұлу»).
Жақсы сөз – жарым ырыс – жағымды сөз жаңға демеу. «Қарағым Жантас, жақсы лепес – жарым ырыс деп еді» (М.Әуезов). «Тек ары, жақсы сөз – жарым ырыс деп айтсаң жақсылыққа жоралғы етіп айт, сөз құрып қалды ма?» («Қазақ ертегілері»).
Жаңа жыл – жаңа бастама, жаңа өмір. «Жаңа жылдың басшысы ол, мен ескінің арты едім. Арман деген ащы-сол, Сүйекке тиді, қарт едім» (Абай).
Жыл құсындай – жақсылықтың бастауы. «Жыл құсындай сендерсіңдер, жаңа дәуреннің алғашқы келгені боларсыңдар, – деді Абай Әбішке» (М.Әуезов).
Жібек жол – жұмсақ леп, салқын самал. «Жасыл барқыт тау, өзеннің жағасы, Судырайды қайың, терең ағашы. Жібек жел желпіп әсем даланың, Таза ауада жұпар аңғыр маңайы» (З.Қалауова).
Авторы – Өтеш ӨТЕУЛІҰЛЫ.