Жаңалықтар

Ұлы Жібек жолындағы қалалар мәдениеті

Жеке меншіктің алғашқы түрі өз аяғымен жүретін мал болды, осыдан барып мүліктік теңсіздік пайда болып, байлықтың шоғырлануы басталды.
20.05.2015 10:19 67579

Батысшыл көзқарастағы тарихшылардың және философтардың пікірінше, жалпы көшпелі мәдениеттің, соның ішінде шаруашылық жүргізу мәдениеті артта қалған еді, соның салдарынан осыларды қабылдаған көшпенділерде барлық кезде отырықшы елдерде болған, қоғамдық қатынастарда және соларға тән жеке меншіктік қатынастарда нақ сондай артта қалды. «Жасалған зерттеулер бойынша керісінше, көшпелілер бірінші болып ақша қалыбын игеріп дамытты, тұңғыш таптық қоғамға енді, бірімен-бірі айырбас қатынасын қалыптастырды, содан кейін барып отырықшы халықтармен бірге оларға меншікті қатынасты қалыптастырды, бірге дамытты. Бұған икемді көшпелі өмір салты негіз болып, игі ықпал етті.

Жеке меншіктің алғашқы түрі өз аяғымен жүретін мал болды, осыдан барып мүліктік  теңсіздік пайда болып, байлықтың шоғырлануы басталды. ХХ ғасырға дейін қазақтарда байлық өлшемі ретінде жеке меншіктегі жылқы саны алынып келді. Осының бәрі қоғамның алғашқы даму кезеңінде өздеріне тән шарушылық жүргізу әдістері болған көшпелілер үшін әлемдік мәдениеттің тарихында прогресшіл құбылыс болды, сондықтан да олардың орнын төмендетуге болмайды.

Ұлы Жібек жолының құрылуы – көшпелілер мен оазистер дихандары арасындағы мәдени байланыстардың қаншалықты жемісті болғанын көрсетеді. Оның бойындағы елді мекендерде мал, астық, жүн, былғары, қолөнер бұйымдары мен сауда жасау кең тарады. Көшпелілердің өздері жіктеліп,  бір топтың өкілдері аграрлық шаруашылықпен айналысса, басқалары керуен жолдары тұрақтарында қолөнермен және іргелес елдермен керуен саудасы іске асырды. Этномәдениетте субмәдениеттер қалыптаса бастады. Бұл үдерістің Қазақстан жерін де қамтығаны туралы М. Орынбеков мынадай деректер келтіреді: «Егіншілік аймақтармен шектес далаларда да, сондай-ақ ішкі дала аймақтарында да қалалар бой көтерді, оның бір мысалы Сарыарқаға тереңдеп орналасқан Саудакент  қаласы сауда қақпасы болды. Дала мен егінші аймақтардың шекарасында Мерке, Құлан, Ақтөбе, Жуантөбе, Аспара, Музкет, Суяб қалалары пайда болды. Ұлы Жібек жолының керуен жолдарында Тараз, Отырар (Құйрық-төбе және Баба-ата) және Испиджап (Сайран) Іле атрабында Тальхиз (Талғар) , Оки-Оғұз және Қаялық бой көтерді.

Қала тұрғындарын Ұлы Жібек жолы бойында негізінен соғдылар, түркілер, сириялықтар, таңғұттар құрады. Сонда да, «халықтың ұдайы араласуы көшпенділердің отырықшыларға айналуы мен ассимиляциясы, сонымен қатар егіншілердің малшыларға ауысуы процесі тұрғындардың барлық осы бөліктерінің әлде бір қауымдастыққа біртіндеп бірігуіне алып келді. Бұл қоғамдастық егіншіліктің және мал өсірудің, диқан мен малшының ортақ белгілеріне ие болды. Егер қаланың өзінде Отырар, Қаратау, Жетіасар мәдениеті басым болса, оның айналасында бұрынғы көшпелілер өмір сүрді. Олар өзінің мал өсіру кәсібін де тастамады және қала маңынан  ажырамады. Отырықшы және көшпенді мәдениеттің көне түріктерде өркендеген күрделі кіндікдестігі мал өсіру мен егіншіліктің, мал өнімдерін дайындау мен жеміс өсірудің, қолөнер мен бақша өсірудің, құрылыс пен бағбандықтың бірге қатар өмір сүруіне мүмкіндік жасады. Қазақтың ата тегінің көпқырлы әлемі мамандандырылған тіршіліктің әр алуан формаларына негіз салды. Аса дамыған көшпенді шаруашылық жемісті қызмет істеп отырған егіншілікпен үйлесе отырып, сауда және қолөнермен толығып, халықтың әртүрлі этникалық топтарының мейлінше араласуы өзара ықпал етуді және бірігу процестерін күшейтті. Олар озық дүниетанымдық бағыт-бағдарға ие болды. Этностың неғұрлым басым бөлігінің ықпалымен түріктерге айналды».

Ұлы Жібек жолы бойындағы қалалардың біртіндеп әкімшілік орталықтарынан қолөнер, сауда және мәдениеттің шоғырланған орталығына айналғанына көптеген зерттеушілер өз назарын аударады. К.М. Байпақовтың пікірі: «Орта ғасырда Қазақстан аймағын мекендеген халықтар мен тайпалар мәдениетінде айқын дәстүрлі сабақтастық көзге түседі. Ол сабақатастық қала салу, қыш өңдеу өнерінде көрінеді. Бұл көне дәуірден бастап, тарихи тағдырлары өзара сабақтаса дамыған, өзара біте қайнасқан Қазақстанның отырықшы және көшпенді халықтарының тығыз байланыстарымен айқындалды».

Әуелгі Ұлы Жібек жолы мәдениетін жасасқан көне тайпаларға жазба деректерде көп аталатын қаңлыларды жатқызуға болады. Деректемелер былай хабарлайды: ғұндардың Чжичжи (Шөже) шанъюйі «солтүстіктегі үш елді» бағындырып алғаннан кейін, көп кешікпей, Талас пен Сырдария  өзендерінің аңғарында көшіп жүрген кангюй тайпаларын ығыстыра бастаған. Жаңа заман шегінде Кангюй ордасының 600 мың жаны, 120 мың жауынгері болған. Шын мәнінде, қаңлы атауы географиялық, не этникалық-саяси мәнді білдіретін ұғым ретінде өте ерте дәуірден белгілі. Парсы жұртының көне эпосы «Шахнама» бойынша Канг тұрандардың ежелгі астанасы. Птолемей оны скиф руы, Әл-Идриси еңбектерінде: хангаркиши, Орхон беттеме жазуларында кенгерес деген атпен еске алынады. V ғасырдағы грузин, армян жазбаларында Кавказда «қаңғар жері», «қаңғар тауы» деген топонимикалар сақталған. Бұған қарағанда, І-ІV ғасырлар шегінде жекелеген қаңлы тайпаларының ғұндарға еріп Кавказ бөктеріне жеткені байқалады.

Сөз жоқ, көшпенділік экономиканың экстенсивті типімен байланысты. Зерттеушілер сондықтан да жыл бойы мал соңында жүрген халықты тағылар қатарына жатқызуға бейім. Есімі танымал өркениет тарихын зерттеуші

А. Тойнби: «Көшпенділердің тартқан сазайы, шынын айтқанда, эскимостардан ешбір кем емес. Олар бұғауларын бағындыруға тура келген табиғи жағдай өздерін даланың қожасы емес, құлы қылды. Эскимостар сияқты көшпенділер де табиғи жағдайдың, жылдың төрт мезгілінің тұтқыны болды. Қырмен байланысты жолға қоямын деп жүріп олар өзге әлемнен қол үзіп қалды. Олар ауық-ауық өз жерін тастап, көрші отырықшы өркениет иелеріне басып кіріп, көршілерінің қалыпты тірлік ағысын талай мәрте тоқтатып тастап отырды. Шынтуайттап келгенде, бұл көшпенді ырықсыз бағынатын сыртқы күштердің әсерімен де болатын. Ондай күш екі түрлі: біріншіден, қырдың ауа-райы өзгеріп, көшпенді одан не қоныс, не өріс таппай тықыршып, екіншіден, жергілікті отырықшы қоғаммен арада көзге түспес кеңістік пайда болып бірін-бірі жақындатпауы олардың зығырданын қайнатып, төтенше қимылға ұрындыратын. Осыдан келіп қырғын қырқыс өзі-ақ туатын. Сондықтан көшпенділер тарихи оқиғаларға осылай айбарлы тартылғандықтан оларды тарихы бар қауым деуге болмайды», – деп жазған. Өркениеттің өзін таза мәдениет деп деп қана танитын да осы Тойнби.

Осы тұста белгілі ғалым, археолог Д. Уотли ойына мән бергеніміз де орынды: «қандай да бір қауым ешқашан бөгденің көмегінсіз толық варварлық күйінен келесі біз өркениет деп атап жүрген күйге өтпеген және өте алмайды да, ал бұған біздің сенбеуімізге еш себеп жоқ. Адам жабайы күйден шыққан жоқ, әрбір қауымдағы өркениетке деген прогресс сол қауымның өз ішінде, сондықтан олар сол күйден, алыста қалған толық варварлықтан әрқашан ішкі күштері арқылы шығып отырды, соған қарағанда адамдар ешқашан толық жетілмеген немесе өздігімен дами алмаған». Д. Уотли бойынша: біріншіден, жабайылар арасында прогресс бар, екіншіден, ең ірі өркениетті ұлттардан да алғашқы варварлардың іздерін табуға болады [12, 350 б.]. Шындығында да, алғашқы адамдар терімшілік, егіншілік және малшылықпен айналысты, жабайы аңдарды үй жануары етіп қолға үйретті. Тарих бойынша әлемнің әр түкпірлерінде бір-бірімен жарыса өрбіген өркениет нышандарын еш қиындықсыз анықтауға болады. Алғашқы варварлар адамдардың бұл атаудан құтылуына негіз болды, қазіргі заман адамдары өздерін варварлардан алшақтадық дегенімен, ол алғашқы үлгі, адамзаттың бастапқы күйі. Олар өркениеттің пайда болуына себепші. Сондықтан да біз оларды «варвар» деп айдарлап, өзімізден алшақтатқанымыз өркениеттілікке жат. Өйткені олар жабайылықтың емес, нағыз өркениеттіліктің бастамасы болды.

Шығыстық нұсқаулар бойынша, арабтың «тамаддун» сөзі өркениет деген мағынаны білдіреді, оның тамыры «мадина»,  яғни қалалық болу, қалада жиналу деген сөзден тараған. Кейбір ғалымдар бұл сөздің лексикалық мағынасына мән беріп, қоғамның рухани құндылықтарын қамтитын мәдени дамуға қарсы қойып, материалдық дамудың мән-мағынасында түсіндіреді. Демек, өркениеттің белді белгілері болып есептелінетін материалдық жетістіктер, қалалар, жолдар, көпірлер, керемет сарайлар, мектептер, обсер-ваториялар, кітапханалар мен мешіттердің салынуы, математика, космография, астрономия, медицина, фармокология сияқты нақты ғылымдар аймағындағы ғылыми прогресс арқасында жүзеге асырылып отыр. Осы көзқарасты

Ф. Энгельс те қолданған, оның «Отбасы, жеке меншік және мемлекеттің пайда болуы» деген еңбегінде өркениет жазу, қалалар  және мемлекетпен бірге пайда болды деп жазады.

Табиғаттың өзі адамды механикалық құралдарды пайдалануға дайындай отырып, ойлап тапқыштық қабілет берді. Адам үшін шығармашылықтың шебер туындысы – адамдық тән, табиғи механизм. Онда өзі реттейтін екі машина – жүрек пен өкпе бар, машиналардың жетілгендігі сондай олар өздерінің жұмыстарын автоматты түрде орындайды. Табиғат адамға сезім мен ойлау, шығармашылықты қайталанбас жұмыс қозғалысын орындау үшін бұлшық ет пен психикалық энергия берді. Табиғат органикалық өмірдің эволюция жолымен барынша өте жұқа ағзаларды пайда болғызды. Ол алға жылжудың барлық кезеңдерінде де Орфей тәрізді қимылдады. Табиғат өте көп қайталанатын жаттығулар қосқан, басқаша айтқанда, ол автоматизмге жетуді мұрат етті. Адамдық қоғам сияқты табиғи ағза өз бойында шығармашылыққа бейім азшылық пен керісінше көпшілікті ұстайды. Өсіп келе жатқан ағза да, өсіп келе жатқан қоғам тәрізді көпшілік жетекшілік етіп отырған азшылықтың нұсқауымен жүріп-тұрады және соларға еліктейді.

Ұлы Жібек жолының әлсіреуі көшпелі мәдениетке теріс ықпалын тигізді. Өйткені, кейбір зерттеушілердің керағар пікірлеріне қарамай, көшпелілер үшін сұхбат пен мәдени ауысулар тиімді еді. Л.Н. Гумилев атап өткендей, көшпелі әлемнің қарғыс таңбасы – тайпалық ыдыраушылық екені хақ. «Жайылым-қонысқа байланысты жанжалдар, барымта-мал айдап кету, қыз алып қашу, қанды кек тәрізді ұдайы болып жататын жайсыз әрекеттер бөлшектенудің бұдан да өткен зардабының қасында (көзге ілінбей) қалады: ол – жат тайпалар шапқыншылығына басы бірікпеген тайпалардың ұйымдасып-қауымдасып қарсы тұруға қабілетінің жетпейтіні. Тайпалар одағы деп аталатын форма дәйексіз де дәрменсіз болған, әсіресе соғыс уақытында. Сол себепті де күшті жау көз алартып шыға келгеннен-ақ қуатты әскери өкіметтің қажеттілігі аса зәру мәселеге айналатын болған, ал ХІІ ғ. чжурчжендердің тап сондай өкіметі болады».

Ұлы Жібек жолының гүлденген кезінде, түріктер тап осындай хал-ахуал кезінде, жалпы жұрттың игілігі үшін, дұшпанына «бас идіріп, тізе бүктіре білген». Бұл жүйе – ел деп аталған. Бірақ бұл жүйенің рақымсыз қаталдығы – оны халыққа күстәна етіп, тезірек құруына себепші болған, сосын мұның орнын тайпалар одағы келіп басады, ол – бейбіт уақытта өзін-өзі басқарып тұратын, ал соғыс жүргізуге арналған күшті өкімет билігі бар одақ еді. Рулардың мәжілісі – құрылтай – көсемді жариялаған, оны гүрхан – тайпалар бірлестігінің ханы деп атаған. Бір-бірін жария түрде шектеп отыратын осындай жағдай екі жақтың да көңілін хош етеді: өкіметке де, бағынушыларға да ұнайды.


Эльдар Темірханұлы

мәдениеттанушы

 

 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға