Ұлы Жібек жолы-Ұлытау
Ұлы жібек жолы ежелден-ақ Тынық мұхит жағалаулары мен Жерорта теңізі маңындағы және батыс Еуропа елдері аралығын жалғастырып жатқан аса ірі халықаралық қатынас жолы болған. Ол-адамзат өркениеті жасаған қайталанбас тарихи ескерткіштердің бірі. Осы керуен жолының қазіргі Қазақстан Республикасы аумағы арқылы өтуі Ұлы Жібек жолы дәнекер болған Батыс пен Шығыс өркениетін қазақ халқының да тыс қалмағанын дәлелдей түседі.
Ұлытау кезінде Ұлы Жібек жолымен сабақтасып тарихтан белгілі. б.з.д III-II мың жылдықтан басталған «мыс жолы» бүкіл Евразия құрлығына белгілі болатын. Бұл туралы «Тарих атасы» Герадоттың еңбектерінен оқуға болады. Б.з.д I-мыңжылдықтың орта кезінде Қара теңіз өңірінен, Орал, Дон, Ертіс, Ұлытау, Алтай, Зайсан көлі алқабын мекендеген агретейлер еліне кететін «Дала жолы» бойында көптеген көне қалашықтар, керуен сарайлары орналасқан. Сондай тарихи жерлер Ұлытау жерінде көптеп кездеседі. Өткен күнсіз бүгінгі болмысымызды, ал бүгінсіз ертеңгі болашағымызды болжай алмайтынымыз шындық. Сондықтан біз өткенімізге нақ осы тарихи үрдіссіз, тығыз байланыссыз баға беріп, зеиін қойып, зерделей алмаймыз.
Ұлытаудан табылған «Қос самұрық» бейнесі нақышталған қола пышақ , «Есік» қорғанынан табылған «Алтын адам» қанжарында қайталанып тұрса, Ұлытау кесенелеріндегі эпиграфикалық жазулар Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи мавзолейімен сарындас, сонымен қатар Құтылық Темір мазарының ою-өрнектері Арыстанбаб мазарының ою-өрнектерімен бірдей. Қазақ хандығының қыстағы Түркістан, Сығанақ, Сауранда болса, жайлауы осы Ұлытауда болған. Және де 1391 ж Ақсақ Темірдің Тоқтамыс ханмен соғысуға бара жатқандағы қалың әскеріне белгі қылып үйдірген шоқысы бар. Ол қазіргі уақытта «Алтын шоқы» деп аталады. Мәдениеттің үзілмейтін алтын жібі міне, осылай бір-бірімен сабақтасып жатыр. Айтылғанның бәрі қазақ халқының даңқты тарихы және терең тамырлы рухани мәдениеті болғанын сипаттайды. Кезінде «мыс жолы» деп аталған Ұлы жол Еуразияның металлургия бастауы –Ұлытау –Жезқазғанға алып келетін. Қола дәуірінің мәдениет ескерткіштері осы өңірде көптеп шоғырланған. Ескерткіштердің шоғырын зерттеу сол дәуірде Орталық Қазақстанды мекендеген тайпалардың тарихи өткен жолын анықтап, өлке тарихының көптеген беттерін ашуға мүмкіндік береді. Қола мәдениеті өзінің айрықша белгілерімен: қоныстар мен рудниктерден, беиіттер мен құрбандық шалған орындардан, үй және суару құрылыстарынан, қыш жасау мен тас өңдеу өнерінен, тас скульптуралардан, металл және сүйекті өңдеп, әр түрлі заттарды жасау әдістерінен анық көрінеді. Осының бәрі, түптеп келгенде Орталық және Солтүстік-Шығыс қазақстанда мыс қалайы және қорғасын т.б металдарды игеру кезінде орасан даму процесі болғанынан хабар береді.
Ұлытау- қазақтың Үш Жүзінің басын қосқан, мемлекетіміздің бастауында тұрған аруақты, киелі жер. Қасиетті Ұлытаудың бауырында қазақтың салалы тамыры, терең тарихы мен мәуелі мәдениеті жатыр.
Отырардан Арсубаникент, Арыстанды, Шаян арқылы Қаратаудың аласа жоталарынан асып, Тұран асуы арқылы Шавгар мен Яссыдан, Сауран мен Сығанақтан, Янгикенттен шыққан жолдар Орталық Қазақстанның далаларын шарлап, Сарысу мен Кеңгір, Торғай мен Есіл өзендері жағалауларына жетіп жатты. Янгикенттен шықан жол солтүстік-батысқа беттеп, Білеуті өзені жағасына апарады да, одан әрі Қоңырат пен Қарсақпайға жеткізеді.
Орталық Қазақстанға бастайтын «Сарысу жолы» деген сораб Отырардан шығып, Шавгар мен Тұран асуы арқылы Ақсуға, Сарысудың төменгі ағысынан өзенді жоғары өрлейтін Ұлытауға жеткізеді. Ол одан Есіл мен Ертісті бойлап кетеді. Осы «Сарысу жолымен» біздің Ұлытаулықтар Қорық-мұражайдың директор міндетін атқарушы Бахтияр Қожахметов ағамыздың басқаруымен 1991 жылы 12 түйемен Отырардан Ұлытауға этнографиялық экспедиция ұйымдастырған болатын. Ондағы мақсат ЮНЕСКО-ның «Ұлы жібек жолы-ынтымақтық жолы» деген бағдарламасына үлес қосу және Ұлытауды қазақтың ежелгі астанасы ретінде насихаттау еді.
Ұлытау-географиялық орталық. Бұл туралы Қ.И.Сәтбаев: «Бұрынғы уақытта Ұлытау Қазақстанның саяси өмірінің орталығы болған. Қазақтың Алаш, Ақназар, Абылай, Кенесары сияқты атақты хандары Ұлытауды мекен еткен. Бұған таудың жаратылыс жағынан өте әдемі, Қазақстанның географиялық орталығында болуы себеп болған» деп жазды. Киелі Ұлытау орталық болғасын, Жібек жолы жан-жақтан тарамдалып келуі де содан шығар.
М.Абдикаримов «Ұлытау» қорық-мұражайының жетекші ғылыми қызметкері