Ұлы Отан соғысы жылдарындағы батыр қалалар: Мәскеу
Ел.кз редакциясы Ұлы Отан соғысы жылдарында жаппай ерлік көрсеткені үшін «Батыр қала» атағын алған қалалар туралы мақалалар сериясын жалғастырады. Бүгін біз КСРО-ның астанасы болған Мәскеу қаласына тоқталамыз.
Неміс әскерлерінің Мәскеуге шабуылы 1941 жылдың 30 қыркүйегінде басталды. Жоспар бойынша, неміс әскері жаппай шабуыл жасай отырып, қыс түскенге дейін Мәскеуді басып алуға тиісті болды. Бұл міндетті іске асыру үшін Германия Мәскеу бағытына 74,5 дивизия (1,8 млн-нан аса адам), 1700-дей танк, 1390 әскери ұшақ, 14000 зеңбірек пен миномет шоғырландырды. Ал Мәскеу бағытын қорғап тұрған кеңестік Батыс Резерв және Брянск майдандарының құрамында 1250 мыңдай адам, 990 танк, 677 әскери ұшақ, 7600 зеңбірек пен миномет болды.
Шегінген кеңес әскері Мәскеуге 25-30 шақырым таяп келді. Мәскеуді қорғау үшін шайқасқа Қазақстанда құрылған атақты 316 атқыштар дивизиясы қатысты. Оны генерал-майор И. В. Панфилов басқарды. Панфилов қаза тапқаннан кейін оның жауынгерлерін «панфиловшылар» деп атады. Осы шайқаста 16 желтоқсанда болған 28 панфиловшылардың ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Қаншама әскерден тек 28 батыр аман қалып, жаудың алғаш 20, одан кейін 30 танкісін қалаға жібермей 4 сағат бойы ұстап, ерлікпен қаза тапты. Осы ротаның жетекшісі В.Г. Клочковтың: «Ресей кең-байтақ, бірақ шегінерге жол жлқ, артымызда Мәскеу» деген жалынды сөзі бүкіл майдан даласына, кейін бүкіл елге рух берді. осы 28 панфиловшылардың барлығын Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
Бұл Мәскеу үшін шайқаста біздің еліміздің батыры, аға лейтенант Б. Момышұлы басқарған батальион жауынгерлері үлкен ерлік көрсетті. Олар жауды 1942 жылы қаңтарда астанадан бірнеше шақырымға қуып тастады. Мәскеу үшін шайқаста Мәлік Ғабдуллин, Төлеген Тоқтаров, Рамазан Елебаев сынды жауынгерлер мемлекеттік наградалармен марапатталды.
Мәскеу шайқасы Екінші дүниежүзілік соғыс тарихындағы ең ауыр және ауқымды оқиғалардың қатарына жатады. Мәскеуді қорғау және қарсы шабуыл ұрыстарына екі жақтан 7 миллион әскер, 6,5 мың танк, 3000 ұшақ қатысты. Мәскеу түбіндегі немістердің жеңілісі «Шұғыл соғыс» («Блицкриг») жоспарын күйретумен қатар, фашистік Германия әскерлерінің «жеңілмейтіні» туралы аңызды да жоққа шығарды. Мәскеу түбіндегі шайқас Ұлы Отан соғысы барысындағы түбірлі бетбұрыстың негізін жасады, ендігі жерде шабуыл жасау бастамасы кеңес әскерлерінің қолына көшті.
Дәурен Омаров