Жаңалықтар

Ұлы даладағы жылқыны қолға үйрету өркениетінің тарихи маңызы (I бөлім)

Тұлпарлар туралы не білеміз?
Ұлы даладағы жылқыны қолға үйрету өркениетінің тарихи маңызы (I бөлім)
Фото: © El.kz 31.05.2021 12:45 9106

 

Еліміздің тәуелсіздік алған алғашқы жылдарында тарихшылар, археологтар мен ғалымдар қазақ көшпелілер тарихын зерттеуге зор үлесін қосып, орасан нәтижелерге қол жеткізді. Осыған байланысты 2004 жылы ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Аталған бағдарлама аясында халқымыздың сан ғасырлар бойғы мұрасын зерттеудің біртұтас жүйесі қалыптасып, әдебиет пен жазба өнері, тарихи жәдігерлеріміз, ұлттық мәдени ескерткіштеріміз терең зерттелді. Ал одан кейін 2013 жылы «Халық тарихы толқынында» бағдарламасы жүзеге асырылып, отандық тарихқа қатысты құнды деректер шетелдік мұрағаттардан ізделіп, сұрау салынған еді. Тарихи әділдік салтанат құрып, еліміздің бай мұрасы халқымен қауышты. Бұған қазақ зиялы қауым өкілдері, тарихшылары, археологтары үлкен үлесін қосты. Біз бүгін мақаламызға арқау етіп отырған жылқы сипаты, оның тарихы мен қазақ жерінде қолға үйретілуі осы ата-бабамыз өмір сүрген көшпелі замандарға қарай мойын бұрғызып, тарихқа терең үңілтпек. Өйткені Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасының негізіне арқау еткен «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласында жылқы тақырыбына ерекше тоқталып, көшпелі даладағы атқа міну мәдениеті сипатталған. Осы орайда біз ғалымдарымыз бен зерттеушілердің еңбегіне сүйене отырып қалың оқырманға жылқының жабайы жануардан батырдың айнымас серігі болғанға дейінгі, сонымен қатар заманалар жалғасында ұлттық спорттың көшбасшысына айналып осы ғасырға жету тарихымен таныстырмақпыз.

 

Табиғаттың баға жетпес асылы

 

Жылқы өзінің қайталанбас әу бастағы болмысын бүгінгі күнге дейін өзгертпей сақтаған, түрлі жыр-аңызға арқау, ертегілерге ерекше желілік сипат берген бітімі бөлек жаратылған жануар. Сонау есте жоқ көне замандардан күні осы дәуірге дейін бір бойына көптеген артықшылықтарды, ерекше қасиеттер мен өзгешеліктерді жинастырған жылқының табиғат-ана жан беріп жаратқаннан бергі тегі мен құпия сырларына әбден қанығып үлгермедік. Ақиқатын айтқанда, ауыздығымен арпалысқан, желмен жарысқан сәйгүліктер оны жанындай сүйетіндердің, тақымы мықты, ат құлағында ойнаған шабандоздардың қашан да сенімді серігі, қашса құтылар жүйрігі, баптап бәйгеге қосса көзінің қуанышы, ең аяғы қайғырса іш құсасын ақтарар сырласы да болған.

 

Жылқы жігіттің мақтанышы, абыройы мен беделі әрі күнделікті шаруасында қолқанаты да. Өздеріңізге мәлім, желмен жарысқан, сенімін алдамаған сәйгүлік нағыз шабандозбын деген жанның ғана емес, отбасының, қала берді бір ауыл, бір рудың мақтанышына айналған. Дара туған тұлпарлар жайындағы аңыздар мен әңгімелер, толғаулы жырлар мен жүрек баураған әндер де жетіп артылады. Тіпті олардың көбі сонау ғасырлар қойнауынан ұрпақтан-ұрпаққа ауызша беріліп, күні бүгінге дейін қаймағын бұзбаған қалпында жеткен. Сондықтан да замана дауылы қанша соғып, уақыт ағыны өзгерді деген күннің өзінде, адамның желқанат жылқыға деген ерекше құмарлығы мен сүйіспеншілігі бір бәсеңдеп көрген жоқ. Археологтардың және ғалым-тарихшылардың пайымдауынша осыдан сан мыңдаған жылдар бұрын қазіргі Қазақстан жерінде халық аузында қазанат деп аталып кеткен жылқы тұқымы мол болған. Халық арасында осыған байланысты «Жігітте де жігіт бар – азаматы бір бөлек, жылқыда да жылқы бар – қазанаты бір бөлек» дейтін мақал да бар. Шынында да олар өзінің жүйріктігімен, төзімділігімен ерекшеленген. Оның тегі туралы олар өздеріне күтім жасаған иелерінің, қасиетті туған жерін ашык шайқастарда жан сала қорғаған батырлардың сенімді серігі атанған жай ғана жылқы емес, нағыз қанатты тұлпарлар еді деген сөз бар. Сол қазанаттардың даңқы әлі көмескі тартқан жоқ, керісінше, қазақтардың жүрек түкпірінде, жадында сақталып қалды.

 

Жал-құйрығы күлтеленген қазанат арада құйындатып өткен буырқанған ғасырлардан карғып өтіп, өзінің ай тұяғымен бүгінге дін аман жетіп, көріктей кеудесімен әлі де ертеңіне қарай дүбірлетіп бара жатқандай. Оған ешкандай тосқауыл да, кедергі де, асулы белдер мен шексіз кеңістіктер де бөгесін болмақ емес. Ол табиғат-ананың бар пейілін салып жаратқан ерекше бір сыйы десек те жарасады.

 

Алайда, жылқының жаратылысындағы ерекшеліктерді қанша танып, білдік дегенімізбен, оның құпия әлеміне әлі де терең бойлай алмай жатқан сияқтымыз. Себебі ол бойындағы бар қасиетін өзін ерекше баптап күтетін, өзін жанындай сүйіп, айнымас серігіне балайтындарға ғана жарқырата ашады.

 

Қазанат туралы ертегідегідей, аңыздар мен қиялдағыдай қылып айтқанымызбен, қазанатты біздің қайталанбас көркі бар ұлан-ғайыр даламызға қайта оралтудың қажет екендігін ұмытуға болмайды. Ол бұған әбден лайық. Өйткені біздің қазанатымыз төзімділігі, мықтылығы, қызу қандылығы, ұшқырлығы тарапынан атақты араб, ағылшын жылқыларынан ешқандай да кем емес. Тек оны бағалай білуіміз қажет.

 

Бәлкім сіз жылқы түлігімен жақын араласпаған болсаңыз да: «Олардың арғы заты не? Олар қайдан пайда болды? Бүгінде олар керек пе?» – деген сауалдар төңірегінде ойланған да шығарсыз. Әуесшіл, әрнеге мән бергіш, алдына қандай да бір мақсат қойса, соны әбден тамырлап болмай тыным таппайтын жандар осындай ой теңізіне сүңгитіні хақ.

 

Жалпыға мәлім, адам адам болып жаратылып, табиғатқа ықпал етерлік оңы мен солын тани бастағаннан бері санасын үздіксіз жетілдірумен келеді. Алғашқы адамдардың ең алдымен өзіне маңызы бар, пайдасы мен себі тиетін жайларға назарын аударып қана қоймай, сонымен қатар оның өзіне табиғаттың кең ауқымдағы қиял қанаты жетпес көп қырлы сырын меңгеріп, ақыл сарабынан өткізуге мүмкіндік беретін, одан өз орнын алуына қолайлық туғызатын жағдайларға ұдайы ұмтылысы оның қалыптасу үрдісін тездетуге ықпал етті.

 

Бүгінде жылқының адамға табиғат-ана тарту еткен баға жетпес байлығы екендігін әркім мойындайды. Осы жалпыға мәлім түжырымды бүгінде аулақ серпіп немесе оған дау айтатындардың табыла қоюы неғайбыл. Сонау ертедегі адамдар бір рет қолға үйреткен жылқы, арада мыңдаған жылдар өткенімен, әлі де біздің көз қуанышымызға айналып келеді. Ғылым мен білім кемеліне келіп дамыған жиырма бірінші ғасырда да ол сұлулықтың, адалдықтың, төзімділіктің нышанына айналып отыр.

 

Жылқыны үй жануарына айналдыру тәжірибесі

 

Жылқы туралы, ақиқатында оның адам үшін жаратылысы туралы айтқанда, олардың қолға үйренуі турасында сөз қозғаған да абзал. Онсыз жабайы, тарпаң мінезді, еркіндік сүйгіш жылқының ақылды, тіл алғыш үй жануарына айналуының барысын зерделеу мүмкін емес.

 

Үй жануарларының шыққан тегі проблемасын шешу мәселесімен көптеген зерттеушілер, атап айтсақ орыстың табиғат зерттеушісі П.С.Паллас, Швед ғалымы К.Линней, француз ғалымдары Ж.Кювье мен Э.Жоффруа Сент-Илер және басқа ғалымдар айналысқан, бірақ тек Чарлиз Дарвин ғана «Түрлердің табиғи жолмен сұрыпталып шығу тегі» (1859) және «Үй жануарлары мен мәдени өсімдіктердің өзгерісі» (1868) атты еңбектерінде жабайы жануарлардың үй жануарына түрленуін материалистік тұрғыдан түсіндіріп, олардың эволюциясын дәлелдей алды.

 

Дарвин қазіргі ауыл шаруашылығы малдарының тұқымдарын анағұрлым ертедегі тұқымдарымен және олардың жабайы түрлерімен ұқсастығын (дене тұрқы, ішкі органдарының құрылысы, қаңқасы, мінезі, әдеті т.б.) салыстыру арқылы үй жануарларының шығу тегін зерттеудің ғылыми негіздерін қалыптастырды.

 

Үй жылқыларының жабайы тегі туралы мәселе жан-жақты зерттелген. Оны В.О.Ковалевскийдің, В.И.Громованың, В.О.Вит және басқа ғалымдардың зерттеулері арқылы біле аламыз. Жылқының арғы тегі жоғарғы плиоцен дәуірінде (үшінші кезеңінің соңы) Солтүстік Америкада қалыптасып, ол жерлерден Азияға, Еуропаға және Африкаға тараған. Жаңа жерге тап болған олар жаңа тұқымдар: есектерді (жабайы түрлері қазір Африкада кездеседі), жартылай есектерді (онагр, құлан, кианг – қолға үйретілмеген), зебраларды (қолға үйретілуі өте қиын) және жылқылардың өзінің (Пржевальский жылқысы) тұқымдарын қалыптастырады. ХІХ ғасырдың ортасына дейін Еуропада жартылай жабайы тарпаңдар өмір сүріп келді.

 

Ең алғаш малдарды қолға үйрете бастау қай кезде және қай жерлерде басталған дегенге нақтылы жауапты тек алғашқы адамдар қоныстарына жүргізілген қазба жұмыстары бере алады. Осы қазбаларға қарағанда малдарды қолға үйрету мезолит және неолит дәуірлеріне жататындығын аңғарамыз. Ал палеолит дәуірінде үй жануарлары әлі болмаған, адамдар өздерінің өмір сүрулерін аңшылықпен, балық аулаумен, өсімдіктер және олардың жемістерін жинаумен қамтамасыз етіп келген. Мезолитте қолға тек иттер, неолитте шошқа, қой, ешкі, ірі қара мал, кейіннен жылқы үйретілген.

 

Қолға үйрену барысында, жаңа ортадағы жағдайдың және арнайы іріктеудің ықпалымен олардың бойында, жабайы түрлеріне қарағанда, адамдарға пайдалы белгілер қалыптаса бастады. Арада сан ғасырлар өткенде адамдар олардың өздеріне пайдалы жақтарын жетілдіре түсті, соның нәтижесінде жылқының сан қилы қажеттіліктерді өтейтін көптеген жаңа түрлері пайда болды.

 

Жылқы аша тұяқты емес, шөппен қоректенетін (Egulus) қазіргі жылқы тұқымдастарға немесе ай тұяқтыларға (Eguidae) жататын бірден-бір жануар. Eguus тектеріне, жылқыдан басқа, зебралар, есектер және азиялық жартылай есектер (құландар, онагрлар, киaнгтер және басқалар) жатады. Осы тұжырымдарға байлау жасау үшін көптеген ғалымдарға тер төге жұмыс істеуге, соңғы екі миллион жылдағы жер бетіндегі оның тарихи орнын, жылқының шығу тегін қалпына келтіру үшін әрбір назар аударарлық деректерді тірнектеп жинастыруларына тура келді.

 

Қазіргі жылқының ең ертедегі қарабайыр түрі – барилямбда жер бетінде бұдан алпыс миллион жыл бұрын пайда болғандығы анықталған. Олар жылқыға қай жағынан да мүлде ұқсамайды. Жуан, бойы екі метрден астам барилямбда тұяқ тектес тырнақты бес салалы саусақтардан тұратын қысқа аяқтарымен өте баяу қозғалған. Ол бұталармен және шөппен қоректенген.

 

Осыдан шамамен 50 миллион жыл бұрын өмір сүрген төменгі эоцен кезіндегі жылқының өте ертедегі тегінің (эогиппустың) бойы түлкідей ғана болған. Ол еңкіш, жолақты келген. Алдыңғы аяқтары үш, артқы аяқтары төрт саусақты. Сол кездерде Скандинавияны, Исландияны және Канаданы жалғап жатқан табиғи мойнақ арқылы Солтүстік Америкада пайда болған эргиппус Еуропаға өтіп, мұнда орасан үлкен палеотерияға айналған. Палеотериялар тез жойылып кетті. Табиғат тәжірибелі сұрыптаушы сияқты, жаңа түрлерді жасап шығарып, сәтсіз туындысын құртып келген.

 

Америкада қалған эогиппус та өзгерістерге ұшырады. Одан орогиппус, бұдан біздің дәуірімізге дейінгі 40-25 миллион жылдары өз кезегінде – үш саусақты, бойы 52 см-лік мезогиптус тараған. Ол өзінің алдындағы тектеріне қарағанда қоймен шамалас, үлкендеу болған.

 

Миллиондаған жылдарға созылған өте баяу дамуының себебі табиғаттың өзгерістеріне байланысты. Климаттың өзгеруіне қарай хайуанаттар мен өсімдіктер дүниесі де өзгеріп отырды. Ағаштар жойылып кетті. Орасан зор шексіз алаңқай өзінің орасан зор көрпесімен жер бетін қымтады. Мезогиппусты жан жағынан азулы жыртқыштар – қасқырлардың арғы тектері торуылдады, олардың бой тасалар жерлері қалмады. Жалғыз сенері желмен жарыстырар аяқтары ғана еді. Мезогиппус өзгерістерге ұшыраған қоршаған ортаға бейімделе бастады. Ортаға бейімделуі ұзаққа созылды, тұрқы әсем гиппариондар (біздің дәуірімізге дейінгі 10-1 миллион жылдар. Бойы – 142 см) пайда болғанға дейін олар дамудың бірнеше сатысынан өтті. Оның аяқтарында әлі де үш саусағы болғанымен, ол жүйрік болды. Әрі бойы да біршама жетіліп, есекке жетіп қалды. Соның арқасында гиппариондар жер бетіне кеңінен тарап, Америка мен Еуразияда үйір-үйір болып жайылды. Олардың миллиондаған қостарында шегірткелер кеміргіштердей көбейіп кеткендігі сондай, гиппарондардың қаңқалары жиі кездескендіктен палеонтологтар сол кезеңнің хайуанаттар дүниесін «гиппариондар фаунасы» деп атайды. Олар тек Африкада, Оңтүстік Америкада және Австралияда ғана болған жоқ. Осы құрылықтарға гиппариондардың өтіп кетуіне ені үлкен бұғаздар кедергі келтірді.

 

Арада миллиондаған жылдар өткенде гиппариондар да жойылып кетті. Сондықтан да қазіргі жылқылар гиппориондардан тарады деуге негіз жоқ, керісінше олар оған мейлінше жақын болып келетін плиогиппустардан тараған деуге болады.

 

Бұл аралықтарда Солтүстік және Оңтүстік Америка, Еуразия мен Африка мойнақтармен жалғасып жатты. Содан да плиогиппустар үйірлері бүкіл осы аумақты қоныстанды.

 

Осы арада мына жайды айта кеткен абзал, жылқының арғы тектерінің арасында назар аударуға тұрарлық, өте аз зерттелгендері де кездеседі. Өйткені қазба жұмыстары кезінде аса ірі ауыр салмақтыларымен қатар, қазіргі понилерден де тұрқы кіші шағын жылқылардың қаңқалары табылып отыр.

 

Ғалымдардың пайымдауынша, жылқы патшалығында әлі адамзат біліп болмаған алмағайып кезеңдер бастан өткен. Себебі Африкада тек зебралар мен есектер аман қалып, жылқылар пайда болған Америка құрылығында олар жойылып кеткен.

 

Қазба деректеріне қарағанда, жылқының ең жақын тектері Солтүстік Американы мекендеген. Оны ғалымдар жылқының отаны санайды. Осы арадан, ертедегі құрылықтарды жалғастырып жатқан мойнақтар арқылы күні бүгінге дейін өсіп, өніп келе жатқан, бірақ климаттық жағдайға және адамның араласуына байланысты бұрынғы тектерінен көп өзгерістерге ұшыраған қазіргі жылқылардың арғы тектері Еуропаға, Азияға, Африкаға өткен.

 

Бір таңғаларлығы сол, тас ғасырында Америкада жылқы мүлде құрып кеткен. Осыған байланысты ғалымдардың пікірлері екіге жарылады: біреулері мұны материкті түтас мұз басып кетуінен десе, екіншілері – эквидтерді тас ғасырының адамдары құртып жіберуінен дейді. XV ғасырда Американы ашқандар ол жерден жылқыны кездестіре алмаған.

 

XVI ғасырдағы француз философы Мишель де Монтень үндістердің ең алғаш аттылы испандықтарды көргендегі әсерлерін былайша суреттейді: «...олар өздеріне келген осы адамдарды және олардың мінген аттарын құдай немесе адамзат табиғатымен қабыспайтын ерекше құдіретті хайуан деп қабылдаған. Олардың кейбіреулері, жеңіліс тапқаннан кейін, испандықтардың алдына жүгініп, алтындары мен тағамдарын ұсынып, қайырым мен кешірім сұрап жалбарынған, жылқының кісінеуін келіскендiк пен кешірім жасағандық деп түсінген».

 

Осыдан байқап отырғандығымыздай, Америкада сан мыңдаған жылдар бойына жылқы түлігі атымен болмаған. Ал шым-шытырық оқиғалы романдарда сипатталатын мустангтар – жабайы емес, тағыланып кеткен жылқылар. Оларды бұл континентке еуропалықтар әкеліп, әлдебір себептерге байланысты адамдар мен олардың тұрақтарынан қол үзіп кеткендер. Тағыланып кеткен жылқылар күні бүгіндері, Америкадан басқа, Австралияда, Польша, Канада, Франция, Ресей, Украинада кездеседі.

 

Қолға үйретілген мустангтер америкалық үндістерге, мал өсірушілерге үлкен пайда әкелді. Ұшы-қиыры жоқ жазықтарда тұрқы соншалықты көз тартарлық болмағанымен, жүйрік, төзімді, күшті, икемді мустанг олардың сенімді серігіне айналды. Бұл жылқылар аштық пен шөлге шыдамды, қалың қар мен ағысы қатты өзендерден қиналмай өте береді. Мұндай қасиеттер тек жылқылардың тағы түрлеріне ғана тән.

 

Бір қызығы сол, үндістердің аңыздарында жылқыны еске салатын бұлыңғыр естеліктер сақталып қалған. Ал адамдар Америка құрлығында жылқы атымен жойылып кеткен соң ғана пайда болған. Ғалымдардың тұжырымдары осындай. Ал сонда аңыздағы жылқы сұлбасының көрініс беруі қалай? Жұмбақ сыр осы. Көп уақыт бойына жылқының тегі төрт түқымнан: жылқының өзінен, есектен, жартылай есектен және жолақты зебрадан тараған деп саналып келді. Алайда, өткен ғасырдың 90-шы жылдарының басында ғалымдар зебраны дербес екі тұқымға – Греви зебрасы және тұрқы шағын зебраларға жатқызып, осылайша олардың тұқымдарының санын бесеуге дейін жеткізді. Біріншісі – сөз жоқ жылқының өзі. Оған барлық жылқы тұқымдастар: уэльстік және шотландтық понилерден бастап, ең кемі жиырма үш тоннаға дейін жүкті еркін тарта алатын владимирлік ауыр салмақтылар кіреді.

 

Жылқының арғы тегі

 

Осы кейінгі кездерге дейін саны көп жылқының жабайы тұқымдастары үй жылқысының арғы тегі делініп келді, ғалымдар олардың үш түріне – Пржевальский жылқысына, Тарпаңға, Құланға табан тіреді.

 

Пржевальский жылқысын орыс саяхатшысы Н.М.Пржевальский Орталық Азияда 1879 жылы тапты. Олардың тұрқы шағын (төбелігінен бастағандағы биіктігі 120-135 см), денесі тығыз, басы үлкен, қысқа мойны жуан, төбелігі аса айқын емес, арқалығы тегіс, аяқтары қысқа әрі жіңішке келеді. Жалы қысқа, қалың, төгіліп тұрады, кекілі жоқ, құйрығы бөкселігінің ортасына таман басталады. Түсі көбіне қоңырқайлау және құла, арқасында қара белдігі бар, құйрығы мен жалы қара. Олардың аздаған бөлігі Моңғолия Халық Республикасының Алтай сыртындағы Тоби жазығында және Қытайдың солтүстік батысында кездеседі. 5-20-дан үйір-үйір болып жүреді. Өте сезімтал әрі сақ келеді. Шөлдің онсыз да талшы шөптесін өсімдіктерімен қоректенеді. Суатқа ымырт үйірілгенде ғана барып құлайды. Жайылым іздеп кең жазықта маусым аралатып көшіп жүреді. Буаз кезеңі шамамен он бір айға созылады, құлындарын көктемде – сәуір-мамырда туады. Қолға үйренуі өте қиын, сондықтан шаруашылықта пайдаланылмайды. Жылқының бірден-бір сирек кездесетін түрі ретінде қорғауға алынған. Үй жылқысымен шағылыстырғанда өнімді ұрпақ береді, зебра және есекпен жақындастырудан тұқым алынбайды.

 

Осы жылқы анықталғаннан кейін, ол сол сәтінде-ақ «алғашқы жылқы», «қазіргі жылқылардың әу бастағы енесі болған» деп саналды. Алайда, бұл тұжырым ақиқатқа жақын болмай шықты. Жылқылар тарихының әйгілі білгірі саналатын ғалым В.И.Громова тыңғылықты зерттеулер жүргізудің нәтижесінде, Пржевальский жылқысының, оған бір табан жақындығы болғанымен, қазіргі жылқыларға ешқандай қатысы жоқ екендігін дәлелдеп берді. Кейіннен оның бұл пікірінің дұрыстығы хромосомаға тексеру жүргізудің барысында айқындалды: Пржевальский жылқысында хромосомалардың алпыс алты, ал үй жылқысында – алпыс төрт жұбы бар болып шықты. Осылайша Пржевальский жылқысы қазіргі жылқылардың ертеректегі енесі емес, жай туысы екендігі мәлім болды. Бәлкім, мысал үшін айтқанда, моңғол жылқысы сияқты бірқатар далада жайылып жүрген жылқы тұқымдастарына әсері болды деген күннің өзінде, ол өз бетімен өсіп, жетілген.

 

Тарпаң – еуропалық жабайы жылқы. Міне, нақ осылар қазіргі үй жылқысының әу бастағы ата тектерінің бірі болған. Еуропалық тарпаң жотасында қара жолағы бар күлгін-сұр түсті, жалы, құйрығы қара, аяқтарында қара немесе қоңыр түсті «шашақтары» бар, кейбіреулерінің алдыңғы аяқтарында зер салса ғана айқын байқалатын көлденең зебра түсіне ұқсас жолақтар болған.

 

Тарпаңдар туралы Днепр уезінің басқармасы А.М. Колчанов былай деп жазады: «Тарпаңдар өте сақ келеді, сүйегі жеңіл әрі жүйрік. Тарпаңдар үйірін айғыры бастап жүреді, ол жайылған кезде үйірді күзетіп, әрдайым қандай да бір қорғандардың басында, атап айтқанда биік жерлерде қарауыл қарап тұрады. Айғыр қауіп төнген жағдайда үйірге дыбыс беріп, өзі ең соңынан барып кетеді... Тарпаңдар шөлге өте төзімді келеді, шөпке тұнған шық тамшысын тілімен жаласа, ол соған жетіп жатыр».

 

Тарпаңдардың ең соңғыларының бірі 1866 жылы Мәскеу хайуанаттар паркіне жеткізілді, бірақ оны қолға үйрету мүмкін болмады, ең аяғы тұқымы да алынбады.

 

Бөлісу:
(Суреттер ашық интернет көзінен алынды) Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға