Жаңалықтар

Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ: "Елуге екі келмеспін"

Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ, Мемлекеттiк сыйлықтың лауреаты, ақын.
31.07.2014 08:02 4907

Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ, Мемлекеттiк сыйлықтың лауреаты, ақын.

Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ: "Елуге екі келмеспін"

Көрнектi ақын Мұқағали Мақатаевтың «Өмiрге, өзi өмiр сүрiп отырған қоғамға белгiлi бiр көзқарасы жоқ адам ақын емес. Ондай адамның өзiн ақын ғана емес, қоғамның ойлай бiлетiн азаматымын деуге хақысы жоқ. Нағыз ақын ойшыл, философ болуы қажет» деген терең ойлы сөзi бар. Сол айтқандай, Сiз өзiңiздi «ойшыл», «философ» ақын са-найсыз ба?

– Əлемдiк өлең тарихында «Нағыз поэзия деген не, нағыз ақын қандай болуы керек?» деген сұрақтарға қатып қалған қалыптай сiрескен стандарт жауап жоқ. Əлгiндей «Нағыз ақын ойшыл, философ болуы қажет» деп кесiп айтқан керемет ақын Мұқағали ағамыз да өзiн ойшылға, философқа жатқыза қоймаған сияқты. Əйтпесе, Мұқаң «Туады, туады əлi нағыз ақын» деп жаза қоймаған болар едi ғой...

Əйгiлi өлеңтанушылардың кейбiреуi «Өлеңге ешбiр ойдың керегi жоқ, оқырманға ой айту жырдың тiке мiндетiне кiрмейдi, ол тек сезiмнiң ғана əлемi болуы керек» деп есептесе, ендi бiреулерi «поэзияға осылардың екеуi де керек» дейдi. Стефан Малларме Эдгар Дегаға жазған хатында «Қымбаттым, өлеңдi ойдан құрамайды, өлеңдi сөзден құрайды» деген. Ал Қадыр Мырза Əли ағамыздың «Ақынға керек ақыл көп, тентектiк керек аздаған» дегенiн қайда қоямыз? Қараңызшы, ол кiсi де «ақынға сезiм керек» деп тұрған жоқ қой. Бiзде «пəленше ойдың ақыны, түгенше сезiмнiң ақыны» деп анықтап жатады. Менiңше, арғы Баласағұн мен Иассауидi айтпағанда, бiзде ұлы Абайдан басқа таза ойшыл, философ ақын жоқ. Одан кейiнгi ақындардың iшiнен Сыр сүлейлерiнiң термелерiнен кесек-кесек философиялық ойларды табуға болады, дегенмен олар да таза ойшылға жатпай-ды. Бұл ойшылдықтың нышандары ғана. Марқұм əншi Жəнiбек Кəрменовтiң «Апыр-ау, неге тудым ойшыл болып?» дегенiн əзiлге сайдық. Бертiнгi ақындардан Қадыр, Жұмекен ағаларда ойшылдық емес, ойлылық басым. Мен ойсыз ақын емеспiн, бiрақ ойшылға да жата қоймаспын. Ал «ойшыл ақын» деп трактат жазып жүрген Тыныштықбектi тану керек шығар.

– «Поэзиясезiм мен рухтың құймасы» екенi даусыз. Сiз-дiң сол «құймаңызға» орынды-орынсыз сындар айтылды ма? Жалпы, сынды қалай қабылдайсыз?

– Айтылып-ақ жүр. Мұндай сынға о дүниелiк болып кет-кен Мұқағали мен Оралхан сияқты асыл ағаларым да ұшырап жатқанда, тiрi жүрген мен неге ұшырамауым керек? Ондай орынсыз сынға ə дегенде Өтежан ағам айтқандай, «аздап нервни-чить ететiнiм» рас. Кейiнгi кезде «осы жiгiт қайда бара жа-тыр, екпiнi мен еңсесiн басып қояйық» деген сыңайдағы, тырнақастынан кiр iздеушiлiк, менiң жыр жолдарым мен сөз тiркестерiмдi ашық бұрмалаушылық көрiнiсiмен бiрнеше мəрте беттесуге мəжбүр болдым. Мысалға, менiң «Мəңгүрттiң моно-логы» дейтiн өлеңiмдегi өз ұлтына көңiлi толмайтын көзқаман кейiпкерiмнiң ой-көзқарасын менiң өз пiкiрiме «айналдырып», менi Масанов пен Своикке, тiптi Жириновскийге теңеген, өз халқын жек көретiн ақын деп «дəлелдемек» болған да сындар шықты. Егер баяғы заман болса, мұндай айыптаулардан кейiн менi əлдеқашан «халық жауы» деп ұстап əкеткен, əрi халыққа жаулық ойлағанымды өзiме мойындатып та қойған болар едi. Мұндай сындардан отызыншы жылдардың қан аңсаған ескi əдiсiнiң иiсi шығады. Жүрегiңдi ауыртатыны, ең жаманы, өлеңiңе ғана тиiсiп қоймай, түрлi құйтырқы сөзбен түртпектеп, жаныңды жазықсыз жаралап, арыңа тиiсуге ұмтылатындары. Қайтейiк, бүгiнгi ең алдыңғы қатарлы сынның сыйқы осы болса…

Ал əдiл сындарға өкпем жоқ. Ондай сындардың жанашырлы-ғын сезiнбесең де шындығына иланасың. Əдетте, сиясы кеппей жатып, асығыс жарияланып кеткен өлеңдердiң кейбiрiнде кей-де бiр қайнауы кем тұстары табылып қалуы əбден мүмкiн. Ондайда орынды сын айтылса, iштей мойындап, «шынында да мынау кемшiлiгiмдi байқамай қалған екенмiн» деп өкiнiп, түзетуге тырысасың.

Ең алғашқы жазған өлеңiңiз есiңiзде ме? Ол кiмге ар-налды? Негiзi, сөз дертiмен «ауыруға» не түрткi болды?

– Бiздiң елдегi Ержан Ахметов пен Рахметолла Тоқтарбаев сияқты атақты жырау, ақындарды бала кезден тыңдап өстiм. Ес бiлгелi ұйқасты сөзге құмар болдым. Бала кезде əжем «Ба-тырлар жырын» дауыстап оқытып қоятын едi. Өзi де кейбiр жырларды жатқа айтатын. Соның бəрi əсер еткен болар. Əкем қайтыс болған соң, соңында қалған кейбiр жазбаларын қарап отырсам, ол тəп-тəуiр өлең де жазған екен. Ауыл арасындағы суырыпсалма ақындығы бар нағашым Совет (ақын Гүлнар Салықбаеваның үлкен ағасы) екеуi кейде «өзiме тартқан» деп менiң ақындығыма таласып отырушы едi. Ең алғашқы өлеңiм анама арналғаны есiмде. 1967 жылы, он үш жасымда балалар газетiнде жарияланды.

Кей қаламгерлер əдебиетке поэзия арқылы келедi де, прозаға ауысады. Ал кейбiреулер прозадан поэзияға ойыса-ды. Тiптi, екi жанрда да қалам қуатын байқап жүргендер де бар. Сiз өз бағыңызды проза саласында сынап көрдiңiз бе?

– Ақыннан мықты прозашы шығады, ал прозаиктен ешқа-шан да ақын шығып көрген жоқ. «Проза дегенiмiз – поэзия-ны басқа құралдармен жалғастыру» деген екен Иосиф Брод-ский. Көркем прозаға шыдамым жетпейдi. Бастаған көлемдi əңгiмелерiм көбiне бiтпей қалады. Маған қысқа новелла, шағын эсселер қол екенiне көзiм жеттi. Жуықта кейбiр эсселерiмдi жа-риялай бастасам деген ойым бар. «Араның» редакторы Көпен Əмiрбек оқып, бiр-екеуiне «құда» түсiп жүр.

Бiр жылдары «Қазақ əдебиетi» газетiнiң таралымы 86 мыңнан асып жығылып едi. Қазiргi таралымы 15 мыңнан аса алмай отыр. Оның себебiн неден iздеуге болады?

– Оқырман азайған жоқ, керiсiнше басылым көбейдi. Ол кезде «Қазақ əдебиетi» ұлт мүддесiн мұрат тұтқан жалғыз газет болған едi. Қазiр оның жүгiн арқаласушы басқа басылымдар жетерлiк. Сондықтан «Қазақ əдебиетiнiң» оқырмандары басқа басылымдарға бөлшектенiп кеттi. Ең басты себеп – осы.

Қазақ əдебиетi газетiне бас редактор болып келгелi «Жас қалам», «Мəдениет», «Кiтап əлемi», «Айтыс», «Қал-жыңқалта» сияқты қосымшалар мен беттер аштыңыз. Тағы да осы сияқты қосымшалар ашыла ма?

– Қосымша көбейткеннен ұтарымыз да, ұтыларымыз да бар екен. Ұтарымыз – газеттiң тақырып ауқымы кеңейедi, ұты-ларымыз – басқа материалдардың өрiсi тарылады. Газет көлемiн соза беруге болатын резина емес. Көлемiн ұлғайту үшiн қаржы керек. Сол себептi де ойға алған «Зиялылар өмiрi» сияқты қо-сымшаны шығара алмай отырмыз.

Республика сарайында шығармашылық кеш өткiзгелi отырсыз. Бұл Сiздiң ел, халық алдындағы шығармашылық есебiңiз деп түсiнгенiмiз дұрыс па?

– Дұрысты дұрыс деу керек... Ел-жұрт «елуге келдiң» деп жатқан соң, етi қызып, елегiзген адам не iстемейдi?

Өмiрге адам «Не аламындеп емес, «Не беремiндеп келедi. Туған елiңiз бен əдебиетiңiзге не бердiңiз?

– Өмiрге адамның не үшiн келетiнiн əртүрлi ақылды кiтап-тар əртүрлi түсiндiредi. Оның мəнi бiз бiлетiн алу мен беруден гөрi, əрiректе жатса керек. Ал 35 жыл өлең мен мақала жазған адам елi мен əдебиетiне не берушi едi? Бүгiнге дейiнгi жарық көрген, көрмеген шығармаларымды жинақтап едiм, сiзге өтiрiк, маған шын, 5 том болды: үшеуi – өлең, бiреуi – аударма, бi-реуi – мақалалар, əрқайсысы 20 баспа табақтан. Жазғандарым-ды сұрыптап, жинақтау көптен ойда жүрген, бiрақ жуыр маңда орындалмайтындай бiр iс едi. «Қазығұрт» баспасының бастығы Темiрғали Көпбаевтың итермелеуiмен қолға алып едiм, қазiр басылып жатыр. Алғашқы томы жақын арада қолға тиетiн түрi бар, құдай бұйыртса, қалғандары жаз бойы шыға жатар. Елуге ендi келмеспiн. Бес том аз ба, көп пе? Осыларды басқа бiреу емес, байқамай өзiм жазып тастағаныма əлi сене алмай жүрмiн.

Əңгiмеңiзге рақмет

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, «Ағынан жарылсақ» 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға