Жаңалықтар

Ұлттық банк алаяқтардың жаңа схемасы туралы ескерту жасады

Ұлттық Банк жеке тұлғаларға қызмет көрсетпейді және халықпен ақшалай есеп айырыспайды
Ұлттық банк алаяқтардың жаңа схемасы туралы ескерту жасады
Фото: admnvrsk.ru 13.10.2022 01:18 2445

Қазақстан Ұлттық Банкі телефон алаяқтарының өз «өкілеттігін» немесе жоқ шоттары мен аударымдарын растау үшін жалған құжат ұсыну фактілері жиілеп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz.

"Алаяқтар өзін Ұлттық Банк қызметкері ретінде таныстырып, ҚР азаматтарының қаражатын жымқыру мақсатында жаңылыстыруға тырысады. Сонымен қатар, бұл схемалар «арнайы операция» деген желеумен «құқық қорғау орган қызметкерлерінің қатысуымен» жүзеге асырылып жатқандай болады. Сол іс-әрекетінің заңдылығын растамақ болып «Ұлттық Банктің қызметкеріне» қоңырау шалады, қызметкердің жалған куәлігін ұсынып, банктік аударымдар үшін деректер жібереді", - делінген хабарламада.

Мұндай құжаттар, көбіне, азаматтың несиелік қарызын өтеу үшін азаматтар аударған қаражаты бар банкте шоты немесе сейфтік ұяшығы барын растайтын ақпаратты қамтиды. Бұдан басқа, құжатта «уәкілетті тұлғалардың» қойған қолы, аты-жөні, мөрі және басқа да растайтын элементтер көрсетіледі.

Банктік операцияларды растайтын жалған құжаттарды немесе жалған суреті бар куәліктерді пайдаланғаны – азаматтардың сенімін оятады және алаяқтарға қомақты соманы аударуға мәжбүрлейді.

"Осыған байланысты Ұлттық Банк «құқық қорғау жүйесі қызметкерлерінен» немесе «Ұлттық Банк қызметкерінен» телефон арқылы қоңырау түскенде әңгімені үзіп, алаяқтық мақсатта ойластырылған «арнайы операцияларды» жүргізуге қатыспау керек екенін жеткізеді. Бұдан әрі 1477 нөмірі бойынша Ұлттық Банктің Байланыс орталығына немесе құқық қорғау органдарына жүгінуге болады", - деді Ұлттық банк.

Ұлттық Банк мобильді қосымшаларды орнатпауды, өзінің дербес деректерін жарияламауды, ұялы телефонды қашықтан басқартпауды және телефонмен әңгіме кезінде алынған нұсқаулар бойынша қаражатты үшінші тұлғаның шотына аудармауды сұрайды.


Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға