Ұлттық валютадағы депозиттер бір айда 4,5 пайызға артты
Жеке тұлғалардың теңгедегі депозиттері 8 865,6 млрд теңгеге дейін 5,8 пайызға ұлғайды
Қазақстанда депозиттердің сомасы бір айда 7,6 пайызға ұлғайды. Бұл туралы Ұлттық банктың баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды El.kz.
– Резиденттердің депозиттік ұйымдардағы депозиттерінің көлемі бір айда 7,6 пайызға артып (жылдық мәнде өсу 8,1% болды), 2022 жылғы маусымның соңында 27 162,9 млрд теңге болды. Заңды тұлғалардың депозиттері бір айда 13 801,2 млрд теңгеге дейін 8,2 пайызға ұлғайды, жеке тұлғалардың депозиттері 13 361,7 млрд теңгеге дейін 7 пайызға өсті, – делінген Ұлттық банк мәліметінде.
Ұлттық валютадағы депозиттердің көлемі бір айда 17 581,2 млрд теңгеге дейін 4,5 пайызға артты. Шетел валютасындағы депозиттердің көлемі 9 581,7 млрд теңгеге дейін 13,9 пайызға өсті. Долларландыру деңгейі 2022 жылғы маусымның соңында 35,3% (2021 жылғы желтоқсанда – 36%) болды.
– Заңды тұлғалардың ұлттық валютадағы депозиттері 2022 жылғы маусымда 8 715,6 млрд теңгеге дейін 3,2 пайызға өсті, шетел валютасындағы депозиттер 5 085,6 млрд теңгеге дейін 18,1 пайызға артты. Жеке тұлғалардың теңгедегі депозиттері 8 865,6 млрд теңгеге дейін 5,8 пайызға ұлғайды, ал шетел валютасындағы депозиттері 4 496,1 млрд теңгеге дейін 9,5 пайызға артты, – делінген хабарламада.
