Жаңалықтар

Ұлттық стильдегі киімдер бүгінгі заманға қалай икемделіп келеді?

Отандық этно-дизайнерлермен әңгімелестік
Ұлттық стильдегі киімдер бүгінгі заманға қалай икемделіп келеді?
Фото: ©El.kz/Бақытжан Батырханұлы 20.03.2022 10:00 66407

Қазіргі таңда қыз-келіншектер арасында заманауи стильде тігілген ұлттық киімдер мен орамалдар сұранысқа ие бола бастады. Жыл сайын қазақ аруларының киімге деген талғамы өзгеріп келеді. Нәзікжандылар қазақи дүниелерді заман талабына сай икемдеп, күнделікті өмірде киюді әдетке айналдырған. Сонымен, қазақи дүниелер бүгінгі заманға қалай икемделіп келеді? Әсіресе қандай маталардан тігілген қазақи нақыштағы киімдер аруларға нәзіктік сыйлайды? Жаңа стильде оюлы қамзол, қыз жасауын тігетін отандық этно-дизайнерлермен сұхбаттасып қайттық.

 

«Ұлттық нақыштағы дүниелерге сұраныс артқан»

Ұлттық нақыштағы киім-кешектер мен дүниелер бұрын арнайы мерекелерде ұлықталса, қазіргі таңда күнделікті өмірімізге дендеп енген. Сәнге құмар қыз-келіншектер оюлармен көмкерілген қазақи киімдерді бүгінгі заманға сай икемдеп киюді әдетке айналдырған. Отандық этно-дизайнерлердің бірі Қазипа Қалиқызы уақыт өткен сайын ұлттық құндылықтарға қызығушылық пен сұраныс артып келе жатқанын айтады.

Ұлттық стильдегі киімдер бүгінгі заманға қалай икемделіп келеді?

– Сырға салу, қыз ұзату, келін түсіру, шілдехана, бесік тойы, сүндет тойы сынды өзге де қазақтың тойы көп қой. Осындай мерекелік отырыстарға аруларымыз гүлді не бір түсті матадан тігілген көйлектер кисе, ал сыртынан көздің жауын алатын оюлармен безендірілген заманауи жилеттер киіп, одан сайын ерекшелене түседі. Бұл бір жағынан қарапайым болып көрінгенімен көйлектің түсі жилеттің түсімен үйлесіп, әшекей-бұйымдарымен одан сайын ажарлана түседі. Уақыт өткен сайын осындай дүниелерге деген қызығушылық артып келеді, - дейді Қазипа Қалиқызы.

Ұлттық стильдегі киімдер бүгінгі заманға қалай икемделіп келеді?

Соңғы бірнеше жылдан бері ұлттық нақыштағы футболкаларды кию жаппай сәнге айналған. Мұндай киімдерге салынған элементтер аз болғанымен ой саларлық дүние мол.

– Мектеп жасындағы балалардан бастап жастарға дейін күнделікті өмірде әсіресе қазақтың ою-өрнектерімен көмкерілген киімдерді кие бастағанын байқаймыз. Ұлттық құндылықтарымыз заман ағымына сай түрленіп, өзгеше сипат алды. Заманауи стильге бағыттап, көпшілік арасында кеңінен дәріптеліп жүр. Бұл – өте қуантарлық жағдай, - дейді этно-дизайнер.

Ұлттық стильдегі киімдер бүгінгі заманға қалай икемделіп келеді?

Суретшілік қабілетін бизнеске айналдырған этно-дизайнер Абайдың қара сөздеріне, ақынның суреті салынған жейделерге қызығушылық жоғары екенін айтады. Әсіресе жастар арасында киген киімдерінің және ұстаған сөмкелерінің сыртына ою-өрнектерді үйлестіріп салу сәнге айналған.

– Қазіргі кезде жапырақ-өсімдік тектес, аң-құс тектес, астрономиялық және т.б. ою-өрнектердің түрі көп. Бұлардың барлығы қазір қолданыста жүр. Бір ерекше атап өтерлігі, мерекелік отырыстарға киетін киімдерде ою-өрнектер кеудемізге, кеудемізден жоғары, иығымызға, жеңімізге салынуы тиіс. Бұл – бұрыннан келе жатқан дәстүр. Ал күнделікті өмірде аруларымыз өзінің қажетіне және талғамына қарай көбінесе ою-өрнектерді кеудесінің бел тұсына салып та, киіп жүр. Тіпті жилеттердің сыртын қазақтың оюларымен заманауи стильде сәндеп жүргенін байқаймыз, - дейді этно-дизайнер.

Ұлттық стильдегі киімдер бүгінгі заманға қалай икемделіп келеді?

Әсіресе жібек матадан тігілген көйлектер мен киім-кешектер қыз-келіншектерге нәзіктік сыйлайды.

– Қазіргі кезде әсіресе гүлді маталардан тігілген киімдер сәнде деуге болады. Адамдар ең әуелі матаның сапасына аса мән береді. Сондай-ақ киімнің денеге қонымды болуы да аса маңызды рөл ойнайды. Ал ою-өрнектердің көлемі көйлектің пішіміне қарай үйлесімділікпен салынуы қажет. Жилетті көбінесе барқыт маталардан тігеді. Матаның әсіресе осы түрі өзінің бағасын жоймайды деп ойлаймын, - дейді Қазипа Қалиқызы.

«Жасаусыз қыз болмайды, жабдықсыз үй болмайды» демекші қазақ халқы бұрыннан алақанына салып, аялап өсірген қызын жасаусыз ұзартпаған. Бүгінгі таңда тұрмыс-салттың өзгеруіне байланысты қыз жасауы да жаңа дүниелермен түрленіп әрі толығып жатыр.

Ұлттық стильдегі киімдер бүгінгі заманға қалай икемделіп келеді?

– Әр облыста қыз жасауы әртүрлі ғой. Дегенмен де қыз жасауының негізгі заттарына тоқталып кетсек. Бірінші бұл махаббат көрпесі. Бұл жігіт пен қыздың төсегіне арналған жамылғы көрпеден және қос жастықтан тұрады. Бұған қосымша төрт қонақ көрпе мен төрт жастық болады. Осы заттар – қыз жасауының базалық түрі. Қазіргі заман талабына сай және ұзатылып кетіп бара жатқан қыздың отбасылық жағдайына қарай оған біршама жаңа дүниелер қосуға болады. Мәселен, жігіт пен қыздың махаббат бөлмесін қажетті заттармен жабдықтау. Оған төсек қаптары, терезесінің перделері жатады. Сондай-ақ қонақ бөлмесіндегі үстел үстіндегі дастархандары, бөлмедегі диван үстіне қойылатын жастықтарына дейін ұлттық стильде түрленіп жатыр. Қазіргі таңда біз осы жұмыстармен айналысамыз, - дейді этно-дизайнер.

Сондай-ақ этно-дизайнер қыз жасауына шамамен қанша қаржы жұмсалатынын да айта кетті.

– Қыз жасауына кемінде 500 мыңдай қаражат керек. Бұған көрпе-жастығымен қоса, ыдыс-аяқтары қосылады. Ыдыс-аяқтарына кесе-қасықтармен бірге кей өңірлерде шәйнек мен қазандарына дейін қосып беріп жатады. Үстелдің үстіне жаятын дастарханы міндетті түрде болуы тиіс. Және құда-құдағиларға арналған төрт көрпе жастығы да бар. Мен жасайтын дүниелерімнің ең әуелі, матасына және сапасына аса мән беремін. Екіншіден, олардың сырты ұлттық нақыштағы ою-өрнектермен кестеленген. Оларды тігуге сапалы жіптерді қолданамыз. Көрпе-жастықтардың ішін таза мақтамен немесе таза жүнмен толтырамыз, - дейді ол.

Этно-дизайнердің айтуынша, қыз көрпесі бархыт матадан, қонақ көрпелер жібек қоспасы бар бархыттан тігіледі және оған жібек жіптер қолданылады.

Ұлттық ою-өрнектерді киім-кешектерде болсын, ыдыс-аяқтарда болсын қолданудың өзіндік тарихы да бар. Мәселен, қошқар мүйіз байлықты, құсқанаты бейбітшілікті білдіреді. Сондай-ақ ою-өрнектердің ішінде әсіресе таңдай, гүл, арқар мүйіз сынды және т.б. көбінесе киім-кешектердің жеңіне, қалтасына және жағасына салады.

– Мысалы, құда-құдағидың жастығы бастары бір жастықта қартайсың деген ниетпен оюлары бір-бірімен қабысады. Қыз жасауының көрпе-жастықтарына төрт құбыласы тең болсын деген бағытта ою-өрнектердің композициясы салынады. Қонақтарға арналған көрпеге ою-өрнектері бөлініп-бөлініп бір-біріне жалғасқан. Бұл – сыйластықтың белгісі. Қазіргі кезде махаббат көрпесінің сыртына қос кептердің немесе қос аққудың суретін салып жатады. Бұған құстың бейнесін салуды құптамаймын. Әлбетте, ырымға сенген жақсы ғой. Бірақ оның орнына жапырақтай гүлдеп, жайқалып мәуелеп өсе берсін деген мақсатпен өсімдік тектес өрнектерді салған дұрыс деп есептеймін, - дейді Қазипа Мұхаметқали.

Сондай-ақ қазіргі кезде қыз жасауына күйеу көрпе мен келін көрпеше қосылған. Бұл көрпеге күйеу жігіт қыз жаққа келіп, дастархан басына жайғасқан уақытта астына арнайы осы көрпені төсейтін болған. Ал көрпешені қыз келін болып барған үйіңде шәй құйған кезде астына төсеп отырған. Мұны кейде «шәй көрпе» деп те атайды. Тағы бір айта кетерлігі, кей өңірлерде қыз жасауына дән, шәй сынды және т.б. қоржын түрлері дайындалады. Бір ерекше атап өтерлігі, соңғы уақытта қыз жасауына самаурын қосылыпты. Оның сырты ұлттық нақышпен әсемделген.

Ұлттық стильдегі киімдер бүгінгі заманға қалай икемделіп келеді?

– Қазіргі кезде ұлттық нақыштағы дүниелерге сұраныс жоғары. Кез-келген қыз-келіншек өз гардеробынан ұлттық нақыштағы бір немесе екі-үш киімді көргісі келеді. Қазақи нақыштағы бұл киімдер тек мерекелер мен той-томалақта ғана емес, күнделікті өмірде де киюге ыңғайлы. Мен тігетін киімнің ең әуелі матасына аса мән беремін. Қолымнан шыққан кез келген дүниемнің ерекше әрі сәнді болғанын қалаймын, - дейді этно-дизайнер.

Қазипа Қалиқызының жұмыстарының бір ерекшелігі киімдерге салынған ою-өрнектер қайталанбайды. Этно-дизайнердің жұмыстарында түстер көп болғанымен бір-бірімен үйлесімділік тапқан.

– Күллі әлемге таралған жұқпалы індеттің кесірінен кәсібіміз аздап тоқтап қалды. «EXPO-2017» кезінде біраз көрме ұйымдастырдық. Одан бөлек, елімізде және шетелдерде көрмелер өткізіп келеміз. Шетелдіктер арасында ұлттық нақыштағы дүниелерге қызығушылық та, сұраныс та жоғары екенін байқадық, - дейді этно-дизайнер Қазипа Қалиқызы.

Қазипа Мұхаметқалидың айтуынша, бүгінде оюлы киімдер киюден қыз-келіншектерден ер-азаматтар да қалыс қалып жатқан жоқ.

– Әсіресе былтыр және биылдан бастап ер-азаматтар тарапынан оюлы костюм тіктіруге тапсырыс артты. Көбінесе ресми және бейресми отырыстарға киетін түрлері үлкен сұраныста болып тұр. Оның ою-өрнектері жағасының орта тұсында, иығында болмаса қалтасының бетіне салынған. Қазіргі кезде осындай стильдегі костюмдер жаппай сәнге айналған, - деп сөзін түйіндеді этно-дизайнер Қазипа Қалиқызы.

 

Жібек матадан тігілген киімдер нәзіктік сыйлайды

Ұлттық стильдегі киімдер бүгінгі заманға қалай икемделіп келеді?

Елордадағы Жоғары Сән және Дизайн мектебінің этно-дизайнері Ғалия Әбдіжәлиқызы қазіргі кезде әсіресе жібек секілді таза өнімдерден алынған маталар сұраныста екенін айтады. Бұл денеге бір жағынан қонымды тұрса, екі жағынан нәзіктік сыйлайды.

Ұлттық стильдегі киімдер бүгінгі заманға қалай икемделіп келеді?

– Қазіргі кезде көбінесе жейде стиліндегі көйлектер сәнде деуге болады. Қазақи ою-өрнектермен көмкерілген бұл киімдер заманауи стильде тігілген. Қуантарлығы, ақ жаулықты әжелеріміз де сәннен қалыс қалғысы келмейді. Олар да бастарына тағатын орамалдың сәнді әрі ыңғайлы болуын қалайды. Қонақтарға барғанда апа-әжелеріміздің бастарына тюрбан тағып жүргенін байқаймыз. Бұдан қазіргі кезде адамдардың киімге ерекше мән беріп қарайтынын түсінуге болады, - дейді Ғалия Әбдіжәлиқызы.

Ұлттық стильдегі киімдер бүгінгі заманға қалай икемделіп келеді?

Шебердің айтуынша, бір киімді тігуге шамамен екі аптадай уақыт кетеді. Ал оның бағасы жұмыстың күрделілігіне қарай белгіленеді

Ұлттық киім заманауи стильге икемделді

Тамара Құрманбаева соңғы отыз жылдан бері тек мерекелерде ғана емес, күнделікті өмірде де қазақи нақыштағы киімдерді киюді әдетке айналдырған. Қазір жасы 70-ке тақаған елордалық тұрғын атаулы мейрамдар қарсаңында ұлттық нақыштағы заманауи стильдегі киімдер тіктіріп тұрады екен.

Ұлттық стильдегі киімдер бүгінгі заманға қалай икемделіп келеді?

– Қазір жасым 70-те. Қазақи нақыштағы дүниелер жас кезімнен жаныма жақын. Бастысы – ниет. Тағы бір айта кетерлігі, кез келген көйлекті басыңа таққан орамалмен үйлестіруге болады. Мәселен, басқа тағатын орамалды анда-санда осындай әдемі тюрбанға неге ауыстырмасқа? Мұны үйде болмаса қонаққа барғанда тағып барсаңыз, сізге әдемілік әрі нәзіктік сыйлайды, - дейді Тамара Құрманбаева.

Ұлттық стильдегі киімдер бүгінгі заманға қалай икемделіп келеді?

Гүлбағиран Кәрібжанова да жас кезінен бастап этно-стильдегі киімдерді киеді. Бастысы ұлттық нақышты қазіргі стильге икемдей білген.

– Мен әрдайым заманауи стильде қазақтың ұлттық ою-өрнектерімен көмкерілген киімдерді кигенді ұнатамын. Жасым 70-те болса да, көңілім әрқашан жас. Үнемі өзгерісте, дамуда болғанды қалаймын. Сондықтан сән әлеміндегі соңғы жаңалықтар жайында этно-дизайнермен әңгімелесіп, ақылдасып, кезекті киімнің пішімі қандай болуы керегін талқылап, бірлесіп шешіп отырамыз. Көйлек те, қамзол да киемін. Бірақ орамал тақпаймын. Кез келген киімге мейлінше қазақтың ою-өрнектерін салғызып тұрамын. Өйткені олар маған ұнайды. Шамамен екі айда бір рет тойға, қуанышқа болмаса күнделікті тұрмыста киетін киім-кешек тіктіріп тұрамын, - дейді Гүлбағиран Қайдарқызы.


Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға