Жаңалықтар

Ұлттық музей Тұңғыш Президент күнін атап өтті

1 желтоқсан – ҚР Тұңғыш Президенті күні
02.12.2016 06:07 4832

ҚР Ұлттық музейінде Тұңғыш Президент күніне арналған «Елбасы – ел тірегі» атты мәдени-танымдық кеш өтті.

Ұлттық музей Тұңғыш Президент күнін атап өтті

Шара Ұлттық музейдің «Тарихи тұлғалар» атты ағартушылық-танымдық бағдарламасы аясында ұйымдастырылды. Кеш барысында Елбасының ел дамуындағы тарихи орны, Тәуелсіз Қазақстанның өсіп-өркендеуіне қосқан үлесі, мемлекеттің ішкі-сыртқы саясатындағы ұстанымдары туралы сөз болды. Кеш С.Нұрмағамбетов атындағы «Жас Ұлан» республикалық мектебі, Назарбаев интеллектуалды мектебі мен Қазақ Ұлттық өнер университетінің қолдауымен өткізілді.

Ұлттық музей Тұңғыш Президент күнін атап өтті

Салтанатты жиында сөз сөйлеген Ұлттық музей директоры Дархан Мыңбай:

– Елбасы соңғы сұхбатында біздің ең басты үш жетістігімізді атап өтті. Біріншісі – Тәуелсіздік, екіншісі – Астананың салынуы, ал үшіншісі – алыс-жақын шетелмен жақсы байланыс орнатуымыз деген болатын. Шын мәнінде, осы жетістіктердің авторы – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Ендеше, Тұңғыш Президент күні және алда келе жатқан Тәуелсіздік мерекесі құтты болсын! – деді.

Ұлттық музей Тұңғыш Президент күнін атап өтті

Шара кезінде шет елдердегі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына берілген көшелер, мекемелер мен ескерткіштер туралы бейнесюжет көрсетілді. Бейнесюжетті әзірлеуге Қазақстандағы Түркия, Украина, Иорданияның Хошимит корольдігі елшіліктері, Татарстанның Қазақстандағы өкілетті өкілдігі, «Вайнах» шешен-ингуш этно-мәдени бірлестігі атсалысқан. Айта кету керек, қазіргі таңда Түркияның Невшехир, Қыршехир, Гебзе, Адан қалаларында, Иорданияның астанасы Амманда, Шешенстанның астанасы Гроздный қаласында, Ингушетияның астанасы Магаста және Татарстан астанасы Қазан қаласында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың атымен аталған көшелер бар. Сол сияқты, әлемнің бірнеше елінде Елбасыға арналған ескерткіштер ашылған. Ең алғашқы ескерткіштің бірі мемлекет басшысы білім алған Украинаның Днепродзержинск қаласында бой көтерген. Сондай-ақ, Түркия астанасы Анкарада, Қырғызстанның Шолпан-ата қаласында, Гагаузия астанасы Комрат қаласында Қазақстан Президентінің ескерткіш-бюсті бар.

Кеш барысында Қазақ ұлттық өнер университетінің студенттері Елбасының сөзіне жазылған әндерді орындады.


Дереккөз: ҚР Ұлттық музейі

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға