Ұлттық академиялық кітапханада мерейтойларға арналған көрме ашылды
Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада Қазақ хандығының 550 жылдығына, Ұлы Жеңістің 70 жылдығына, ҚР Конституциясының 20 жылдығына және Қазақстан халқы Ассамблеясы жылына арналған «Нұрлы жол - болашақтың жыры бол!» тақырыбында көрме ашылды.
Еске сала кетейік, Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде бірқатар айтулы шаралар жоспарланып отыр. Осыны негізге алған көрме төрт бөлімнен тұрады.
Бірінші бөлім - «Қазақ хандығына 550 жыл» аталады. Осыған орай, тақырыптық көрмеде 180-нен астам кітап және мерзімді басылым материалдары ұсынылған. Екінші бөлім - «Ұлы Жеңіске 70 жыл». Аталған бөлімде әскери тақырыпқа қатысты кітаптардан бөлек, сұрапыл соғыстан сыр шертетін құжаттық слайд-композициялар беріліп отыр. Сонымен қоса, 140 кітап пен 13 құжат ұсынылады. Бұлардан бөлек, «Қазақстан Республикасының Конституциясына 20 жыл» және «Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл» бөлімдерінде соңғы жылдары жарияланған баспа өнімдері, тың деректі материалдар қамтылып отыр.
Тоқтала кететін жайт, 2015 жыл - Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы болып жарияланған. Осыған орай, көрменің ашылу рәсімінде Қазақстан халқы Ассамблеясының ғылыми-сарапшылық кеңесі бірқатар кітаптарды көрмеге тарту еткен.
Шараға тыл және еңбек ардагерлері, елордалық зиялы қауым өкілдері, тарихшы-ғалымдар, қоғам және мемлекет қайраткерлері қатысты.
Астанада Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған тарихи-танымдық кеш өтті
«Астана» ұлттық көркем сурет галереясында Астана қалалық тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған тарихи-танымдық кеш өтті.
«Шараның мақсаты - Мемлекет басшысының Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлау керек деген бастамасын қолдау, жастардың бойындағы патриоттық сезімді күшейту, тәуелсіздік құндылықтарын насихаттау, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту», - деп атап өтті Астана қалалық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ербол Тілешев.
Кеште Мұхаммед Рашидидің «Тарихи Рашиди» еңбегінің негізінде сахналанған қойылым көрсетілді. Оған Қ. Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театрының әртістері қатысып, Қазақ хандығының құрылу кезіндегі маңызды оқиғаларды көрермендер назарына ұсынды.
Сондай-ақ Алмас Алматов, Айгүл Елшібаева және басқа да дәстүрлі ән өнерінің майталмандары өнер көрсетті.
Әзірлеген: Досжан Мейірбек.
Фотолардың дереккөзі: inform.kz