Ұлттық құндылықтар – тәрбие көзі
Бүгін Оңтүстік Қазақстан облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының ұйымдастыруымен облыстық «Отырар» ғылыми-әмбебап кітапханасында «Қазақ халқының этнопедагогикалық мәдениеті – жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеудің негізі» тақырыбында семинар өтті.
Семинардың мақсаты – қазақтың салт-дәстүрлерінің маңызына терең үңіліп, көпшілікке дәріптеу, жастарды патриоттыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеу. Жиынға облысымыздағы этномәдени бірлестіктердің төрағалары, мектеп мұғалімдері мен балабақша меңгерушілері қатысты.
Семинарды ашқан Оңтүстік Қазақстан облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары М.Қалмұратов барша қатысушыларға сәттілік тілеп, ұрпақ тәрбиесінде қазақтың салт-дәстүрлерінің алар орны ерекше екенін айтып өтті.
Семинарда А.Қалыбекова, Н.Алметов сынды ғалымдар ұлттық дәстүрлердің саналы, тәрбиелі ұрпақ қалыптастырудағы рөлі жайында баяндама оқыса, С.Ерубаев атындағы №24 мектеп-лицейінің ұжымы қыз баланың мүшел жасқа толуы құрметіне «Оң жаққа шығару», «Шөберенің қолынан май жалау» дәстүрлерін қойылым арқылы көпшіліктің назарына ұсынды.
Алмас САУДАНБАЙ