Жаңалықтар

Ұлттың ұлы тұлғалары

Ұлттың ұлы тұлғалары
30.12.2021 11:52 35604

«Диірменнің тасындай, шыр айналған дүние-ай» демекші, 2021-ші Сиыр жылы да уақыттың терең қойнауына сіңіп барады. Биылғы жылдың ең елеулі оқиғасы – Тәуелсіздігіміздің торқалы тойы болды. Еліміздің еңсесі тіктеліп, өз алдына тәуелсіз мемлекет атанғанына 30 жыл толды. Биыл ұлы ағартушы-педагог Ыбырай Алтынсариннің туғанына 180 жыл толса, «Даланың бұлшық еті» атанған әйгілі балуан Қажымұқан бабамыздың да 150 жылдығы ел көлемінде аталып өтті. «Халық үшін жүрек майын шам қылған» (С.Торай­ғыров) алаш арыстары Әлихан Бөкейханның туғанына 155, Әлімхан Ермековке 130, Жақып Ақбаевқа 145 жыл толды.

Осы аталған және аттары аталмаған өзге де ұлт тарихына өлшеусіз еңбек сіңірген ірі тұлғалар туралы El.kz интернет-жобасы жыл бойы мақалалар жариялап отырды. Сайтымызда жарық көрген сол мақалаларға шолу жасағанды жөн көрдік.

Күреске толы өмірі мәңгілік жырға айналған

Қазақ xалқының ақиық ақыны Мұқағали Мақатаев 1931 жылдың 9 ақпанында (кей деpектеpде 8 наypызда делiнедi) өмip есiгiн ашқан. Қаpасаздан шыққан мұзбалақ жыp өнеpiнiң иесi тipi болғанда 90 жасын тойлаp едi. Мақалада ақынның шыққан ортасы мен балалалық шағы туралы кеңінен баяндалады. Қазақтың лирик ақыны үш бірдей жоғары оқу орнына түскені, одан ары қарайға еңбек жолы қалай өрбігені туралы айтылады. Мұқағалидың «Қаpлығашым, келдiң бе?», «Даpиға жүpек» (1972 жылы), «Аққyлаp ұйықтағанда», «Шyағым менiң» (1975 жылы), «Соғады жүpек», «Шолпан», «Жыpлайды жүpек», «Өмip-өзен», «Өмip-дастан» және тағы басқа поэзиялық кiтаптаpы, сол секiлдi 1988 жылы жаpыққа шыққан «Қош, маxаббат!» атты пpозалық кiтабы баp екені жазылған.

Ұлттың ұлы тұлғалары

Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның туғанына – 155 жыл

Көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, ұлт азаттық қозғалысының теориялық негізiн сaлушы әрі көсeмі, қазақтың тұңғыш саяси партиясын ұйымдастырушы және Алашорда үкіметінің төрағасы Әлихан Бөкейханның туғанына 155 жыл толуына байланысты жазылған. Тарихтағы «ақтаңдақтарды» алғашқылардың бірі болып зерттеген белгілі жазушы-публицист Бейбіт Орынбекұлы Қойшыбаевтың «Әлихан Бөкейханов» атты еңбегіне сүйеніп отырып, Алаш көсемі Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханның өмірі мен қызметі туралы толық мәлімет ұсынылады. Мақалада ұлт қайраткерінің басынан кешкен күрделі кезеңдері мен саяси соқпағы туралы деректер бар. Бірнеше бөлімге ұласқан танымдық материалда ұлт көсемінің тағылымға толы тағдыры толық баяндалған.

Ұлттың ұлы тұлғалары

Күш атасы Қажымұқанның туғанына – 150 жыл

Дүниежүзі халқының еріксіз таңдайын қақтырған, небір азуы алты қарыс мемлекеттердің атағы жер жарған саңлақтарына сан соқтырып, жеңіс тұғырына сан мәрте табан тіреген тұңғыш қазақ палуаны Қажы Мұқан бабамыздың туғанына – 150 жыл толуына орай жарияланған. Автор «Қажымұқан» атты еңбекке сүйене отырып, палуанның қилы тағдыры баяндалады. Күш атасының туған жері, тегі, балалық шағы, әншілігі, серілігі, спорттағы жетістігі туралы айтылады.

Ұлттың ұлы тұлғалары

Ахмет Жұбанов – тұңғыш музыка зерттеушісі

Биыл танымал ғалым, дарынды композитор, өнегелі ұстаз, белсенді ұйымдастырушы, Мемлекет сыйлығының иегері, Қазақ ССР-нің халық әртісі Ахмет Жұбановтың туғанына – 115 жыл толып отыр. Әйгілі музыка зерттеушісі, музыка тарихшысы, дирижер, сазгер, Қазақстанның халық әртісі, өнертану ғылымының докторы, академик, профессор Ахмет Қуанұлы Жұбановтың қазақ музыкасына сіңірген еңбегі, өнердегі жетістігі толық баяндалады. Жазушы Ғабит Мүсіреповтың Ахмет бабамыз туралы жазған «Халықтың қадірменді ұлы» атты мақаласынан үзінді келтірілген.

Ұлттың ұлы тұлғалары

Бүгін – Абай күні

10 тамыз – Абай күні. Былтыр Үкіметтің арнайы қаулысы шығып, «10 тамыз – Абай күні» деп бекітілгені белгілі. Автор А.М.Картаеваның «Абай және Әуезов: ұлылар үндестігі» атты монографиясына сүйене отырып, ұлы ақынның шығармашылық мұрасына, Абай мен Мұхтар Әуезов шығармашылық әлеміндегі рухани тамырластық пен дәстүр сабақтастығына тоқталған.

Ұлттың ұлы тұлғалары

Күй анасы Дина Нұрпейісованың туғанына – 160 жыл

Биыл күй анасы Дина Нұрпейісованың туғанына – 160 жыл толды. Қастерлі күй өнерін хас шеберлігімен аспандата білген ерекше тұлға – Дина Нұрпейісова әлемі мен шығармашылығы ғасырдан ғасырға жетер сырлы сандық. Автор «Дина күйші» атты жинаққа енген естелік деректерге сүйене отырып, толығырақ баяндайды. Өнерде жұлдызы қандай биік болса, өмір-тіршілікте де заңғар – өз отбасы мен күллі адам баласына мейірлі шуағын төгіп тұратын алып Ана – бір деректерде он кұрсақ көтерген, кейбір естеліктерде төрт ұлы мен үш қызын мәпелеп өсірген – сұлу да, сырлы тағдыр иесі болғаны жазылады. Танымал ғалым, дарынды композитор, өнегелі ұстаз Ахмет Жұбанов бабамыз дәулескер күйші Дина анамыздың өмірі мен шығармашылығын зерттеген тұлға. Академик осы жинаққа енген «Дина Нұрпейісова атты» зерттеу еңбегінде әйгілі күйшінің балалық шағынан бастап, құдіретті күй өнеріне келген кезеңін, өмірі өнермен өрілген маңызды кезеңі мен отбасы туралы жазылған естелігінен деректер келтірілген. Мақалада атақты домбырашы, халық композиторы, Құрманғазының сүйікті ізбасары Дина Нұрпейісова Филармонияның жанындағы қазақ музыкасы кабинетінің шақыруы бойынша 1922 жылдан бері мекен еткен жері, алыс жатқан Каспий теңізінің жағасындағы Астрахан облысына өнер көрсетуге барған сапары туралы жазылған.

Ұлттың ұлы тұлғалары

Күйші Дина мен Жамбыл бабамыздың кездесуі

Мақалада күй анасы Дина мен Жамбыл атамыздың алғашқы кездесуі әсерлі баяндалады. Жыр алыбы Жамбыл бабамыз күйші қарындасына арнап, өлең шығарса, Дина апамыз ақынға күйлерінің шығу тарихын айтып бергені сипатталады. Мақалада бұдан өзге Дина Нұрпейісованың Мәскеуге барған алғашқы сапары туралы жазылған. Алғаш рет отарбаға отырып, алып шаһардың үлкен сахнасында өнер көрсеткені баяндалады. Материалда соғыс жылдарындағы Динаның өнері кеңірек әңгімеленген.

Ұлттың ұлы тұлғалары

Ыбырай Алтынсарин – ұлы дала ағартушысы

XIX ғасырдың екінші жартысында өмiр кешкен қазақ халқының адал перзентi, ұлттық мақтанышы, қазақ педагогика ғылымының негiзiн салyшы, сөз зергерi, аyдармашы, коғам және мәдениет қайраткерi Ыбырай Алтынсаринның тyғанына биыл 180 жыл толды. Осыған орай, аса көрнекті педагог туралы жазылған естеліктер мен көзін көрген жандардың қоштасу хаттары берілген. Ыбырайтанyшы, педагогика ғылымдарының кандидаты, Л.Н.Гyмилев атындағы Еyразия Ұлттық yниверситетiнiң доцентi Тана Әyелбекқызының Ы.Алтынсарин тyралы естелiк-зерттеyi ұсынылған.

Ұлттың ұлы тұлғалары

Қайым Мұхамедхановтың туғанына – 105 жыл

Биыл ғалым, абайтануды ғылыми негіздеуші, шәкәрімтанудың негізін қалаушы, текстолог, Семейде Абай мұражайын ұйымдастырушы, ұстаз, ақын, жазушы, драматург, әдеби аудармашы, қоғам қайраткері Қайым Мұхамедхановтың туғанына – 105 жыл толып отыр. Айтулы датаға орай ғалым ағамыз туралы естеліктер жарияланған. Қайым Мұхамедханов – Қазақ ССР Гимнінің авторы, КСРО Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының, Жазушылар одағы сыйлығының, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының және Халықаралық Абай академиясының (Лондон) Алтын медалінің иегері, профессор, КСРО және Қазақстан халық ағарту ісінің үздігі, Семей, Аягөз қаласының, Жаңасемей, Абай аудандарының Құрметті азаматы, 1000-нан аса ғылыми еңбектің авторы екені баяндалады. Мақалада Әзілхан Нұршайықовтың Қайым Мұхамедханов туралы естелігі берілген.

Ұлттың ұлы тұлғалары

Фарида Шәріпованың туғанына – 85 жыл

Биыл көрнекті сахна жұлдызы және киноактриса, халық әртісі, мемлекеттік сыйлықтардың иегері Фарида Шәріпованың туғанына – 85 жыл толып отыр. Мақалада сахна жұлдызының замандастары, әріптестері белгілі суреткерлер мен өнертанушылар, журналистерден жинақталған сондай-ақ актрисаның өз мұрағатынан әрі М.Әуезов театр музейі қорынан алынған фотосуреттер мен естеліктер берілген. Әзірбайжан Мәмбетов, Бикен Римова, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Оралхан Бөкеев сынды ірі тұлғалардың актриса туралы, оның кәсіби шеберлігі мен өнердегі орны, адамшгершілік болмысы туралы айтқан пікірлері топтастырылған. 

 Ұлттың ұлы тұлғалары 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға