Жаңалықтар

Ұлт жұмысын арымен атқарған Ахмет Байтұрсынұлы

Ұлт жұмысын арымен атқарған Ахмет Байтұрсынұлы
28.08.2014 05:31 5063

ХХ ғасырдың басында ұлт жұмысын арымен атқарған Ахмет Байтұрсынұлының артында қалған мол мұрасы – өз қазағына ғана емес, күллі түркі жұртына, тіпті бүкіл адамзатқа өнеге боларлық ұлы іс екенін бұл күні ұрпақтары мақтан етеді! Бүкіл қазақтық ғылымның көшбасшысы Ахмет Байтұрсынұлының əрбір ісін сараласақ: əліпби мен əліппені алсақ, Ахмет – ұлт жазуының реформаторы, ана тілді айтсақ, Ахмет – қазақ тіл білімінің атасы, əдебиет саласында, Ахмет – асыл сөздің алтын діңгегі, оқу-ағарту ісінде, Ахмет – ұлттық мектептің іргетасын қалаушы һəм халық ұстазы, тарих пен қазақ өркениетін қозғасақ, Ахмет – сол кезең өркениетінің дəуірі, болмыс пен бітімге келсек, Ахмет – ұлт мəдениетінің Хантəңірі, əдеп ісін айтсақ, Ахмет – халықтың ар-ожданы. Қалай мақтанбассыз? Қалай үлгі алмассыз? Міне, бүгінгі тəуелсіз кезеңдегі егеменді елі əмбебап ғалым – Алаш арысын осылай мақтан етеді. Ұлт жұмысының қай саласында да Ахметті «Ұлттық рухтың ұлы тіні» деп қазақ руханиятына үлгі-өнеге етеді.

Тəуелсіздік алған жылдан бері, ғұламаның шығармашылық мұрасы 1989, 1991, 1992, 1996 жылдары тіл, əдебиет, публицистика (көсемсөз) салалары бойынша жеке-жеке кітап болып басылса, 2003-2006 жылдары «Алаш мұрасы» сериясымен «Ахмет Байтұрсынұлы» бес томдық шығармалар жинағы шықты. Қайта басылған кітаптар саны – 21. Араға 10 жыл салып, ғалымның алты томдығы оқырмандарға ұсынылып отыр. Ал, ғалым мұрасы бойынша – 21 кандидаттық диссер- тация, қоғамдық, мемлекеттік қайраткерлігі, шығармашылығы қарастырылған – 25 кандидаттық, 20 – докторлық зерттеу еңбек жазылды. Бұдан бөлек республикалық, халықаралық конференциялар материалдарының жарық көрген жинағының жалпы саны – 40. Мінекей, мұның бəрі ұлттық ғылымның ұйытқысы болған – ұлағатты ұлт ұстазына деген ізгі құрметтен туған игі шаралардың жемісі.

Тарихи тұлғаның туғанына 125  жыл  толуына  орай өткен салтанатты шарада халық жазушысы Əбіш Кекілбай:

«Ахмет Байтұрсынұлы – ұлттық тарихымызда ешкіммен салыстыруға болмайтын ерекше тұлға. Бəлкім, біреулерге бұл орынсыз тамсану боп көрінер. Оған дейін де бұл далада Фараби, Иасауи, Қорқыт, Асан қайғы, Ыбырай, Шоқан, Абайлар да өтті ғой десер.

Ол рас. Бірақ, Ахмет Байтұрсынұлы оларға ұқсайды да, ұқсамайды да. Ұқсайтыны: ол да аталмыш алыптар сияқты, ұлттық дамуымыздың үрдісі мен қарқыны қалған дүниедегі даму үрдісі мен қарқынына сəйкес келмей кенде қалып, көрер көзге тығырыққа тірелген халқына адастырмас жол іздеді.

Ұқсамайтыны: Ахмет Байтұрсынұлы ондай жол Қорқыт пен Асан қайғыдай үйреншікті үрдісті аман сақтап қалатын- дай жаңа қоныс іздеумен табылады деп түсінбеді; Фараби мен Иасауидей өз тұсындағы кең жайылған антикалық немесе исламдық дүниетанымға уақытылы көшу арқылы бар- лық мəселені шешуге болады деп ұқпады; Абай, Шоқан, Ыбырайлардай теңдікке жетудің жолында тек ағарту- шылықпен шектелгісі келмеді» дей келе, күрескердің ұлт мүддесіне жасаған жұмыстарын бүгінгі ұрпақтың жетесіне кірпіш  қалағандай  шегелеп  берді.  Əбішше  айтсақ,  Ахмет

«ешқандай атланттардың иығына шықпай-ақ, бұрын- ғылардың  көздеріне  іліге  қоймаған  соны   көкжиектерге көз жеткізе білген, көрген», елі үшін ерен еңбек еткен Ер. Əбішше толғансақ, «Ұлттың Ұлы Ұстазы аруағы алдындағы шəкірттік арымыз таза, иманымыз кəміл болуы» үшін біз де Ахмет Байтұрсынұлының «Қазақ» газетінде берген батасын жадымызда ұстап, халық қамы үшін жұмыс жасауды – ұрпақ парызы деп білуіміз керек екен. Байтұрсынұлының батасы:

«Төңірекке қарасаң, түнерген бұлттар əлі бар... Түбі қандай болады деп қобалжымалық... Дауылды жауын ету қолымыздан келмесе де, үйімізді үй етіп, шашылмай қалудың қамын желік...  Дүниенің  төріне  ұмтылғандар  төрден  орын  алып жатыр. Ұмтылмағандар есікте қалып жатыр... Қалмайық десек, қарап жатпалық... Көп ісіне көп болып жабылайық... Қолымнан не келеді деп қорынбайық. Ұлтына қызмет етуге ниет болса, жұмыс табылады. Көп жұмыстың ауыры да, жеңілі де болады. Қазақтың бітіп, тынып тұрған нəрсесі жоқ. Əркім əлінен келер жұмысын алсын. Жадымызда болсын, аз нəрсе көпке сеп болмақшы. Сəл демеу зорға сүйеу болады. Ұлы іс ұсақтан ұлғаяды... Ұлт үшін деген күштің ұлғаюына үлес қосу қазақ баласына міндет». Ақиқатында, əр дəуірдің замана ауанына қарай, адам баласына жүктер жұмысы көп. Сол жұмыстың атқарылуы əуелі адалдықтан бастау алса, адамзат игілігіне айналары анық. Ата-баба  жолын  мұрат  тұтқан Алаш арыстарының ұстанымын бүгінгі ұрпақтың да ұранына айналдыру – перзенттік парызымыз.

"Ел - шежіре"

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға