Әлия Молдағұлованың әлемі (ФОТО)
Биыл Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың туғанына 90 жыл. Ер етігімен су кешкен қанқұйлы соғыс жылдарында өліммен күн сайын тайсалмай бетпе-бет келген қаршадай қазақ қызы небәрі 19 жасында ерлікпен қаза тапты. Осы аз ғана ғұмырында Әлия ерлікке, қаһармандыққа, өрлікке, намыс пен рухшылдыққа өшпейтін, өлмейтін ескерткіш орнатып кетті.
Осыған байланысты батыр қыз Әлия Молдағұлова туралы деректер мен естеліктер, сондай Ақтөбе қаласындағы музейінен түсірілген фотоларды ұсынамыз.
Посткеңестік мемлекеттердің шығысындағы миллиондаған халық ішінде Кеңес Одағының Батыр қыздары атанған Шығыстың қос қанатының, қос шынарының бірі — Әлия. Ерліктің мәңгілік ариясына айналған Әлия. «Өмірдің жалғасы үшін, тірлік гүлі күл болып қалмасы үшін қырғын мен қан-жосаны кешкен» (Ф.Оңғарсынова) батырлардың бірегейі — Әлия.
Өмірі
Әлия Нұрмұхаммедқызы Молдағұлова 1925 жылдың 15 маусымында Ақтөбе облысы Қобда ауданы Бұлақ ауылында Нұрмұхаммед Сарқұлов пен Маржан Молдағұлованың отбасында дүниеге келген. Сегіз жасында анасы қайтыс болған Әлияны Алматыда тұратын нағашы ағасы алып кетеді. Ал 1935 жылдан бастап Ресейдің Ленинград қаласы Красногвардейский ауданы, Гурдин көшесіндегі №46 балалар үйінде тәрбиеленеді. Санкт-Петербургтегі №9 орта мектепте білім алады. Соғыс басталған жылы балалар үйі Ярославль облысының Вятское селосына эвакуацияланған. Әлия осындағы Вятское орта мектебінің 7-сыныбын аяқтаған соң Рыбинск авиациялық техникумына оқуға түседі. Алайда 1942 жылы Жұмысшы-шаруа Қызыл Әскеріне майданға жіберу туралы өтініш жібереді. 1943 жылы мергендер даярлау жөніндегі Орталық әйелдер мектебін аяқтап, осы жылдан бастап 54-арнайы атқыштар бригадасы 4-батальонының снайпері болған. Сексенге жуық дұшпанның көзін жойған батыр 1944 жылдың 14 қаңтарында Псков облысының солтүстігіндегі Новосокольники ауданы Казачиха ауылы маңында болған соғыста ерлікпен қаза тапты. Батыр Новосокольники ауданының Монаково ауылында жерленді. Ол қайтыс болғаннан кейін, 1944 жылдың 4 маусымында Кеңес Одағы Батыры атағы берілді.
Міне, Әлияның құрғақ цифрмен жазып шыққандағы бар өмірі осы ғана. Ал сәл кеңірек айтсақ…
Әлия туралы естеліктер!
«… Сол кезде Әлияның туған анасы Маржан қайтыс болды да, кішкентай Әлия менің тәрбиемде қалды. Кейінірек, 1934 жылдың қазан айында бұрынғы әскери-транспорт академиясына оқуға түстім де, бір жыл өткен соң отбасымызбен қоныс аударуға тура келді. Әулиеатада екінші класты тәмамдаған Әлия біздің семьямызбен бірге Москваға келгеннен кейін Краснопресненск ауданындағы орта мектептің үшінші класында оқыды. Ал осы академия 1939 жылы Ленинградқа көшірілген еді. Сөйтіп, үй ішімізбен Ленинградқа көшіп бардық», — деп жазады нағашысы Әбубәкір Молдағұлов. Нағашысы оқу мерзімі аяқталған соң Ташкентке қызметке кетеді. Ал оның әйелі Сән Молдағұлова жүкті болғасын, жолды көтере алмайтын болғасын балаларға бас-көз болып Ленинградта қалады. Жоқ-жұтаң кезде өзінен кішкентай жиендеріне қамқор болған Әлияны Сән сол үйдің тірегі, таянышы деп есептеді.
Соғыс басталған уақытта Әлия Сапардың досы Сашамен бірге Молдағұловтар отбасын Ташкентке шығарып салып, өзі Ленинградта қалды.
«Сапарға аттанар алдында Әлия Ленинградта қалатынын айтты. Мен жылап: «Ағаңа не деп айтамын, мен әдейі тастап кеткендей болам-ау», — деп едім, хат жазып берді. Онда: «Нағашы, жеңешемді кінәлама. Өзім қалдым. Соғыс аяқталған соң елге қайтамын» деп жазыпты» деп еске алады Сән Молдағұлова.
Сөйтіп, соғыс басталып, Әлия тәрбиеленіп жатқан балалар үйінің тәрбиеленушілері түгелдей уақытша Ярославль облысындағы лагерьге жіберіледі.
Әлияның көзін көрген майдангер жазушы Жекен Жұмахановтың «Майдан дәптерінде» адам өлтіру түгілі тауық өлтіріп көрмеген» қайсар да нәзік қазақ қызының не себепті «көзі жасты, көңілі бос бола тұра шортынан қайтып, белді берік байлап, солдат болғаны» айтылады.
Әлиямен арнайы іздеп барып сөйлескен сұхбатында мерген қыз жазушыға жаудың жауған оғынан тас-талқаны шыққан Ленинград туралы, өртеніп, күлі көкке ұшқан балалар үйлері, мектептер, балалар бақшалары туралы, өртеніп жатқан үйлердің бірінен жүгіре шыққан 9-10 жастар шамасындағы Володя деген бала туралы айтып береді. Сол әңгіменің ауанына ойыссақ, Володяны жетегіне алған Әлия дамылсыз жүгіріп келе жатқанда аспан гүрілге толып, бомба сол маңның астан-кестеңін шығарады. Володя қайтыс болады.
— Володяның сүйегін көтеріп жүрген сол сағаттарда мен қатаң бір мектептен өттім. Сол күні түнде ұйқы көргенім жоқ, қол-аяғы былқ-сылқ етіп, телмірген ай сәулесінде жатқан Володя көз алдымнан кетпей қойды, қаланы кезіп кеттім де, военкомат атаулының бірін тауып алып арыз еттім: «Мені майданға жіберіңіз, жауды көбірек құртатын жұмыс тапсырыңыз» деп жаздым, солай деп айттым, солай деп жыладым. Военкомның алдынан кетпей қойдым, көз алдыма мөп-мөлдір көздері жайнап, Володя тұрып алды, — дейді Әлия. (Ж.Жұмаханов. «Майдан дәптерінен»).
Жақындары Әлия жайлы
Айтқанынан қайтпайтын қайсар қызды военком авиация техникумына жіберді. Сабақты үздік оқыған Әлия, дәрігерлер ұшқыш болуға «жүрегі жарамайды» деп диагноз қойғаннан кейін, снайперлік оқуға ауысады. Әлия мұнда да үздік оқыды. Ол мергендер мектебіне қабылданғанда бар болғаны 16-ақ жаста болыпты…
Әлияның жаны соншалықты нәзік, кіршіксіз, бауырмал, достыққа адал, аса кішіпейіл әрі намысқой, өжет, қандай қиындыққа да қасқайып қарсы тұрар ер- жігітке тән мінезі барын ұстаздарының, достарының, көзін көрген жолдастарының естеліктері айғақтайды.
«Лияның бойында балаларда тым сирек кездесетін бір қасиет бар еді: ол әрбір кішігірім нәрседен көпті аңғарып, әрдайым байыпты да байсалды көзқарас танытатын. Жалпы оның ұйымдастырушылық қабілеті зор еді. Адалдығымен, әділдігімен көзге түсетін» — деп жазады Вятск орта мектебінің мұғалімі Елена Зарубина.
«Лияш кіршіксіз адал әрі бауырмал, аяулы жан еді. Оның қасында болған кімде-кім әрқашан достықтың, жолдастықтың не екенін сезініп, оны өзінше сүйеніш тұта алатын. Ол аса кішіпейіл еді. Маған майданнан жазған хаттарында өзінің ерлік істеріне ешқашан мақтанған емес» — деп еске алады ВЛКСМ Орталық Комитеті жанындағы мергендер даярлайтын Орталық әйелдер мектебі саяси бөлімінің бастығы, отставкадағы полковник Екатерина Никифорова.
«Мен соғыстың ақырына дейін болдым және адамдарымыздың өлімге қасқая қарсы шайқасқанын көруіме талай рет тура келді. Сонда да, тап Лиядай өршелене, өжеттене ұрыс салған адамды көрген емеспін» — дейді мергендер мектебіндегі курстасы, ең жақын жауынгер серігі Надежда Матвеева.
Ағылған адам қанының, атқылаған бомбаның астында жүрсе де Әлия туған сіңлісіндей болып кеткен нағашы сіңлісі Сапураға үмітке толы хат жазатын. «Күні ертең жеңіске жетеміз, елге қайтып, сендермен құшақтасамыз» — деген сарындағы хаттары туған жеріне деген сағынышқа, арманға толы еді.
… Әлияның майдан даласында жасаған ерліктерінің барлығы жазылды. Оның «Отан үшін алға!» ұраны нағыз ерліктің ұранындай болып кетті.
«1944 жылдың қаңтар айында немістер бекініп алған Казачиха деревнясына шабуыл басталды. Кеңес жауынгерлері жауға қаһарлы түрде шүйлікті. Қашаннан бергі әдетінше, Лия Молдағұлова өзінің жаужүрек жолдастарының алғы сапында болды.
— Ура! Отан үшін! — деп ұрандаған Молдағұлова жауынгерлерді соңына ертіп, алға ұмтылды. Оның дәл көздеген оғынан 8 неміс солдаты қаза тапты. Траншеяда кескілескен шайқас басталды. Немістер шыдай алмады. Молдағұлова ет қызуымен алға озып, неміс траншеяларына еніп кетті. Блиндаждан неміс офицері шыға келіп, қызды ұстап алды. Жекпе-жек басталды. Күш тең емес еді. Лия фашистік хайуанның тырнағынан сытылып шықты да, неміс офицеріне автоматтан оқ жаудырды. Дәл сонымен қабаттаса мылтық дауысы естілді — фашист Лия Молдағұлованың кеудесіне пистолетпен атып үлгерді» — деп жазылған марапат парағында. Өзінің жаны үзіліп бара жатқанда Әлия немістің 78-інші солдатын жер жастандырып үлгерген еді… Бұл 14 қаңтар күні болатын. Әлия 13 қаңтар күні Сапураға жазған ең соңғы хатын «Сәлем саған, Отаным!» деп бастапты…
Әлияның 90 жылдығына байланысты өтетін шаралар!
«Біздің ерлік, даңқымыз бүгін елде
Біздерге емес, қажет тек тірілерге.
Өйткені біз мәңгілік іңірдейміз,
Мәңгілік тірілмейміз» (Фариза Оңғарсынова).
«Мәңгілік тірілмейтін», алайда рухы мәңгілік өлмейтін батырдың ерлігі бізге, тірілерге, кейінгі буынға керек.
Биыл жыл бойы облыста Әлияның туғанына 90 жыл толуына арналған шаралар өткізіледі. Облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы берген деректерге сүйенсек, жыл бойы өткізілетін шаралар қыркүйек айында қорытындыланады. Басқарма басшысы Нәзира Табылдинованың айтуынша, Әлияның кіндік қаны тамған Қобда ауданының Әлия, Бұлақ ауылдарында бірқатар іргелі жұмыстар жасалмақ.
— Батыр қызымыздың туғанына 80 жыл толған жылы Әлия ауылында патриоттық тәрбие беру облыстық орталығы ашылған болатын. Сол уақыттан бері аталған орталық жастардың өз отанына деген сүйіспеншілігін арттыру, нағыз патриот ұрпақ тәрбиелеу бағытында үлкен жұмыстар атқарып келеді. Биылғы той қарсаңында осы орталықта ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Орталықта орналасқан музей экспозициясын толықтыру және өзгерту жұмыстары жүргізіле бастады. Сондай-ақ, Әлия ауылындағы селолық мәдениет үйі де күрделі жөндеуден өткізілді, — дейді Н.Табылдинова.
Жыл бойы деректі, ғылыми жұмыстарға да мән берілмек. Мәселен, екінші дүниежүзілік соғысы өткен жерлерде іздестіру жұмыстарын жүргізу, «Тәуелсіздік белесінде елге оралған есімдер» атты акция аясында Қазақстанның, Ресейдің мұрағаттарында жұмыстар жүргізу, соның нәтижесінде буклеттер шығару жұмыстары жолға қойылмақ.
Бірқатар мәдени шаралар да өткізіледі.
— Олардың қатарында Жеңістің 70 жылдығына және Әлия Молдағұлованың 90 жылдығына арналған «Театр — өнердің ұлы көші» халықтық театрлардың аймақтық фестивалін, «Жеңіске жетелеген әндер» аймақтық патриоттық әндер байқауын, «Елім» ІІ республикалық патриоттық әндер байқауын, «Жеңіске тағзым» театрландырылған көрінісін, ақтөбелік батыр аттас қыздар арасында өткізілетін «Батырдың аты мәңгілік» патриоттық акциясын ерекше айтып кетуге болады. Бұған қоса Мәскеу қаласындағы №402, Новосокольники-Насвадағы және Санкт-Петербург қаласындағы №140 гимназияларымен байланысты одан әрі нығайту, облыстық туристік фирмалармен бірлесе отырып Қобда ауданына экскурсия ұйымдастыру, облыс орталығында тыл еңбеккерлеріне ескерткіш орнату жұмыстары да жүргізілмек, — дейді басқарма басшысы.
Әлия туралы музей директоры...
1985 жылы, Жеңістің 40 жылдығы тұсында облыста Әлия Молдағұлованың облыстық мемориалды музейі ашылған болатын. Батыр туралы барлық құжаттай және заттай жәдігерлердің шырақшысына айналған мекемеде бүгінде 8950 құнды экспонат сақтаулы. Әлияның сақталып, бүгінгі күнге дейін жеткен суреттері, хаттары, құжаттарының көшірмелері, Әлиямен бірге оқыған достарының, майдандас жауынгерлердің естеліктері, батыр туралы ең алғаш деректі еңбек жазған, батырдың көзін көріп, сұхбаттасқан жазушы Жекен Жұмахановтың, Әлия туралы зерттеулер жүргізіп, оның командирлерімен хат алысып тұрған, 1985 жылы шыққан «Мергендер» фильмінің сценарийін жазған қаламгер, зерттеуші журналист Сейілхан Асқаровтың, филология ғылымдарының докторы, профессор Әзиза Нұрмаханованың, тағы да басқа авторлардың қолжазбалары, авторлары, хаттары сақтаулы.
— Биыл біздің музей тарапынан да көптеген шаралар өткізіледі. Қазір жоспарларымыздың барлығы облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасына тапсырылып, бекітілді. Мәселен, биыл наурыз-сәуір айларында музей экспозициясын толықтырып, жаңғырту жұмыстары жүргізілмек. Бұдан өзге он жылдан бері дәстүрлі түрде облыстық, аймақтық деңгейде өткізіліп келе жатқан «Мерген ару» байқауын екінші рет республикалық деңгейде ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Қазір барлық облыстағы мектептерге, білім басқармаларына сұраныс хаттар байқау ережесі жіберіледі.
«Ұлы Жеңіс» республикалық көрме-фотобайқауының да ережесі жасалып, республикалық ресми газеттерге жарияланады. Жоспар бойынша, фотосуреттерді жинақтап, 9 мамыр қарсаңында көрменің ашылуын өткіземіз. Жеңімпаздар қыркүйек айында болатын қорытынды шара кезінде марапатталады, — дейді аталған музейдің директоры Елена Қалтаева.
Тойға өзге облыстардан, өзге елдерден құрметті қонақтар шақырылады. Олардың қатарында екінші дүниежүзілік соғыс кезінде жұмыс жасаған фото және телеоператорлар, жер-жердегі Әлия атындағы білім ордаларының, мекемелердің өкілдері, батыр туралы шығармалардың авторлары, кино, сахна әлемінде Әлия туралы туындыларды сахналаушы өнер майталмандары бар.
— Мәселен, осы тойға Мәскеудегі Әлия атындағы мектептің өкілдері, 1985 жылы түсірілген «Мергендер» фильмінің режиссері Болот Шәмшиев, Әлияның ролін ойнаған актриса Айтұрған Темірова, «Әлия» әнін орындап, елімізді әлемге әйгілеген Роза Рымбаева, батырдың туыстары шақырылады, — дейді Е.Қалтаева.
Бұған қоса маусым айында «Әлия» пойызы батырдың ерлік жолдарымен Ақтөбе-Мәскеу-Петербург-Псков Новосокольники-Невель бағытына қарай жолға шығады.
Әлия туралы ғылыми зерттеу!
Әлияның өмірі мен ерлік жолы туралы зерттеу жұмыстары негізінен толығымен жүргізілді. Алайда өткен жылы Әлияның рухын біраз мазалауға тура келді…
Оған 2012 жылы қараша айында ресейлік «Псковская провинция» газетінде жарияланған «Неліктен Кеңес Одағының Батыры қабірінде бұталар өсіп тұр?» атты мақаласы түрткі болды. Онда псковтық «След Пантеры» іздестіру ұйымы тарапынан бұрынғы Пичевка селосы маңында иесіз қалып, бұта-шөп басып кеткен жауынгерлердің соғыс кезіндегі бейіттері табылғандығы айтылған. Мақалада айтылған дерекке сүйенсек, 1944 жылы Локнянский ауданындағы бұл зиратқа 543 кеңестік жауынгер, оның ішінде №84 қабірде батыр Кеңес Одағының Батыры, ефрейтор Лия Магдагулова жерленген-мыс. Жетпіс жыл бұрын ерлікпен қаза тапқан Әлияның денесі осынша уақыт Новосокольники ауданының Монаково ауылында жерленді деп келген біз үшін, қазақ халқы үшін шын мәнінде сенсациялық мәлімдеме болды. Оның анық-қанығына жету үшін бірнеше зерттеу жұмыстары жүргізілді. Сол жерден алынған сүйек бөліктеріне генетикалық сараптама жүргізілді.
— Ғылыми зерттеу-анықтау жұмыстарымен айналысатын «Тree Gene» серіктестігі ДНК сараптамаларын жүргізді. Зерттеу қорытындысында екі фрагментті профиль (ХV) шамамен бірдей қатынаста екендігі, бұндай жағдай өз кезегінде ғылыми жағынан формалды түрде ерлер жынысы генетикасына тән екендігі анықталды. Алайда зиратта ерлер мен әйелдер қатар жерленгендіктен, мүрденің генетикалық профилін, яғни оның әйел адамға, әлде ер адамға тиесілі екендігін нақты анықтау мүмкін болмаған, — дейді «Әлия» патриоттық тәрбие беру облыстық орталығының директоры Бағдаш Төпенова.
Өткен жылы сондай-ақ, әлеуметтік желілерде, электронды апарат құралдарында «Әлияның соңғы табылған суреті» делінген суреттер шығып кетті. Алайда ол шын мәнісінде Әлияның суреті емес.
— Иә, бірқатар газет журналдарға шашы бұйраланған, қасы-көзі қиылған, боянған бір қыздың суреті «Әлияның соңғы табылған суреті» деген тақырыппен жарияланды. Кейін бұл мәселені зерттей келе, ол суретті Астана қаласындағы ұлттық мемлекеттік архивке Әлияның туысы Әліп Үсенова апамыз апарып бергенін білдік. Ол бұл суретті анасының сандығынын тауып алған. Ал ұлттық музей қызметкерлері оны газет-журналдарға ұсынып жіберген. Алайда бұл нақты Әлияның суреті емес. Оның қандай бір актриса екені, болмаса Әлияның ролін сомдаған адамның суреті болуы мүмкін. Соғыс кезінде Әлияның да, оның майдандас достарының да шашы дәл сол суреттегідей ұзын болмаған. Ең бастысы, үстіндегі гимнастеркасы соғыс кезіндегі киім емес. Яғни ол Әлия туралы ертеректе қойылған қойылымдарда, театрландырылған көріністерде ойнаған актрисалардың бірі болуы мүмкін. Ал Әлияның әзірге табылған ең соңғы суретінің көшірмесін бізге батырдың нағашысы Бисембай Қабиевтің қызы Ария Қабиева тапсырды. Ол қазір музейде сақтаулы, — дейді музей директоры Елена Қалтаева.
Арнайы «El.kz» үшін Ақтөбе облысынан материалды дайындаған Мейрамгүл Рахатқызы.