Жаңалықтар

Ливан жерінде мәмлүк мұрасы мол

Ливан жерінде мәмлүк мұрасы мол
Фото: Фото: almaty.tv 14.03.2023 15:40 2673

3 наурызда ҚР Үкіметі Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдық мерейтойын  мерекелеу жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітті. Оған сәйкес 500-ден астам іс-шара белгіленіп, оның 50-ге жуығы халықаралық және ұлттық деңгейде өтеді. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі және оның шет елдердегі елшіліктері халықаралық шараларды жүзеге асырады.

Осы орайда El.kz сайты ҚР-ның Ливан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Расул Берекетұлы Жұмалымен сұхбатын ұсынады.

– Сұлтан Бейбарыс Жерорта теңізі жағалауындағы крестшілер иеліктеріне қарсы әскери-дипломатиялық белсенді әрекет еткендіктен іс-шаралар жоспарына қандай-да ұсыныстар  жасалды ма?

– Рас, аталған айтулы шараға министрлік, сондай-ақ араб әлеміндегі еліміздің дипломатиялық өкілдіктері деңгейінде қызу дайындық жүргізіліп жатыр. Соның ішінде таяуда Елшілік ұжымымен Ливанның солтүстігінде орналасқан және сан мың жылдық тарихы бар Триполи қаласына арнайы сапармен барып қайттық. Мұсылман һәм түркі дүниесі үшін маңызы ерекше осы шаһардың «алтын ғасыры» дәл аталған Мәмлүктер мемлекетімен тікелей байланысты. Айталық, биыл 800-жылдығы мемлекеттік және халықаралық дәрежеде аталып өтпек Аз-Захир Бейбарыстың құрметіне осындағы орталық аудан Аз-Захирия деп аталады. Жалпы, Триполидің ескі бөлігіндегі көше-алаңдар атаулары сол мәмлүктер заманынан негізінен өзгеріссіз келеді. Сондағысы қаланың өзін крест жорықшыларынан 1289 жылы даңқты Қалауын сұлтан азат еткен. Сол мезеттен бастап мәмлүк әмір-сұлтандарының мұрындық болуымен Триполи өз дәуіріндегі жетекші мәдени және ғылыми орталыққа айналды. Тек мәмлүктер салған мешіт, медресе, кітапхана, қамал, монша, керуен-сарай, көпір, басқа да өркениет ошақтарының осындағы ұзын саны 365 нысанды құрайды. Бұл сақталғандары ғана және олардың біразы әлі күнге шейін қолданыста.

Сөз болып отырған сапар барысында осы жәдігерлердің біразын аралап таныстық, жергілікті зиялы қауым өкілдерімен кездесіп, даңқты бабаларымыздың мұрасын сақтап жаңғырту тұрғысынан ортақ іс-шаралар талқыланды. Сондай-ақ қазірде ливандық тарихшылардың Мәмлүктер мемлекеті жайлы жазған кітаптары жинақталып, оларды болашақта қазақ тіліне аударып насихаттау мүмкіндіктері қарастырылуда. Триполиде болған кезде өзімізге қатты әсер еткені - Қалауын бабамыздың құрметіне әл-Мансұр (Жеңімпаз) деп аталатын Триполидің ең әсем де ірі мешітінде, Қарабай сұлтан медресесінде балалардың діни тәлім-тәрбие алып отырған көріністер және осындағы мінберде ілініп тұрған мәмлүктердің байрағы.

Әдетте мәмлүктердің теңдессіз мұрасын зерттеп ұғыну хақында бірінші кезекте Мысырдағы Каир мен Сириядағы Дамаск пен Халеб (Алеппо) қалалары айтылады. Онысы белгілі дәрежеде негізді де. Алайда саны ғана емес, сәулет өнерінің керемет үлгілері, олардағы Ұлы Қазақ даласының әсерін танытып тұрған бірегей оюлары тұрғысынан алғанда Триполи басқалардан кем түспейтіні анық. Дәл осы пікірді көптеген араб ғалымдары мен тарихшылары, оның ішінде өзіміз жүздескен және мәмлүктер жайлы ондаған кітап жазған Омар әл-Тадмури ақсақал ұстанады. Асылы, ұстанып қана қоймай шәкірттерімен, көкірегі ояу замандастарымен бірге Триполидегі мәмлүктер заманының мұрасын насихаттауға, жәдігерлерін сақтауға көп күш жұмсап келеді.

Атап айтқанда, осындай адал жандардың атсалысуымен және Түркия, Франция, Кувейт сынды елдердің демеушілігімен бірқатар құнды нысандар қайта қалпына келтірілді. Алайда қайтадан құруды талап еткен тарихи орындар әлі де жетерлік. Өкініштісі - қаржылық жағдайы мүшкіл Ливанның мүмкіндігі шектеулі. Осы ретте Қазақ елі, біздің іскер орталар аталған абыройлы іске шама-шарқынша үлес қосса нұр үстіне нұр болар еді. Өз кезегінде бұған ливандық бауырлар барынша болысуға әзір.

– Екі ел арасындағы қарым-қатынастардың бүгінгі жағдайы қандай?

– Кезінде «Таяу Шығыстың Швейцариясы» саналған Ливан соңғы онжылдықтарда саяси және әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан күрделі кезеңді бастан кешіруде. Қалыптасқан жағдай, сондай-ақ Қазақстан мен Ливан арасындағы тікелей көлік дәліздерінің тапшылығы екіжақты ынтымақтастық әлеуетін тежеп отыр. Дей тұрғанмен Қазақстан мен Ливан арасында достастық өзара мүдделестік сипатында өрбуде. Халықаралық саясатта қос мемлекет ұқсас тұғыр ұстанып, бір-біріне қолдау көрсетеді.

Экономикалық һәм іскерлік ықпалдастық бағытында жағымды үрдістер байқалады. Мәселен, қазірде Ливаннан Қазақстанға келген инвестициялардың көлемі 118 миллион долларға жетті. Біздің елімізде бірқатар ливандық компаниялар табысты жұмыс істейді.

2022 жылы еліміздің Бейруттағы дипломатиялық миссиясының толыққанды Елшілік мәртебесіне көтерілгені тиісті үрдіске тың серпін берді. Ресей мен Украина арасындағы соғыс, оның кесірінен туындаған азық-түлік нарығындағы дағдарыс, Ливанның дәстүрлі экономикалық серіктестерімен арадағы кикілжіңдер ресми Бейрутты балама бағыттарда қимылдауға мәжбүр етуде. Сондай мүмкіндіктердің бірі ретінде Қазақстан, оның арта түскен саяси һәм экономикалық салмағы қарастырылуда. Келтірілген тұжырымды аталған кезеңде Елшіліктің болу елінің ресми мекемелерімен және іскерлік топтармен еселеп арта түскен байланыстары қуаттайды. Тарқата айтқанда, Қазақстаннан Ливанға астық, ұн, өсімдік майы, ет, сүт, басқа да ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау жергілікті орталарда зор қызығушылық тудыруда. Ливанға мұнай өнімдері мен күкірт сату да айтарлықтай маңызға ие. Ливандық порттардың бірінде астық терминалын немесе қоймасын иемдену отандық экспортты әртараптандыру жағынан тиімді болмақ. Бұл жоба келешекте тек Ливан емес, тұтастай Таяу Шығысқа жол ашатын қақпаға айналуы ықтимал.

Ендігі жақсы жаңалық - парламентаралық байланыстарды нығайту мақсатында таяуда Ливан Халық Ассамблеясында Қазақстанмен достық тобы құрылды. Оның түп мақсаты - екі ел арасында парламенттік салада тәжірибемен алмасып, мәдени және экономикалық байланыстарды ілгерілету.

Туризм саласында да келешегінен үміт күттірер мүмкіндіктер жеткілікті. Қазақстан мен Ливанда саяхатқа қызығатын орта тап айтарлықтай дамыған. Тиісті жобаларды іс жүзіне асыру мақсатында екі ел азаматтарына визалық жеңілдіктер енгізу мәселесі қарастырылуда.

– Ливанда бүгінгі таңда қалыптасқан саяси-экономикалық жағдай қандай?

– Онжылдықтар бойында толастамай отырған сасяи және әлеуметтік-экономикалық дүрбелең, өзі орналасқан аймақтағы тұрақсыздық пен сырт күштердің қысымы Ливанға ауыр соққы болып тиюде. Десе де өткен жылдан бері дағдарысты еңсеру мен тұрақты даму тұрғысынан әлсін-әлсін жағымды үрдістер байқалуда. Ливандағы 18 этно-конфессиялық топтың көшбасшылары жеке-дара үстемдікке қол жеткізе алмайтынын мойындап бәсекелес тараптармен мәміліге келуге сыңай танытуда. Әрине, аталған үрдістер мэйнстримге айнала қоймаса да, үміт ұялатады. Сыртқы саясатта да Таяу Шығыс проблемасы, Сириядағы шиеленіс, Иран мен сунниттік араб елдерінің арасындағы текетірес секілді тәуекелдер сақталғанымен соңғы уақытта кейбір алға басушылықтар бар. Оның ішінде мәселен Израильмен арада даулы теңіз шекарасының реттелуін, Ливанның Араб түбегіндегі елдермен бұған дейін салқындап кеткен байланыстарының оңала бастауын атап өтсе болады. Әрине, жағдайдың толыққанды жақсаруы алдағы уақыттың еншісінде және әлі де алаңдаушылық туғызады. Алайда Ливан басшылығы мен қоғамының ұмтылыстары сәтті жалғасын тапса, бұл елдің дамуы мен гүлденуі үшін мүмкіндіктер жеткілікті.        

– Бұл елде тұрып жатқан отандастар бар ма?

– Шетелдегі отандастарды қамқорлыққа алу Елшіліктің жұмысында басымдыққа ие болғандықтан, бұл бағытта іс-әрекеттер жүйелі түрде жүріп жатыр. Ливанда тұрғылықты тұрып жатқан біздің жерлестер көп емес. Олар негізінен жергілікті азаматтарға тұрмысқа шыққан азаматшалар, жұмыс бабымен жүрген тұлғалар және жекелеген студенттерден тұрады. Оларға қажетті құқықтық қолдау көрсету, қауіпсіздік мәселелерін назарда ұстау, сайлау, басқа да мемлекеттік маңызы бар шаралар болғанда азаматтық міндетін орындауға мүмкіндік жасау сынды шаруалар жатады. Бұл мақсатта Ливанда біздің азаматтардың басын қосқан арнайы чатымыз бар. Сол арқылы жерлестерге пайдалы ақпараттар мен кеңестер беріліп тұрады. Бұндағы басты мақсат – шалғайда жүрсе де Қазақстан азаматтарының Отанымен толыққанды байланысын сақтау. Мәселен, алдағы Наурыз мерекесіне орай Елшілікке осындағы барша азаматтарымыз шақырылып, арнайы дастархан жайылмақ, мерекелік шаралар ұйымдастырылмақ.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға