Жаңалықтар

Литвалық делегация қазақстандық МӘМС жүйесіндегі ілгерлеуді атап өтті

Литвалық делегация қазақстандық МӘМС жүйесіндегі ілгерлеуді атап өтті
Фото: Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры 15.03.2024 19:04 726

Бұған дейін қазақстандық ӘМСҚ мен Литваның МСҚ арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған болатын. 2024 жылдың 12-нен 14-не дейінгі аралығында Астанада өткен кеңес барысында екі қордың өкілдері тығыз қарым-қатынасты жандандыру және тәжірибемен тұрақты алмасу туралы келісті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Жалпы елдеріміз арасында  бірқатар негізгі және стратегиялық бағыттар бойынша, соның ішінде бүгінгі таңда міндетті медициналық сақтандырусыз қарастырылмайтын медициналық көмекті ұйымдастыру саласында озық тәжірибемен алмасу бойынша жақын іскерлік қатынастар орнаған. Кез келген ел үшін мұндай жүйені енгізу күрделі, алайда маңызды әрі қажетті кезең. Қазақстан да сол жағдайды өткеруде. Біз қазір сіздердің бір кезде жүріп өткен жолдарыңызбен жүріп келеміз. Сондықтан біз үшін тәжірибе алмасу және үздік практикаларды өзімізге алу негізгі басымдық болып табылады, – деп атап өтті өзінің алғы сөзінде Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарма төрағасы Әбілқайыр Сқақов.

Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылдың сәуірінде қазақстандық және литвалық қорлар арасында өзара түсіністік, медициналық сақтандыру, соның ішінде  заңнама саласын жетілдіру және халық арасында МӘМС-ті кеңінен насихаттауда тәжірибемен, ақпаратпен және біліммен тұрақты алмасу жөнінде меморандум жасалды. Бүгінгі күнге дейін ол құжат сипатында болып келген еді. Қазақстандық тараптың бастамасы бойынша бұған дейін қол жеткізілген барлық келісімдер қайта жандандырылып, Астанада кездесумен бекітіліп, оның қорытындысы бойынша хаттамаға қол қойылды.

Тараптар медициналық көмекті жоспарлау, сатып алу және төлем жүргізудің түзілген процестерін таныстырып, тариф жасау және цифрландыру бойынша тәжірибемен алмасты.

Литва Қорының басшысы Гинтарас Кацявичус қазақстандық медициналық сақтандыру жүйесіндегі ілгерлеуді, әсіресе келісімшарттарды жасау процестерін автоматтандыруды жоғары бағалады. Оның айтуынша, аталған тәжірибе көптеген елдерді қызықтыруы тиіс.

Айта кетейік, Германия, Ресей, Словакия, Чехия және Польша елдерінің медициналық сақтандыру жүйесі секілді литвалық модель де қазақстандық МӘМС жүйесіне негіз болды. Литвалық қонақ екі жүйенің ұқсастығы туралы айта келе, олардың әлеуметтік бағдарлануын – екі елде де азаматтардың әлеуметтік әлсіз топтары үшін мемлекет төлейтіндігін атап өтті. Литвада олардың саны 2,8 млн тұрғынның 50%-ын, ал Қазақстанда 20 млн адамның шамамен 60%-ын құрайды. Бүгінгі таңда Литвада халықтың 99,2%-ы медициналық сақтандырумен қамтылған.

Қандай жүйе болмасын, ол барлық тұрғындарды қамтуы тиіс. Алайда Қазақстаннан айырмашылығы, бізде дискальдық тәртіп жоғары, яғни жарнаны тиімді жинау механизмдері жылдар бойы қалыптастырылды. Егер белгілі бір уақытта жүйеден шығып қалып және жарна төлемеген болсаңыз, сіздің атыңызға қарыз жинақталады. Пациентке кез келген жағдайда медициналық көмек көрсетіледі. Алайда осыдан кейін ол соңғы 5 жылда барлық қарызды жабуы тиіс, – деп бөлісті Гинтарас Кацявичус.

Кездесу соңыда тараптар ынтымақтастыққа деген ашықтық пен сенім білдіргені үшін бір-бірлеріне алғысын айтты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға