Жаңалықтар

Лицензиясыз қызмет жүргізгені үшін 58 мектепке айыппұл салынды

Лицензиясыз қызмет жүргізгені үшін 58 мектепке айыппұл салынды
Фото: ©El.kz/Ербол БЕКБОЛАТ/DALL-E-3 22.11.2024 12:37 332

Аталған бұзушылықтар Білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті мен оның аумақтық департаменттерінің білім беру ұйымдарына мониторингі барысында анықталды. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

2024 жылдың басынан бері жүргізілген тексеру нәтижесі көрсеткендей, 58 мектеп білім беру қызметін лицензиясыз жүргізген. Бүгінгі таңда олардың 17-сі білім беру қызметіне қойылатын талаптарға сәйкестендірді. Лицензиясыз қызмет жүргізетін мектептерге қатысты ҚР ӘҚБтК 463-бабы бойынша айыппұл беру туралы соттардың қаулылары шығарылды. Олар негізінен Астана және Алматы қалаларында, Атырау, Алматы, Батыс Қазақстан, Түркістан, Маңғыстау және Жамбыл облыстарында орналасқан.

ҚР «Білім туралы» Заңына сәйкес барлық мектептер білім беру қызметін бастамас бұрын рұқсат алуы тиіс. Лицензияның болмауы мектептердің талаптарға сәйкестігі бойынша тексеруден өтпегенін немесе рұқсат алу үшін құжаттарды тапсырмағанын білдіреді. Білім беру ұйымдарында білім беру қызметімен айналысу құқығы лицензия алған сәттен бастап туындайды. Егер мектеп мемлекеттік тіркеуден өткен сәттен бастап алты ай ішінде лицензия алмаса, онда ол сот тәртібімен жабылуға тиіс, - деп атап өтті комитет төрағасы Ернұр Дәуенов.

Лицензия алуға қойылатын негізгі талаптар тиісті материалдық-техникалық базаның, білікті педагогикалық құрамның болуын, санитарлық-эпидемиологиялық және өртке қарсы нормалардың сақталуын, сондай-ақ білім алушыларға медициналық қызмет көрсетуді ұйымдастыруды қамтиды. Осы талаптарға сәйкес келмеу әкімшілік жаза қолдану мен қайталама бұзушылықтар болған жағдайда білім беру мекемесінің қызметін тоқтата тұру үшін негіз болып табылады.

Естеріңізге сала кетейік, мектептер бағыныстылығы бойынша жергілікті атқарушы органдардың қарауына жатады. Өз кезегінде аумақтық департаменттер өңірлік әкімдіктер мен білім басқармаларының басшыларына бұзушылықтарды жою жөнінде шаралар қабылдау туралы ресми талап хаттарын жолдады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға