ӘЛІППЕ
ӘЛІППЕ — алғашқы білім мен дағдыны меңгертуге арналған сауат ашу оқулығы (араб әліпбиінің “алиф” және “ба” деген екі әріпінен құралған). Сауат ашу Қазақстанда сан ғасыр бойы араб әліпбиі арқылы жүргізілді. 19 — 20 ғ-ларда оқу-ағарту саласының 2 түрлі бағытта болуына байланысты (медреселер, орыс-қазақ мектептері) Ә-лер де араб және орыс әліпбиімен жазылды. Қазақтың тұңғыш ағартушысы, педагог Ы. Алтынсариннің “Қазақ хрестоматиясы” (Орынбор, 1864), “Қазақтарға орыс тілін үйретудің бастауыш құралы” (Орынбор, 1871) оқулықтары тұңғыш рет орыс әліпбиімен жарық көрді. Алайда “Қазақ хрестоматиясы” сауат ашуға арналған Ә. емес, оқу мен жазуды меңгерген балалардың алған білімі мен дүниетанымын дамытуды көздейтін оқулық етеді. Бұдан кейін А. Е. Алекторовтың “К мудрости ступенька. Азбука для учеников начальных русско-казахских школ” (1891), А. В. Васильевтің “Букварь для киргизских школ” (1912) сияқты т.б. Ә-лер жарық көрді. Олар екі бөлімнен (қазақша және орысша) тұрды. Оның авторлары К. Д. Ушинскийдің басқа ұлт балалары орыс тілін саналы меңгеру үшін өзінің ана тілінде сауат ашуы қажет деген қағидасын ұстанды. Бірақ қолданылған Ә-лер қазақ тілінің дыбыстық ерекшеліктерін түгел бере алмады.
20 ғ. басында халқының сол кездегі тағдырына ой жіберіп, болашағын парасатпен бағдарлай алатын қазақ зиялылар қауымы өсіп-жетілді. Олар халықты сауаттандырып, өркениетті ел қатарына қосуға күш салды. Түркі зиялыларын біріктірген “Жәдитшілер ұйымының” бір топ мүшелері қазақ мектептері үшін жаңа оқулықтар жазды. Қазақ балаларын оқу мен жазуға төте жолмен үйретуді көздеді. М. Нұрбаевтың “Әліппесі” (Уфа, 1910), З. Ерғалиұлының “Қазақ әліппесі” (Қазан,1910), М. Малдыбаев пен Ж. Аңдамасовтың “Қазақша ең жаңа әліппесі” (Қазан, 1912), К. Сырғалиннің “Қазақша әліппе кітабы” (Қазан, 1913) т.б. осындай серпелістен туған алғашқы оқулықтар еді. Алайда бұл аталған оқулықтар кең қолданыс таба алмады. Ал ғұлама ғалым А. Байтұрсыновтың жаңа әліпби (төте жазу) үлгісімен жазылған. “Оқу құралы” (Орынбор, 1912) қазақ мектептерінің Ә-ге деген сұранысына толық жауап берді. Онда шәкірттердің сөздік қорын барынша сауат ашу мақсатына тиімді пайдалану мақсаты көзделді. Қазақ тіліндегі сөздердің дыбысталу ұқсастықтары мен ерекшеліктері ескерілген ұтымды әдіс қолданылды. Сондай-ақ бір дыбысы ғана өзгерген сөздердің мағыналарын ажырату арқылы сөздің мағынасын нақтылау, қолдану дағдысы қалыптастырылды. Ана тіліміздің бай сөздік қоры, сөздердің қолданылу ерекшеліктері қарастырылды. 1925 ж. А. Байтұрсынов әдістемелік жаңалықтарды ескере отырып, қазақ бастауыш мектептеріне арналған “Жаңа Әліп-биді” (Қызылорда 1927) ұсынды. Оқулық өз заманына лайық “Әліппе” жасау ісінің озық үлгісі болды. Әліппеде сауат ашумен бірге балалардың ойы мен тілін дамыту, байланыстырылып сөйлеу дағдыларын жоғары деңгейде қалыптастыру мәселелері дидактикалық және әдістемелік тұрғыдан жетік шешімін тапты. “Жаңа Әліп-биге”: а) баланың өз атынан баяндалатын мектеп өмірі жайлы әңгімелер, ә) балаларды адамгершілікке, ізгілікке, тазалыққа тәрбиелейтін әңгімелер мол енгізілді. Жалпы А. Байтұрсынов отандық білім беру ісі тарихында оқушылардың ойы мен байланыстырып сөйлеуін дамыту жұмысына зор мән берген, осы мақсатқа жетудің жолын нақты тәжірибе жүзінде дәлелдеген алғашқы қазақ ғалымы болды. Саяси себептердің салдарынан “Жаңа әліп-би” 20-жылдардың аяғына дейін ғана қолданылды. Мұнан кейін Т. Шонановтың “Жаңалық” (Әліппе, Қызылорда, 1929) және Т. Шонанов пен М. Жолдыбаевтың “Жаңа арна” (Қызылорда, 1927) Ә-лері жарық көрді.
30-жылдардың басында жалпыға бірдей міндетті бастауыш білім беру жөніндегі үкіметтің қаулы-қаралары Кеңес Одағының аумағындағы мектеп оқулықтарының мазмұны мен құрылымы біртекті болуын қатаң бақылауға алды. Осы себеппен алғашқыда латын әліпбиімен, кейін кирилл әліпбиімен жарық көрген С. Кеңесбаевтың Ә-сі орыс мектептеріндегі “Букварға” тым ұқсас болды. Бұл Ә. жиырма жылға жуық бірнеше ұрпақтың сауатын ашты. 1952 — 63 ж. аралығында авторлар тобы (С. Кеңесбаев, Н. Миршанов, Ә. Байділдин, Ғ. Бегалиев) құрастырған, 12 басылымы жарық көрген. Ә. қазақ білім беру жүйесінің сауат ашу тарихында елеулі із қалдырды. Әдістемелік еңбектерде “Н. Миршанов Ә-і” деп аталған бұл Ә. сауат ашудың дыбыстық талдау-жинақтау әдісімен жазылды және сауат ашу жұмысын ғыл. жүйелеп, кезең-кезеңге бөлген, оның әр кезеңінде жүзеге асырылатын мақсаттар мен міндеттерді айқын белгілеген оқулық болды. Ә-лердің кезеңдік саяси-қоғамдық өзгерістерге сәйкестігі, саяси идеяларға жауап беретіндігі ескерілетіндіктен, олар жиі алмастырылды. 1964 ж. “Н. Миршанов Ә-нің” орнына М. Төрежанов пен З. Әйтенованың Ә-і ұсынылды. Бірақ оқулықта саяси әсірелікке көбірек мән берілуіне, тіл дамытуға арналған мәтіндердің тапшы болуына байланысты Ә. төрт жылдан кейін қолданыстан шығып қалды. 1967 ж. жарық көрген жаңа Ә-нің жазылуына (авторлары З. Әйтенова, М. Төрежанова, М. Жұбанова) сауат ашу кезеңінің 6 айдан 3 айға дейін қысқартылуы себепші болды. Ә. мазмұнын жаңаша құруға қазақ тілі, фонетика ғылымының, пед., психол., ғылымдарының соңғы табыстары негіз болды. 1984 ж. Кеңес Одағы мектептерінде алты жастан бастап оқытуға көшу оқулықтардың жаңа кешенін әзірлеуді қажет етті. Сауат ашу кезеңін бір жыл бойы жүргізуге есептелген Ә. (авторы Ш. Әуелбаев) екі жыл ғана қолданыста болды. Ә-де алты жастағы балалардың физиол., психол. қабылдау ерекшеліктерін ескермеу, граммат. ұғымдарды ерте бастан үйретуге әуестену сауат ашу жұмысына едәуір қиындық келтірді. Сондықтан 1986 ж. толықтырылған авторлар құрамымен (Ш. Әуелбаев, М. Жұбанова, М. Төржанова, З. Әйтенова) жаңа Ә. жарық көрді. Бұл оқулықта ресми бекітілген оқу бағдарламасының талаптары ескерілгенмен кемшіліктері де болды. 1990 ж. Білім Мин-нің Ә-лерге жариялаған конкурсының жеңімпазы болған М. Жұбанованың Ә. оқулығы 1992 — 93 ж. оқу жылынан бастап қолданылды. Ә-де балалардың ойы мен тілін дамытуға назар аударылып, олардың дүниетанымын кеңейтуге барынша мән берілді. Ә. мазмұны дидактикалық-әдістемелік, тақырыптық-сюжеттік нақтылығымен ерекшеленді. Бұл оқулық 1997 жылға дейін негізгі сауат ашу құралы ретінде қолданылды. 1995 ж. бастауыш сыныптардың жаңа оқу бағдарламасына орай сауат ашу кезеңі 1 жылдан 6 айға қысқартылып, жаңа Ә. (авторлары Ш. Әуелбаев, Ә. Наурызбаева, Р. Қзғұттынова, А. Құлажанова) жарық көрді. Ә-де балаларды жас кезінен халқымыздың дәстүрлі дүниетанымы мен әдет-ғұрыпына баулу, отаншылыққа және адамгершілікке тәрбиелеу мақсаты көзделді.
А. Жұмабаева
"Қазақстан энциклопедиясы"