Жаңалықтар

Әлихан Смайылов инвестициялық штаб отырысын өткізді

Бұл туралы ҚР Үкіметінің ресми сайты мәлімдеді
Әлихан Смайылов инвестициялық штаб отырысын өткізді
Фото: ҚР Үкіметінің ресми сайты 10.09.2022 19:09 916

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Үкіметтің Цифрлық кеңсесінде инвестициялық штабтың кезекті отырысын өткізді, деп хабарлайды El.kz. Бұл туралы Үкіметтің ресми сайты мәлімдеді.

Онда негізгі капиталға және тікелей шетелдік инвестициялар тарту бойынша нысаналы индикаторларды орындау қарқыны, сондай-ақ басқа да бірқатар мәселелер қаралды. 

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров осы жылдың 7 айының қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 6,9 трлн теңгені құрағанын хабарлады. Жылжымайтын мүлікпен операциялар, тау-кен өнеркәсібі және мұнай өндіру, көлік және қоймалау, ауыл, орман және балық шаруашылығы, энергетика және өңдеу өнеркәсібі сияқты салалар бойынша айтарлықтай өсім байқалады. 

Әлихан Смайылов инвестициялық штаб отырысын өткізді

Премьер-Министр биыл негізгі капиталға құйылған инвестициялар бойынша 4,5% деңгейінде оң динамика байқалып отырғанын, бұл ретте 12 өңірдің белгіленген нысаналы индикаторларды орындамағанын атап өтті. Ең төменгі көрсеткіштер Шымкент қаласы, Түркістан және Ұлытау облыстарында. 

«Ірі компаниялар өндіріске инвестиция салып, жаңа жұмыс орындарын ашуға дайын. Олармен жұмыс істеп, инвестициялық келісімшарттар жасау, жаңа жобалар бойынша – салық заңнамасының тұрақтылығына кепілдік беру қажет. Облыстар мен мемлекеттік органдардың басшылығы инвестиция тарту жұмыстарын күшейтіп, бұл мәселені ерекше бақылауда ұстауы тиіс», — деді Әлихан Смайылов.

Өз кезегінде Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаров 2022 жылдың І тоқсанында елімізге $6,8 млрд көлемінде тікелей шетелдік инвестиция тартылғанын баяндады. 

Осы кезеңдегі алғашқы инвесторлар ондығына Нидерланд, АҚШ, Швейцария, Ресей, Қытай, Оңтүстік Корея, Бельгия, Ұлыбритания, Франция және Түркия елдері кірді. 

Инвестициялық жобалардың жалпыұлттық пулы химия өнеркәсібі, ТМК, энергетика, көлік және логистика, тамақ өнеркәсібі, туризм, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, мұнай-газ химиясы, ауыл шаруашылығы және т. б. салаларда 30,2 трлн теңгеге 797 жобаны қамтиды. 

Пул жобаларын толық іске асыру шамамен 130 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. 2022 жылы 24 мың жұмыс орнын құра отырып, 2,98 трлн теңгеге 272 жобаны іске қосу жоспарланған. 

Сонымен қатар қазіргі уақытта шетелдік компанияларды Қазақстанға көшіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мәселен, таргеттелетін 310 компанияның 51-і елімізде өндірісті шоғырландыру бойынша келіссөздер жүргізуде. Олардың ішінде Honeywell, Skoda, Youngsan, EMAG, Carlsberg, Fortescue және т. б.. Ал Canon, Philips, Kronospan, GE Healthcare, Alstom, Haier компаниялары және т. б. алдын ала келіссөздер сатысында. 

Премьер-Министр I тоқсанның қорытындысы бойынша тікелей шетелдік инвестициялар ағынының 54%-ға оң динамикасы тіркелгенін атап өтті. 

«Қазіргі кезде бірқатар инвесторлардың елімізге өз өндірістерін көшіру ниетімен байланысты мүмкіндіктер ашылуда. Министрлер мен әкімдер осы бағытта туындайтын мәселелерді жедел шешу үшін бар күш-жігерін жұмсасын», — деді Әлихан Смайылов. 

Отырысты қорытындылай келе, Премьер-Министр мемлекеттік органдар мен әкімдіктер барлық жоспарланған инвестициялық жобаларды іске қосу бойынша түбегейлі шаралар қабылдауы тиіс екенін атап өтті.
  
«Біз инвестициялар бойынша оң динамика болуы үшін алдағы жылдарға берік негіз қалауымыз керек. Бұл жұмыс орындарын құру және экономикамызды әртараптандыру тұрғысынан өте маңызды. Тиісті жұмыстар әр өңірде жүргізілуі тиіс», — деп түйіндеді Әлихан Смайылов.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға