Жаңалықтар

Құны 900 млн доллар коммерциялық құжаттарға қол қойылды

Жалпы сомасы $6,5 млрд-тан астам жаңадан 40 инвестициялық жобалар тізімі ұсынылды
Құны 900 млн доллар коммерциялық құжаттарға қол қойылды
20.09.2022 17:07 842

Біріккен Араб Әмірліктеріне ресми сапармен барған ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов осы елдің іскер топтар өкілдерімен келіссөздер жүргізді, деп хабарлайды El.kz. Бұл туралы ҚР Үкіметінің ресми сайты мәлімдеді.

Инвесторларға тау-кен металлургия кешені, ауыл шаруашылығы, мұнай-газ саласы, құрылыс және т. б. салалардағы жалпы сомасы $6,5 млрд-тан астам жаңадан 40 инвестициялық жобалар тізімі ұсынылды.

Әлихан Смайылов «Mubadala» тобының бас атқарушы директоры Мусаббих әл-Каабимен кездесті. «Mubadala» – бағалау активтері $285 млрд-ты құрайтын және тәуелсіз қорлардың әлемдік рейтингісінде 13-ші орынға ие мемлекеттік инвестициялық-девелоперлік компания.

«Энергетика, химия өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, тау-кен металлургия кешені салаларында әлеуетіміз зор. Бұл тұрғыда әлемдегі қазіргі жағдайды ескере отырып, арнайы әзірленген жаңа жобаларды іске асыруға қатысуды ұсынамын», — деді Әлихан Смайылов.

Сондай-ақ Премьер-Министр ауыл шаруашылығы, энергетика және банк секторында бірлескен жобаларды іске қосу перспективаларын атап өтті.

«Қазақстан Үкіметі инвестициялық ахуалды әрі қарай жақсартады. Әлемдегі дағдарыстық құбылыстарға қарамастан, осы жылдың І тоқсанының қорытындысы бойынша елімізге тартылған тікелей шетелдік инвестициялар ағыны 54%-ға өсіп, $6,8 млрд-ты құрады», — деп атап көрсеткен Әлихан Смайылов шетелдік серіктестерді ынтымақтастық үшін барлық мүмкіндіктерді пайдалануға шақырды.

Өз кезегінде Мусаббих әл-Кааби «Mubadala» компаниясы Қазақстанда инвестициялық жобаларды іске қосу мүмкіндіктерін жан-жақты қарастырып жатқанын айтты. Атап айтқанда, жасыл энергетика, қаржы, тау-кен металлургиясы, мұнай және газ салаларында ынтымақтастыққа қызығушылық танытуда.

Сонымен қатар Премьер-Министр «ADQ» компаниясының басқарушы және бас атқарушы директоры Мұхаммед әл-Сувейдимен келіссөз жүргізді. «ADQ» – 90-нан астам компанияға тікелей және жанама инвестициялар құйған өңірдегі ірі холдинг компаниялардың бірі.

«Бұл холдингтің қызмет саласы өте ауқымды, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, логистика, денсаулық сақтау және т.б. салаларды қамтиды. Олардың барлығы біз үшін басым бағыттар», — деп атап өтті Әлихан Смайылов.

Өз кезегінде Мұхаммед әл-Сувейди ұсынылған мүмкіндіктер үшін қазақстандық делегацияға алғысын білдіріп, фармацевтика саласына, азық-түлік тауарларын өндіруге, логистикалық бағыттарды дамытуға және жаңартылатын энергетикаға ерекше қызығушылық танытатынын атап өтті.  

Сонымен қатар Әлихан Смайылов «Ayana Holding» компаниясының төрағасы Абдулла бен Лахеджбен кездесті, онда құрылыс саласындағы жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды.  

Екіжақты кездесулердің қорытындысы бойынша ҚР Премьер-Министрінің қатысуымен экономиканың түрлі секторларында жалпы сомасы $900 млн болатын бірқатар екіжақты коммерциялық құжаттарға қол қойылды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға