Лепсі арқылы Балқаш көліне апаратын жол қашан ашылады
Жетісу облысындағы Лепсі арқылы Балқаш көліне апаратын жаңа жолда көлік қозғалысы туристік маусым басталғанға дейін ашылады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Жетісу өңіріне іссапары барысында көлік министрі Марат Қарабаев мемлекет басшысының өңірдің туристік әлеуетін дамыту және жол инфрақұрылымын жақсарту тапсырмасы аясында орындалған «Лепсі – Балқаш» жолын қайта жаңарту жұмыстарының қорытындысымен танысты. Бұл жол Балқаш көлінің оңтүстік-шығыс жағалауына апарады және өңірдің жаңа туристік нысандары мен шалғайдағы елді мекендерге жетуге мүмкіндік береді.
Көлік министрлігінің мәліметінше, Лепсіден Балқашқа дейінгі жаңартылған жолдың ұзындығы 27 шақырымды құрайды. Қайта құру жұмыстары барысында жолдың ені 6-дан 7 метрге дейін ұлғайды, ал техникалық санаты V-ден III-ге ауысты. Жол былтырғы жылдың қазан айында пайдалануға берілді. Жұмыстар жергілікті атқарушы органның қаражаты есебінен салынды.
Сондай-ақ Марат Қарабаев «Алматы – Өскемен – Лепсы – Ақтоғай» жолын қайта жаңарту жұмыстары барысымен танысты. Жоба шеңберінде 110 шақырым жол жаңартылмақ. Өткен жол құрылысы маусымының қорытындысы бойынша жұмыстардың 87%-ы аяқталды: жолдың 55 шақырымына асфальтбетонның төменгі қабаты төселді, ал 20 шақырымында жабынның төменгі қабаты жайластырылды. Барлық жұмыстар 2025 жылдың үшінші тоқсанының соңына жоспарланған, - делінген мәліметте.
2024 жылы «Қарағанды – Алматы» күре жолын қайта жаңарту жұмыстары аяқталды. Бұл жолдың 300 шақырымы Балқаш көлінің батыс жағалауымен өтеді. Бұл жобаны іске асыру еліміздің солтүстік және оңтүстік өңірлері арасындағы көлік байланысын едәуір нығайтып қана қоймай, батыс жағынан бірегей Балқаш көліне жайлы, әрі қауіпсіз жетуге мүмкіндік береді.
Айта кетейік, өткен жылы Жетісу облысында Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында ірі инфрақұрылымдық жоба жүзеге асты. «Талдықорған – Өскемен» автомобиль жолын қайта жаңарту жұмыстары аяқталды.
Сөз етілген стратегиялық маңызға ие бағыт өңірлер арасындағы көлік қатынасын жақсартып қана қоймай, ішкі туризмді дамыту үшін жаңа мүмкіндіктерге жол бастайды. Тасжол танымал туристік орын – Алакөл көліне апарады, - деп қосты министрлік.
Сонымен қатар көлік министрі Лепсі теміржол станциясына барды. Нысан алдағы уақытта теміржол желісін дамыту аясында жаңартылады.