Жаңалықтар

Леопон – арыстан мен леопардтың буданы

Леопон – аналық арыстан мен аталық леопардтың шағылысуынан туған гибрид жануар. Басы арыстанға, қалған бөлігі леопардқа ұқсайды.
09.11.2015 06:58 7723

Леопон – аналық арыстан мен аталық леопардтың шағылысуынан туған гибрид жануар.  Басы арыстанға, қалған бөлігі леопардқа ұқсайды. Леопондар дене бітімі бойынша леопардтан ірі, бірақ арыстан кіші. Аталық леопондарда 20 сантиметрге дейінгі жалы болуы мүмкін, бірақ арыстандікіндей қалың емес.

Леопонның пайда болуы

Леопонный дүниеге келуі ресми түрде алғаш рет 1910 жылы Индияның Колхапур қаласында тіркелді. Аналық арыстан екі төл тауып, оның біреуі 2,5 айлық кезінде өліп қалды. Оның терісі британиялық зоолог Реджинальд Пококке жіберілді.

Екінші будан тірі қалды және оған 1912 жылы Покок сипаттама берді. Зоолог сипаттамасы бойынша, леопонның леопардпен ұқсас тұстары бар, бірақ оның бүйірлеріндегі дақтары кішірек және олар бір-біріне жақын орналасқан, сондай-ақ олардың саны тақ. Арқасында, басында, аяғында және қарнында әртүрлі көлемдегі қара дақтар бар. Құйрығының жоғарғы жағы тарғыл, төменгі жағы ала. Буданның терісі мен бас сүйегі Британиялық музейде сақтаулы.

Леопондардың зоосаябақтардағы өмірі

Леопондарды көбейту модасын еуропалық зоосаябақтар күшейтті. Олар әсіресе Германия мен Италияда үлкен сұранысқа ие болды. Тіпті мұхит асып өзге де елдерге барды. Карл Хагенбек есімді ғалым әралуан гибридтерді сипаттаумен айналысып, Гамбургтегі зоосаябақтағы леопондардың дүниеге келуін бақылаған. Өкінішке орай, ешбір леопон жыныстық жетілу жасына жетпей, өліп қала берген.

Хонсю аралындағы зоосаябақта ғалымдар неміс әріптестеріне қарағанда тиімдірек нәтижеге қол жеткізді. Жапондықтар «Kaneo» есімді аталық леопард пен «Sonoko» есімді арыстанды шағылыстырып, 1959 жылы 2 будан туылса, 1962 жылы тағы да үшеуі дүние есігін ашты. Алынған будандар көбейе алмады. Соңғы леопон 1985 жылы қайтыс болды.

Аналық леопондардың дене ұзындығы 1,4-1,6 метрге дейін, аталықтардікі 1,6-2,4 метрге дейін жетіп отырды.

Жапония зоосаябағында аталмыш жыртқыш будандарға сипаттама жасалды. Ол бойынша, будан леопардтан үлкен және онда ата-анасының екеуінің де қасиеттері бар. Олардың түсі қарадан гөрі қоңырға жақын, аталықтарында 20 сантиметр шамасындағы қалың емес жал, құйрығының ұшында шашақ болды.

Леопондар ағашқа жақсы өрмелей алды, сондай-ақ олар ұзақ уақыт бойы суда жүзе алды. Табиғаттың бұл ғажайыбын адамдар өте қатты жақсы көрді, алайда ғылыми орта мұндай буданды алуды құптамады.

Жалпы мысық тұқымдастарының арасындағы будан өзге түрлер арасындағылардан гөрі жиірек кездеседі, леопон – соның айқын бір дәлелі. 

Леопон – арыстан мен леопардтың буданы

Леопон – арыстан мен леопардтың буданы

Леопон – арыстан мен леопардтың буданы

Леопон – арыстан мен леопардтың буданы

Леопон – арыстан мен леопардтың буданы


Дәурен Омаров

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға