Сыңарым екеуіміз 5-сыныпта дзюдоға бардық. Алғашқы жаттықтырушымыз - Ерке Отызбаев болды. Ордабасы ауданы, Темірлан елдімекенінде 11-сыныпты бітіріп, 2010 жылы Туризм және спорт академиясына түстік. 2013 жылдан бастап Ұлттық құрама сапына кірдік. Оған дейін қазақша күреспен айналысқанбыз. Дзюдо олимпиадалық спорт болғандықтан, қатты қызығып, осы спортта бақ сынап көрейік дедік. Жалпы спортта сыңарың болғаны жақсы, - деді Ғұсман Қырғызбаевтың бауыры Ғұмар Қырғызбаев.
Ленгерден Парижге дейін. Ғұсман Қырғызбаев Олимпиада жүлдесіне қалай жетті
Елдос Сметовтің алтынынан кейін Олимпиаданың екінші күнінде дзюдодан жүлде түсе қояды деп ешкім күтпеді. Оның үстіне 66 келіде ел намысын қорғайтын Ғұсман Қырғызбаев та соңғы кездері барған жарыстарынан жиі сүрініп жүрді. Бірақ 32 жастағы балуанымыз соңғы Олимпиадасында сенсация жасап, жолында кездескен мықтылардың біразының жауырынын жер иіскетіп, Олимпиаданың қола жүлдесін иеленді.Осы ретте бұрынғы Оңтүстік Қазақстан, қазіргі Түркістан облысының шағын ғана ауылында туып-өсіп, Парижде жүлде алған Ғұсман Қырғызбаевтың жүріп өткен жолына шолу жасадық.
Ғұсман мен Ғұмар
Ғұсман жүлде алған үйінде тура соған ұқсайтын бір жігіт қуанып жатты. Білмейтіндер «Ойбай, Ғұсман Парижден келіп үлгерген бе?» деп таңданыстарын білдіріп жатты. Жоқ, ол Ғұсман емес, Ғұмар. Яғни жүлдегердің егізі. Ол да негізі спортшы. Қазақ күресі мен дзюдодан біраз биік белестерді бағындырған. Былтыр карьерасын аяқтап, бапкерлікке кірісіп кетті.
Егіз балуандар бұрынғы Оңтүстік Қазақстан, қазіргі Түркістан облысының Төлеби ауданына қарасты Диханкөл ауылында туып өскен. Халқының саны 2000-ға жетпейтін шағын ауыл. Кейін Қырғызбаевтар отбасы көршілес Ордабасы ауданына көшіп кеткен.Мектепке барған алғашқы жылдарында ата-анасы қос батырды музыка үйірмесіне береді. Қос балам әйгілі музыкант болсын деген ата-ананың қалауына бағынбаған балалар спортты серік етеді. Осылайша Ғұмар мен Ғұсманның күреске деген қызығушылығы оянады.
Балалар кішкентайынан ширақ болды. Қайда барсақ та екеуін бірге алып жүргенді қаладық. Сөйтіп, бесінші сыныпта екеуін де музыка үйірмесіне, атап айтқанда, Ғұсманды баянға, Ғұмарды домбыраға бердік. Кейін уақыт өте екеуі де күреске қатысқысы келетіндерін, күресті жақсы көретіндерін айтты, - дейді балуандардың анасы Ұлбала Әсемтаева.
Біз егізбіз ғой, жалпы егіздер бөлінбейді. Мен қайда барсам, Ғұмар сонда, Ғұмар қайда барса, мен сонда боламын. Сондықтан, күреске бірге бардық. Үйдегілер таңдауымызды қолдап, келісім берді, - дейді Ғұсман Қырғызбаев.
Егіздің сыңары Ғұмар да күреске деген қызығушылықтың жоғары болғанын айтады.
Спортқа анамыз алып келді. Біз Ғұсман екеуміз ең алғаш музыка үйірмесіне барып жүрдік. Үйірмеден үйге қайтатын жолда күрес залы болатын. Үйірмеден үйге бара жатқанда күрес залының терезесінен сығалап, күресіп жүрген балаларға қатты қызығатынбыз. Сөйтіп, анамызға келіп, күреске қатысқымыз келетінін айттық, - дейді ол.
Спортшылардың анасы Ұлбала Әсемтаева балаларының сабақ үлгеріміне де мән берген. Оқу көрсеткіштері төмендегенде жаза ретінде күреске жібермей қоятын болған. Білімі мен білегін қатар шыңдаған балалар жарыстарда бір-бірін алмастырып, айлаларын асырып та үлгерген.
Қазақстан чемпионаттарында күресіп жүрген бауырлар бір-бірін алмастырғанын есіне алды.
Бала кезімізде оған ыңғайссыз қарсылас болса немесе маған ыңғайссыз қарсылас болса, ақылдасып, ауысып шығатын едік. Ұсталып қалған кездеріміз де болды. Бір жарыста менің салмағым кішкене көп болып, күрес алдында салмақ өлшеуге орныма Ғұсманды жібердім. Сөйтіп, Ғұсман өзінің орнына да, менің орныма да салмаққа түсті. Менің орныма салмаққа түсіп жатқанын терезеден сығалап қарап тұрсам сондағы ағайлар бетіндегі қалын байқап қойып, санап тұр екен (күліп). Айламыз әшкере болғаннан кейін екеумізді де жарысқа қатыстырмай, шығарып жіберді. Қателеспесем, Шымкент жақта өткен республикалық ірі турнирдің бірі болатын, - дейді олар.
Ғұсман Қырғызбаев жасөспірім шақтан жарыстарда жүргенде ата-анасы үшін алаңдағанын атап өтті.
Қанша дегенімен бауырың ғой, оқу-жаттығу жиынында жүргенде сағынасың. Сондай кезде үнемі қасыңда жүреді. Одан кейін жарысқа дайындаларда, салмақ қуған кезде үнемі қолдап, жаныңнан табылады. Бірге жаттығу жасайсың. Ал кемшілігі, екеуміз де сыртта, жаттығу жиынында, жарыста жүргенде үйде әке-шешемізбен бірге қалатын ешкім болмайды, - дейді спортшы.
Чемпион болсам деген жас өрендердің дзюдодағы алғашқы бапкері Ерке Отызбаев болған.
Кейін ағайынды бауырлар Алматыдағы қарашаңырақ Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға оқуға түседі. Ғұсман Қырғызбаев заң факультетінің мақтанышы, інісі Ғұмар екеуі бірге оқыған. 2016 жылы Қытайда қазақ күресінен өткен ІІІ әлем чемпионатында Ғұсман мен Ғұмар Қырғызбаевтар 60 және 70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде 2 алтын медаль жеңіп алған.
Ғұсман 2021 жылы дзюдодан әлем чемпионатының күміс жүлдесін иемденген. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың заң факультеті Азаматтық құқық және азаматтық іс жүргізу, еңбек құқығы кафедрасында диплом қорғаған.
Ұстаздары Ғұсманның көп уақыты жаттығу залында өтсе де, оқуға зерек болғанын айтады.
2021 жылы ағайынды спортшылар үйленіп, шаңырақ көтерді. Ғұсман мен Ғұмар Қырғызбаевтардың қалыңдығының есімдері Жансая, Қасиет. Қос спортшы бес уақытын намазын қаза қылмайтын қыздарды жар етті.
Олимпиадаға қызу дайындық: Ғұсман 66 келі салмаққа ауысты
2019 жылы Фуджейра қаласында Азия чемпионатының қола жүлдесіне ие болса, Абу-Дабиде өткен Үлкен дулыға санатындағы бәсекенің жеңімпазы атанды. Дзюдошы 2021 жылы Будапеште өткен Әлем чемпионатының күміс жүлдесін иеленді. Сол жылы Тель-Авивте өткен Үлкен дулыға санатындағы бәсекенің күміс медалін қоржынға салды. Ал 2022 жылы Азия чемпионатында қоланы қанағат тұтты.
2023 жылы маусым айында Астанада өткен Grand Slam турнирінде Ғұсман Қырғызбаев 66 келі салмақтағы қиындыққа мойымайтынын әрі олимпиадаға дайындығы жөнінде айтқан еді.
66 келіге ауысқаныма бір жылдан асты. Оңай емес, шыны керек. Қарсыластар туралы көп білмеймін. Физикалық жағынан да сәл ақсап тұрған жайым бар. Негізі, осы салмаққа ауысарда айтарлықтай қиын болады деп ойламаппын. 60 келідегі секілді тез төселіп кетемін деп сендім. Екеуі мүлде екі бөлек екен. Екі салмақтағы күрес бір-біріне әсте ұқсамайды. Қазір салмағымды өсіріп, моральдық жағынан да дайындалып жатырмын. Алға мақсат қойған соң, қанша жеңілсем де, қайтадан тұруып, еңбектенудемін. Осы салмаққа өткелі бері күреске қол сілтейтін кездер болмапты. Олимпиадаға бір жыл қалды, артқа шегінер жол жоқ. Ал 60 келіде күрескенімде, бір-екі рет дзюдомен қоштасқым келген сәттер болғанын жасырмаймын. Бірақ мен 66 келіге өз еркіммен келдім. Мені ешкім мәжбүрлеген жоқ. Салмақ қуу қиын болып кетті, шыны керек, - деді Қырғызбаев.
Одан бөлек спортшы әлеуметтік желіні өшіріп, психологиялық және физикалық дайындығына көңіл бөлген. Бұл туралы оның бауыры Ғұмар айтып берді.
Олимпиадаға 1 жыл қалғанда үйден бір адам бару керек деп дайындығын бастап кетті. Жарты жыл қалғанда әлеуметтік желілерін өшірді. Дұрыстап дайындалсам медальға жетемін деген сенімі болды. Сенімі ақталды. Үш уақыт жаттығуды жібермей барды. Бір-бірімізбен татамиде қарсылас болған кездеріміз де болды. Ғұсман көбірек жеңетін, - деді Ғұмар Қырғызбаев.
Парижден күткен қуанышты хабар
28 шілде күні көптен күткен сәт туды. Бозкілемге шыққан Ғұсман 2015 жылғы әлем чемпионы және Оңтүстік Кореядан келген екі Олимпиада ойындарының екі дүркін жүлдегері Ан Ба Улды сенсациялық түрде жеңіп алды, содан кейін сенімді түрде (10:0 есебімен) Француз Валид Хьярды жеңді.
Француз спортшысымен күрескен сәтте көпшілік қауым отандасымызға сәттілік серік болса екен деп тілек білдірді. Франциялық қарсыласын айқын басымдықпен жеңіп, финалдық жолдамаға таласатын кез келді. Бозкілемде бразилиялық Виллиан Лимамен күрес оңай соқпады. Отандасымыз қосымша уақытта ұтылып, қола медаль үшін күресетін болды. Көптен күткен қазақ дзюдосы тарихындағы триумф! татамиде серб Страхиня Бунчичті айқын басымдықпен жеңген спортшы ел қоржынына үшінші медаль - қоланы салды.
Ғұсман осы олимпиадаға бар күшін салғанын айтты.
Бұл менің соңғы Олимпиадам. Жасым 32-ге келді. Сондықтан бар күшімді осында тастадым. 60 келіде сегіз жыл күресіппін. Сол салмақта бұйырмаған Олимпиада жолдамасы 66 келіде қолға түсті, – деді спортшы.
Осы сәтте ұлының жеткен жетістігіне қуанған әкесі Данияр Қырғызбайұлы тілеулес болған барша халыққа алғысын жеткізді.
Дзюдо жарысының бірінші күні өте сәтті аяқталды. Елдос бауырым алтын алып келді. Екінші күні Ғұсман баламыз қола медаль алды. Ол да бір үлкен жетістіктің бірі, қазақ халқының үмітін ақтады деп ойлаймын. Алда қатысатын қалған спортшыларымызға жеңіс пен сәттілік тілеймін, - деді Ғұсман Қырғызбаевтың әкесі Данияр Қырғызбайұлы.
Ғұмар бауыры Ғұсманның 20 жыл бойы спортпен айналысып жүргені, теккен төрі мен еңбегі Париж төрінде ақталғанына қуанышты екенін жеткізді.
Егер есептесек, біз 20 жыл бойы спортқа арнап, өмір сүріп келеміз. Ғұсман – нағыз үлгі. Ол үшін жұмыс пен жаттығу әрқашан басымдыққа ие және өмірдің мәні болып табылады. Мен ағам үшін өте қуаныштымын және оны мақтан тұтамын, - деді Ғұмар Қырғызбаев.
Осылайша, Ленгерде туған (Төлеби ауданының бұрынғы атауы) Ғұсман 32 жасында Париж Олимпиадасында жүлде алды. Енді ол спорттағы тәжірибесін жастарға үйретері анық.