El.kz порталының оқырмандарын еліміздегі ерекше қорғалатын ұлттық табиғи саябақтар жайлы ақпараттық-танымдық шолуды ұсынатын боламыз. Бүгін біз «Шарын» ұлттық табиғи саябағы жайлы сөз қозғаймыз.
Жер жаннаты Жетісудың тылсымға толы жерлерінің бірі – Шарын. Шарын – жартасты қыраттарымен, ерен тоғайлы ну орманымен, өткел бермес, бөктерді бойлай аққан өзенімен өзіне баурап алады. Қазақ жеріндегі тұмса табиғаттың бір жаратылысы деп, осы - «Шарын» ұлттық табиғи саябағын айтуға болады. Бұл ұлттық табиғи саябақ Алматы қаласынан күншығысқа қарай 195 шақырымдай жерде орналасқан. Шарын шатқалы - өзі аттас өзенінің бойымен солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа қарай 154 шақырымға созылып жатыр. Бұл аймақтың бедері әртүрлі болып келеді. Шарын өзені Теріскей және Күнгей Алатау жоталарының солтүстік баурайынан бастау алып, шағын өзектердің суын қосып алып, мол сулы өзенге айналады. Өзен Жалаңаш ойпаты мен Торайғыр тауының шығысынан қақ жарып шатқалды кесіп өтеді. Бұл - Қазақстанның жеті кереметінің біріне саналатын әлемде табиғаты ерекше қорғалатын мекен, еліміздегі туристік орындардың бірі де бірегейі - Шарын ұлттық табиғи саябағы. Мұнда - табиғи ескерткіштермен қатар жан-жануарлар дүниесі сақталған.
ҚЫСҚАША АНЫҚТАМА:
Ресми атауы: «Шарын» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі
Құрылған жылы: 23 ақпан, 2004 жыл
Орналасқан жері: Алматы облысының Еңбекшіқазақ, Ұйғыр, Кеген аудандарының аумағы
Жер көлемі: 127 050 га
Қадағалаушы мемлекеттік органы: ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті
Мәртебесі: республикалық маңызы бар табиғат қорғау және ғылыми мекеме
Паркті құрудағы мақсат: Шарын аумағының экологиялық, тарихи-ғылыми, эстетикалық табиғат байлығын қалпына келтіру және сақтау.
Шарын шатқалы шамамен 12 миллион жыл бұрын шөгінді тау жыныстарынан қалыптасқан табиғат ескерткіші. Онда биіктігі 150-300 метрге дейін жететін «Қамалдар аңғары», «Жалмауыз кемпір шатқалы» және басқа құмды жарлар бар. Жергілікті халық шатқалды «қорғанды қамалдар аңғары» деп атайды. Аңғар ұзындығы шамамен 3 шақырым, ені 20-80 метрге дейін барады. Шарындағы шатқалдар орналасу деңгейіне қарай бірнеше бөлікке бөлінеді. Көртоғай шатқалы Торайғыр жотасының шығыс бөлігінде орналасқан. Көпшілікке танымал болған нысан – Қорғандар алқабы деп аталады. Жауын мен қар суының шаюы және желдің әсерінен пайда болған сарғыш-қызғылт жартастар бірегей форма құрып, кімді болса да ертегідегідей ескерткіш әлеміне – сарайлар мен мұнаралы қамалдарға алып кетеді.
Бұл жерді ақындар «Жел атты ұлы мүсіншінің шеберханасы» деп атайтындығы тегін болмаса керек. Жарқабақтағы жабайы аңдардың бейнесі арқылы аймақты палеолит дәуiрiндегі жануарлар мен құстардың мекендегенін аңғару қиын емес. Сондай-ақ, бұл жер аңшылық пен саятшылықтың да мекені болғаны айдан анық. Бұл жайында биология ғылымдарының кандидаты, тәжірибелі ғалым Қылышбай Сәтімбекұлы мынадай қызықты мәліметті ұсынады.
«Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Биология мұражайында Шарын шатқалынан табылған түйеқұстың диорамасы бар. 1958 жылы Қазақстан ҰҒ академиясына қарайтын Зоология институты ғалымдарының Шарын шатқалының Сарытоғайынан түйеқұстың жұмыртқа қалдықтарын тапқан. Ол жұмыртқа қалдықтарының ерекшелігі, қазіргі түйеқұстардың жұмыртқасының қалыңдығы 2 милиметр болса, ал, мынау табылған жұмыртқалардың қалыңдығы 3,5 милиметр. Яғни бұл антропогеннің екінші жартысында осы жерлерде, далалы саваналарда түйеқұстар мекендеген. Қазақстан - қызғалдақтың, алманың, сонан кейін ең алғаш жылқыларды үйреткен мемлекет екенімізді, ел екенімізді біледі. Бірақ көптеген халық Қазақстан түйеқұстардың Отаны екенін біле бермейді», - дейді Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Биология музейінің бас маманы, биология ғылымдарының кандидаты Қылышбай МҰСАБЕКОВ.
Шарынның ерекше бойтұмарының бірі – Шарын ерен тоғайы. Ерен тоғай антропоген кезеңінен сақталып қалған табиғаттың таңғажайып сыйы. Бұл ерекше тоғай – Іле өзенінің сол жақ саласы Шарын өзенінің ортаңғы ағысында, Сарытоғай елді мекеніне жақын жерде орналасқан. Мұнда өте сирек кездесетін, ерте заманнан бізге жеткен ағаштың үш түрі өседі. Олар - Іле жидесі, Іле бөріқарақаты және Шаған ерені. Шаған ерені ылғалды жерде өскенді жақсы көреді. Сондықтан, зәйтүн тұқымдасының шаған туысына жататын бұл ағаштар, өзен арнасында өседі. Ежелгі соғды заманы ағаштары тегіне жататын ерен тоғайы, Қазақстаннан басқа тек Солтүстік Америкада ғана бар. Шарын ерен тоғайы қазір тек шағын алқапта ғана сақталған.
«Жалпы Ереннің шығу тарихы 3 миллион жыл бұрын пайда болған. Мұз дәуірінен кейінгі қалыптасып сол күйінде қалған. Бұл жерде егу немесе басқа да жұмыстар жүргізбейді. Тек қана өзінің өсу бейімділігіне байланысты Шарын өзенінің бойында өсіп келе жатыр. Жалпы ерен ағашының құрылымына келсек. Ерен ағашы, жаңғақ ағашы, емен ағашы сол сияқты ағаштардың тұқымына ұқсас өте қатты және бұтақтары морт сынғыш болып келеді», - деді «Шарын» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің директоры Елнұр Ахметов.
Шарын шатқалының төменгі аралығында үнділік бөріқарақат пен тораңғы терегі жайлап өскен. Күз айларында бұл аңғар қып-қызыл жидектерге толады. Шарын шатқалының табиғаты жануарлар мен өсімдіктерге бай. Бұл жақта сирек кезесетін дуадақ, бүркіт, ителгі және өзге де құстардың 130, бауырымен жорғалаушылардың 18, қосмекенділердің 4 түрі кездеседі. Сүтқоректілердің 36 түрі мекендейді, олардың төртеуі - сабаншы, қарақұйрық, Түркістан сілеусіні және Орта Азия құндызы ҚР Қызыл кітабына енгізілген.
Саябақтың жануарлар әлемі
Шарында тұяқтылар қатарында тау ешкілер де кездеседі. Тауешкі жұптұяқтылар отрядының қуысмүйізділер тұқымдасына жататын жабайы ешкінің бірі. Тау текелері туысына жататын сүтқоректі. Денесінің ұзындығы 150 см, шоқтығының биіктігі 80-95 см. Еркектерінде ұзындығы 130 см. Мүйіздері қайқы қылыш тәрізді екі жағынан қайырылып тұрады. Ұрғашысының салмағы 40 келіге, аталығының салмағы 100 келіге дейін жетеді. Тау ешкі шамамен 20 жасқа дейін өмір сүреді.
«Шарын» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің мемлекеттік инспекторы Несіпбай Ақылбаевтың айтуынша, бұл аймақта жергілікті тау ешкілердің 30-40 данасы бар. Ал, енді қоңыр күзге қарай гонға түскенде 50-60, 100-ге дейін барады.
«Мына Торайғырдан келеді, қырғыз жақтан келіп өтеді екен қара тау ешкілер. Бірлі-жарым текелер келеді. Күзде қайтқанда тау ешкілер өзге ешкілерді ертіп кетеді. Ал, бірақ жергілікті тау ешкілер осында әлі бар», - дейді мемлекеттік инспектор.
Шарын шатқалындағы Қазақстанның Қызыл кітабына енген түз тағысының бірі әрі бірегейі - қарақұйрық. «Дала кербезінің» дене бітімі нәзік, аяқтары жіңішке, шоқтығының биіктігі 67-80 см. Текесінің салмағы 22-45 келі шамасында, ал, ешкісінікі 20-35 келі. Текесінің мүйізінің түп жағы бедерлі, ұшы бір-біріне қарай аздап иілген, қара-қоңыр түсті, ұзындығы 33-45 см, ал, ұрғашылары – тоқал болып келеді. Құйрығы кішкентай, қара-қоңыр түсті. Тұяқтары кішкентай, қара түсті, сопақша әрі үшкір. Терісі құм тектес, сарғыш-сұр. Ел тәуелсіздігін алған тұста қарақұйрықтың саны тым аз, бар жоғы оншақты ғана еді. Бүгінде саябақ қызметкерлерінің күн-түн демей бағып-қаққанының арқасында 300-ге жуықтады.
«Шарын» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің мемлекеттік инспекторы Қазыбек Қойшыбаев бұл аңды қалай өсіріп жатқандығы туралы айтып берді.
«Аңды өсіріп жатырмыз. 14 жылдың ішінде талай жетістікке жеттік. Бұл аңның өзі Қызыл кітапта. Қарақұйрық жойылып кеткен болатын-ды. Міне құдайға шүкір қазір саны өсіп келеді. Бұл процесс көбінесе ұлттық табиғи парктің қамқорлығының арқасында болды. Аман алып қалдық. Енді жоғалып кетеді деп қорықпаймыз. Неге десең мұның саны көбейіп үлкен дәрежеге жетті. Олар шөл далада жүретін аң. Олар 3-4 күнде бір су ішеді. Қардың, жаңбырдың суын ішеді. Су болмаса шөптің дымқылынан да нәр алып жүре береді. Бірақ енді бұлардың көп суды қажет ететіні, мына көктемде, төлдеген кезде. Неге десең, лақ сорғытып емгеннен кейін, бұлар сол кезде суды көп қажет қылады. Ал, қалған кезде суды көп қажет қылмайды», - деді Қазыбек Қойшыбаев.
Жалпы, қарақұйрықтардың көру және есту мүшелері өте жақсы жетілген, сол арқылы бір-бірімен тез табысады. Тастақты, құмды, сазды топырақты, шөлді аймақтарда мекендеуге бейімделген. Қоныстарын жыл маусымдарына қарай, қыста сексеуіл, жыңғыл өскен бұйрат-бұйрат құмдарға, жазда шөлді жерлерге қарай қоныс ауыстырып отырады.
Жануарларға, жыртқыштан гөрі адамдар көбірек қастандық жасап жатады. Аң бар жерде, аңшы да жүреді. Осы күнге дейін үш рет қарақұйрыққа қастандық жасағандар ұсталып, жазаларын алғаны жайлы хабарды бұқаралық ақпарат құралдарынан естіп білгенбіз. Бүгінгі таңда мемлекет тарапынан заң күшейтілген. Қарақұйрыққа көз тіккендер, заң алдында тиісті жауапқа тартылады. Осыған орай Ұлттық саябақтың басшысы мынандай мәліметті келтірді.
"2019 жылы сондай тағы да бір жағдай болды. Бір қарақұйрықпен бір адам ұсталып, ол кісінің астындағы мотоциклі және қолында заңсыз ұстап жүрген мылтығы алынып, тәркіленіп өкіметке өткізілді. Сот арқылы қарақұйрықтың шыққан шығыны - 9 млн. 90 мың теңге ақшасы толығымен өндіріліп, үш жыл шартты жаза алды", - дейді «Шарын» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің директоры Елнұр Ахметов.
Саябақтың өсімдіктер әлемі
Шарын аумағында 92 тұқымдас 436 түрге жататын 1000-ға жуық жоғары сатыдағы тамырлы өсімдіктер тіркелген. Оның 50-ге жуық түрінің түбі жергілікті. Ондағы өсімдіктердің 21 түрі қорғауға алынып, еліміздің Қызыл кітабына енгізілген. Саябақ құрылғаннан бері өсімдіктердің 54 түрі Қызыл кітапқа енгізілген. Іле сексеуілі, Іле бөріқарағайы, Жоңғар шазнеясы, алатавия шафраны, соғды ерені, сұр терек және қызғалдақ осылардың қатарында.
Аймақтағы дәрілік өсімдіктердің тамырына шетелдіктер де көз тігуін қояр емес. Ал, Ұлттық табиғи саябақтың негізгі мақсаты қоршаған ортаның табиғи қалпын сақтау.
Саябақтың негізгі күретамыры - буырқанып, бұлданып, құпияға толы қызыл аңғарды екіге жарып ағатын Шарын өзені. Көркем мекенге одан сайын көрік беріп, ирелеңдеп аққан өзен суы Шалкөде жайлауынан бастау алып, арындап келіп, Кеген, Қарқара суына қосылып, Шарынға айналады. Шарын 393 шақырым бойы тынымсыз ағады. Суының тереңдігі 1-3 метрден басталып, кей жері одан да тереңге тартады. Алып аңғарларды, түксиген жарқабақтарды, бұрылыс-қалтарысы көп иіндерді кесіп өткен сайын жаны рахат табатындай арынын бәсеңсітіп, біртүрлі ырғақпен жылыстап ағады. Сөйтеді де, соңында әйгілі Іле дариясына барып құяды.
Шарын өзеннің ихтиофаунасы да алуан түрлі. Негізінен мұнда ғалымдардың мәліметі бойынша 2 тұқымдасқа жататын 15 түрлі балық бар. Амур шабағы, қабыршықты және жалаңаш көкбас, күміс мөңке балық, Қазақстанның Қызыл кітабына енген Іленің ақбалығы мен қарабалығы. Сонымен қатар, Арал сазаны, сұр талма балық, дақты әрі біртүсті бізтұмсық пен осман да осы өзеннен өз қорегін табады.
Шарында жүргізіліп келе жатқан ғылыми зерттеу жұмыстары жайлы осы саябақтағы ғылым бөлімінің басшысы Жігер Сартбаев мынадай мәліметтерді ортаға салды.
"Шарын және Темірлік өзенінде кездесетін балықтарды зерттеу туралы тақырыбымыз болған. Екі жыл сонымен әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің ихтиология факультеті мамандарымен бірлесіп жұмыстар жасадық. Жұмыс жасау барысында арнайы алынған балықтар арнайы зертханада зерттелді. Жалпылама айтар болсақ, Қазақстан Республикасындағы гидрология одағымен бірлескен келісім-шарт жасағанбыз. Бұл келісімшартта гидрология жағынан судың температурасы, судың шығыны, судың деңгейін және физикалық-химиялық құрамдарын зерттеп жыл сайын, оны аранайы табиғат жылнамасы кітабына жазып тіркеп отырамыз", - дейді Жігер Сартбаев.
Шарын өзенінің ағысы секундына 1-1,5 шақырымға жетеді. Бұл ағыс рафтинг спортына жарамды. Өзен арнасының кеңдігі 35-40 метрге дейін жетеді. Алайда, ескерте кетейік, бұл кез келгеннің, тіпті мыңның бірінің қолынан келе бермейтін қауіпті іс.
Шарын өзенінде аңызға бергісіз небір жағдайлар болып тұрады. Бір жылдары жергілікті тұрғындардың үрейін ұшырған қайғылы оқиға жайында инспектор Несіпбай Ақылбаев былай деп еске алады.
"1966 жылдардың жаз кезінде Ақбас жазығындағы көпірдің үстіне кішкентай ғана бұлт бірақ сағатта бір жерге үйіріліп, сол бұлттан жауған жаңбыр Көртоғайға тез арада жетіп келіпті. Ол кезде ары-бері өтетін автобустар баяғы кішкентай көпірмен жүретін. Көпірде магазин бар болған-ды. Соны көпірмен бірге, бір автобус адамымен қоса ағызып кеткен көрінеді. Тракторларды да, машиналарды да бәрін аударып алып кеткен екен. Ағыны қатты, сосын тас-тас қой. Шұңқыр-шұңқыр, ұрма бәрі", - деді инспектор.
Еpтeгiдей ғажап мекенге бip жылдa 20 000-нан астам туpиcт caяxaттaп кeлeдi екен. Мұнда қыс мeзгiлiндe дe туpиcтepдi қaбылдaуғa pұқcaт бар. Шaтқaлғa көп бapaтын туpиcтep, туpизмнiң нaғыз кepeмeт шaғы нaуpыздың aяғы мeн мaмыpдың бacында болатынын айтады. Сонымен қатар тaмыздың coңы мeн қapaшaның бacында барсаңыз да тамаша әсерге бөленіп қайтарыңыз сөзсіз. Бұл уақыттарда ауа райы қоңырсалқын, жайлы болады.
Ұлттық табиғи саябақта экологиялық ағарту жұмыстары тұрақты жүргізіліп тұрады. Студенттер мен оқушы балаларды шақырып, орман шаруашылығы, ағаш өсіру және өрттің алдын алу жұмыстарының қалай жүргізілу керектігін көрсетеді. Мысалы биыл 3 гектар жерге тұқымбақ отырғызылып, ол жерде ағаштарды қалай күтіп-баптау керек екендігі түсіндірілді. Сонымен қатар мұнда жыл сайын «Саябақтар шеруі» атты әлемдік бағдарлама жүргізіледі. Сол бағдарлама аясында ақпан, наурыз, сәуір айларында түрлі жұмыстар атқарылып, мамыр айында нәтижесі шығарылып, белсенді қатысқан студенттерге, мектеп оқушылары мен ауылдық жердегі халыққа сый-сияпат жасалып, қорытынды шара ұйымдастырылады.
Шатқалда тарихи обалар мен жәдігерлер көптеп кездеседі. Табиғи-тарихи жәдігерлерді ғылыми-зерттеу жұмыстары тұрақты жүргізіліп, арнайы сараптамалар жасалып отырады дейді, осы мекеменің басшысы.
"Бұл жерге біз ғалым туристердің келуіне, ғылыммен айналысатын туристерге арнайы туристік маршрут ашқанбыз. Шарын өзенінің батыс жақ бөлігінде сондай обалар бар. Яғни бұл жер сақ дәуірі, ғұн дәуірінің кезінде адамдар өмір сүрді дегенді нақтылайтын жалпы үлкен мағынасы бар. Жоңғар шапқыншылығы кезінде де, Шарын өзені бойында, Шарын шатқалы, Көкпек жазығы жақтарында да үлкен кескілескен шайқастар болған. Әлі күнге дейін соғыс құралдары, садақтарының ұшы, мемлекеттік инспекторлардың да кейде көздеріне түсіп, алып келіп өзіміздің музейге өткізіп жатады. Одан кейін 2018 жылы қатты сел жүріп, жерді шайып кетуі нәтижесінде 3 дана, біреуі сынған екеуі бүтін құмыра табылды. Оны археологтар IV-V ғасыр кезіндегі құмыраларға жатқызады. Яғни бұл сол дәуірлерден бері осы жерде адам баласы мекендегенін білдіреді", - деді мекеме басшысы.
Шарын туралы айтылатын сөз көп. Шарын - түртіп қалсаң әрбір тасы тарихтан сыр шертетін қасиетті мекен, тарихи-мәдени жәдігерлерге бай өлке. Шарынның шапағатын сезіну үшін сол жерге барып көрген жөн.
Дәурен Мақсұтханұлы