Жаңалықтар

Әлемдегі тұрақсыздық күн санап күшейіп келеді

Халықаралық аренада кекілжіңдер мен шиеленістер саны күн санап артуда. Олардың халықаралық қатынасқа әсері қалай болмақ?
22.01.2016 10:10 5651

Әлемдегі тұрақсыздық күн санап күшейіп келеді

Атақты америкалық саясаттанушы Френсис Фукуяма өзінің «Тарихтың ақыры және соңғы адам» атты еңбегінде Қырғи-қабақ соғысынан кейін әлемде ешқандай ірі көлемдегі соғыс, теке-тірес, шиеленістер болмайды, әлемнің дамуы белгілі бір арнаған түседі деп болжам жасаған болатын. Алайда уақыт бұл болжамның дұрыс емес екендігін көрсетті. Ағымдағы жылы болып жатқан түрлі оқиғалар осының айқын дәлелі болса керек.

Ресей мен Украина арасындағы шиеленіс, оған бүткіл Батыс әлемінің араласуы, соның салдарынан мұнай бағасының төмендеуі көптеген елдерге кері әсер етті. Мұнай экспорттаушы елдердің табысы кенет азайса, қара алтынға тәуелсіз дамыған мемлекеттердің өнімін алушылардың сатып алу қабілеті төмендеді. Экономикалық даму деңгейі көптеген елдер бойынша тоқтап қалды. Тығырықтан шығу үшін Қытай секілді алпауыт елдер өздерінің ұлттық валютасын белгілі бір деңгейге құнсыздандырды. Оның артынан өзге де мемлекеттер девальвация жүргізе бастады.

Дәл осы уақытта әлем алдында тағы бір үлкен қауіп пайда болды, нақтырақ айтқанда бұл бұрыннан бар қауіп еді, тек соңғы жылы қатты белең алып, бүкіл әлемнің бас ауруына айналды. Басқа террористік ұйымдарға қарағанда ИЛИМ-нің («Ирак және Ислам ислам мемлекеті») ерекшелігі – бұл ұйым медиа ресурстарды тиімді пайдаланып, бүкіл дүние жүзі бойынша үлкен үрей тудыруда. Франциядағы жарылыстан кейін және Ресейдің жолаушылар ұшағынан террористер қолымен жарылғандығынан соң ИЛИМ-мен күресу жолында идеологиялық қарама-қайшы Батыс елдері мен Ресей арасында татулық орнай ма деген сенім пайда бола бастағаны сол еді, тағы да теріс оқиғалар орын алды. Атап айтқанда, Ресей әскери ұшағының Түркия тарапынан атып түсірілуі бүкіл үмітті жоққа шығарғандай болды.  

Онсыз да қайшылыққа толы әлем жаңа жылдың алғашқы күндері тағы бір оқиғамен толықты. 2 қаңтар күні Сауд Арабиясында шейіт уағызшысы Нимр Бәкір ән-Нимрдің өлім жазасына кесілуі осы елмен Иран арасындағы үлкен бір қайшылықтың өршуіне әкелді. Бұл қайшылық бүкіл ислам әлемін дүрліктірді, өйткені бұл сунидтер мен шейіттердің жаулығын күшейтті.

Осылайша шешімін таппаған қайшылықтар саны артып келеді. Экономикалық дағдарыс пен тоқырау да күшеюде. Мұның бәрі халықаралық жағдайға, әлем елдеріне әсер етпей қоймайды. Алпауыт елдер өзара келісе алмай жатқан кезде олардың бәрі бірдей дипломатиялық қатынас ұстап тұру да оңай шаруа емес.  Мұндайда белді бекем буып, барлық қиын жағдайға дайын болған абзал. 


Алдияр Рысбеков

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға