Жаңалықтар

ƏЛЕМДЕГІ ЭТНОСТАРДЫҢ БƏРІ ДЕ МЕТИС

Ұлттардың этногенезі, қалыптасуы – өте күрделі, сан құбылған процес.
15.10.2014 10:34 4223

Тайпа, əсіресе тайпалық одақ пен ұлт – іс жүзінде “қырық темірдің қылауы қосылған” күрделі бірлестік, мейлінше метистену барысынан өтіп барып орныққан адамдар тобы. Ұлттың қалыпты да табиғи жағдайда жойылуы қиын. Түптің түбінде “Алдымен тап жойылады, сосын мемлекет жойылады. Сонан соң барып ұлт жойылады. Əлемнің бəрінде де міне осылай болмақ” деген ең солшыл марксизмшілдердің сөзі де бұған айғақ. Алайда бүгінгі дүниеде кей ұлттар не демографиялық əлсіздігінен, не билік жағының қалыпсыз шараларынан ассимилияцияланып, өзгеге сіңіп баратқаны да шындық. Мұндай ахуал бұрынғы тарихта да жиі болған.

Сондықтан нəсілдік дене бітім антропологиясына тəн материалдарды зерттеу мен ұлт айыруды тіке байланыстыру, тіпті ол материалдарды ежелгі заманға тəн археологиялық мəдениеттерді немесе сондағы ұлттық тəуелділікті айыру үшін тіке істету зор қателікке апарады. Бұл биологиялық классификацияны əлеуметтік классификациямен шатыстыру, бір нəсілдің талай ұлтты, ал бір ұлттың талай нəсілді қамту ықтималдығын білмеу болар еді. Əйгілі ғалым Денис Синор: “Археологияның нəтижелерінен тіке тарихи тақырыпқа айнала кететіндері өте аз. Бұл əдебиеттер мен материалдарға негізделген тарихи қорытындыны археологиялық табысқа дөп келтіре салу.

Недəуір қатерлі. Қолда өзге деректер жоқта бір зираттан шыққанды, ана адамдар тобына емес, мына адамдар тобына жатқыза салуға не негіз бар” дегенді бекер айтпаған. Ұлы Даладан шығып жатқан археологиялық мұралар мен мүрделерге қарап, “ақ нəсілді екен, еуропалықтар ғой, мұның ата-бабаларыарғы заманнан бері осы далада жасап келе жатқан бұл даланың мына бүгінгі тұрғындарымен еш байланысы жоқ” дей салу – Денис Синор айтқан қатерлі қателіктің бір мысалы.

Ұлттардың этногенезі, қалыптасуы – өте күрделі, сан құбылған процес. Оған сыңаржақты (не тарих, не тіл, не əдебиет, не басқалардың бірі арқылы ғана) зерт- теу жүргізе салу жарамайды. Бүйту ішінара нақты мəселенің кейіне жараса да, бүтін тұлғалық мəселенің дұрыс шешілуіне ес қата бермейді. Мысалға филологияны алыңыз. Ұлт төркінін іздегенде бұған да сақ болған дұрыс. Тіл – ұлт қалыптасуындағы басты шарт. Тіл мен ұлт арасында өз ара сүйеніштік тығыз байланыс бар. Ұлттың талай белгілері тіл арқылы айшықталады, аңыс етіледі. Дегенмен тіл мен ұлт арасында айырмашылық та, екеуінің өзіндік ерекшелігі мен даму заңдылықтары да бар. Бұл екеуі құрдас та емес, даму процесі тара- пынан адымдас та емес. Бүгінде мұндайдан хабарсыздар (мысалы арғы ұлы далалықтардың тілдік ассимилияция үрдісін, түрік тілінің тарихын, қазіргі ұлы даладағы ұлттардың тайпалық құрамын, олардың тілдік лексикасындағы түрік, парсы т. б. тілдік байлықты білмейтіндер) жоғарыдағы Денис Синор айтқан қателікті тіпті де ауырлатып жүр.

Сұлтан Жанболат, "Ежелгі ұлыс тарихы"

 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға