Әлем алдындағы Абай бейнесі
Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлы биыл 170 жасқа толып отыр. Осы ретте Абай әлеміне тағы бір тоқталып өтейік.
Абай әлемнің бірнеше тілдеріне аударылды. Озық ойлы оқырмандар Абайды ағылшын, орыс, француз, қытай, түрік, парсы тілдерінен танып түсіне алады. Абай әлемге шығармалары арқылы ғана таныс десек, кем айтқанымыз. Өйткені, әлемнің бірнеше елінде Абай атындағы көшелер мен ескерткіштер бар.
"Әлемді нышандар мен белгілер билейді" демекші, Абайдың ескерткіші әр елдің төрінде менмұндалап тұр. 150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО шеңберінде тойланған ақынның 170 жылдығы да жоғары деңгейде өтіп жатыр.
1988 жылдан бері Киевте Абай Құнанбаев көшесі ашылған. Ақын атындағы көше сондай-ақ Украинаның Краматорск, Днепропетровск қалаларында да бар.
1995 жылы 15 ақпанда әлемнің орталығы саналатын Лондон қаласында Роллан Сейсембаевтың бастамасымен Абай үйі ашылды.
Каирде Абай атындағы көше 1998 жылы пайда болса, Берлинде 2000 жылы 18 ақпан күні Абай-штрассе ашылған. Сонымен бірге Ташкент, Бішкек қалаларында да, тіпті Үндістанның астанасы Нью Делиде де Абай Құнанбаев атындағы көше бар.
2006 жылы Ресей астанасы Мәскеудің «Чистые пруды» бульварында Абай ескерткіші ашылды. Ескерткіш Қазақстан Елшілігі маңайына қойылған. Орындаған авторлық ұжым: мүсінші Марат Айнеков, дизайнер Тимур Сулейменов, суретші Эдуард Дробицкий, сәулетші Вячеслав Романенко.
2007 жылы қазан айында Иран Ислам Республикасы Тегеран қаласында Абай мүсіні ашылды. Мүсін Ұлттық кітапханаға кіреберіс аллеяда орнатылған. Сондай-ақ Иран ұлттық кітапханасында да Абайдың мүсіні қойылған.
2011 жылы желтоқсан айында Әзербайжан астанасы Бакуде Абай Құнанбаевтың атымен аталған көшенің салтанатты ашылу рәсімі өтті.
2013 жылы маусым айында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Өзбекстан Президенті Ислам Каримовтың қатысуымен Ташкенттегі Абай көшесінде ақын ескерткіші ашылды. Абай ескерткішінің авторлары белгілі қазақ мүсіншісі Нұрлан Далбай және сәулетші Расул Сатыбалдиев. Авторлар ақын бейнесі арқылы бүкіл қазақ халқының дархан көңілі мен ұлы ойшылдың дана тұлғасын сомдаған. Ескерткіштің биіктігі - 9,2 метр.
2014 жылы наурызда Қытай астанасы Бейжіңнің орталығындағы «Чаоян» саябағында Абайға арналған ескерткіш ашылды. Бұл салтанатқа Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов қатысты. Мүсіннің авторы - Юань Сикунь.
2014 жылы Венгрия астанасы Будапешттегі Астана көшесіне Абайдың ескерткіші орнатылды. Ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов қатысты. Мүсін қоладан жасалған, оның биіктігі -1070 мм, ені - 900 мм.
Әзірлеген: Досжан Мейірім.