Жаңалықтар

Легионерлерсіз отандық футбол құлдырайды – Самат Смақов

Легионерлерсіз отандық футбол құлдырайды – Самат Смақов
Фото: © instagram/samat_smakov 08.11.2024 14:50 964

Жуық арада Қазақстанда легионерлерді қаржыландыруды тоқтату мәселесіне қатысты заң жобасы қабылдануы мүмкін. Бұл жайт отандық футболға қалай әсер етуі мүмкін? Ұлттық құраманың бұрынғы көшбасшысы Самат Смақов 1bol.kz сайтына берген жауабында осыған қатысты пікір білдірген, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Смақов легионерлерсіз отандық футбол құлдырайды деп санайды. Дегенмен ұлттық чемпионатта деңгейі төмен легионерлердің де көптігін жоққы шығармады.

Легионерлерді қаржыландыру тоқтатылса, онда бізде легионер қалмайды деген сөз. ҚПЛ-дағы өз орындарын сақтап қалуға күресіп жатқан клубтарға ешкім ақша бермейді, оларда онсыз да демеуші жоқ. Алғашқы орында тұрған клубтар өйтіп-бүйтіп демеуші табуы мүмкін, ал басқаларының халі мүшкіл. Яғни деңгей мүлде алшақтап кетеді. Өзіміз де сол деңгейі жоғары легионерлерге, аға буынға қарап өстік, үйрендік, жастар да дәл солай. Біздің чемпионаттың деңгейі онсыз да төмен, легионерлерсіз жағдай тіпті қиындап кетеді. Сондықтан бұл жерде ортақ шешім қабылдануы керек деп ойлаймын. Бастысы, өз елдерінде ешкімге керек болмай қалған, бәсекеге қабілетсіз легионерлерді емес, шынымен де мықтыларды шақырту қажет. Шетелдік ойыншыны алып келсек, онда оның деңгейі біздің футболшылардан бір бас жоғары болуы қажет, - деді ол. 

Смақов легионерлерден бас тарту шетелде ойнайтын қазақстандық футболшыларға да кері әсерін тигізуі мүмкін деп отыр.

Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің футболшылары өзара легионер саналмайды. Егер қаржыландыру түбегейлі тоқтайтын болса, тиісінше олар бізге келіп ойнай алмаса, біздің футболшылар да ол мемлекеттерде өнер көрсетпейді деген сөз. Таяқтың екі ұшы бар, осының бәрін ескеруіміз керек, - деді бұрынғы футболшы.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға