Жаңалықтар

Лұқпан ЕСЕНОВ: "Тамашада" жүрiп танылып алады да жеке отау ашып кеткiсi келедi"

Лұқпан ЕСЕНОВ, «Тамаша» ойын-сауық отауының президентi, Қазақстан Республикасының Еңбек сiңiрген қайраткерi:
31.07.2014 08:12 7292

Лұқпан ЕСЕНОВ, «Тамаша» ойын-сауық отауының президентi, Қазақстан Республикасының Еңбек сiңiрген қайраткерi:

Лұқпан ЕСЕНОВ: "Тамашада" жүрiп танылып алады да жеке отау ашып кеткiсi келедi"

БАРЛЫҚ АКТЕРЛЕРГЕ ҚАЛАМАҚЫ БIРДЕЙ ҚОЙЫЛАДЫ

– «Тамаша» əзiл-оспақ отауы ширек ғасырдан астам уақыт iшiнде шығармашылық шарықтау, құлдырау кезеңдерiн бастан кешiргенi мəлiм. Əйтсе де «Тамашаның» ең жұлдызды кезеңi деп қай жылдарды атап айтар едiңiз?

– Мен сонау 1978 жылдан бастап, яғни «Тамаша» əзiл-оспақ отауы құрылған күннен бүгiнге дейiн осы бағдарламаның ыстық-суығына көнiп келемiн. Сонда байқағаным, «Тамашаның» шарықтау кезеңдерi көп болды. Ал құлдырау кезеңiн тап ба-сып айта алмаймын. Өйткенi бiздiң бағдарламаның тұрақты көрермендерi бар. Кей жұрт: «Тамашаның» шарықтау кезеңi» деп Тұңғышбай, Құдайберген, Лидия сықылды сатира жанры тарландарының бiздiң отауға араласқан жылдарын айтады. Бұл пiкiрге мен қосыла алмаймын. Мəселен, олардан кейiн ғажап та ғаламат əрi тума талант Мейiрман мен Тоқсын, Уайс, Қадiрбек, Гүлбаушан, Данагүлдер келдi. Олар да – қалың көрермендер-дiң көңiлiнен шығып, қошеметiне бөленiп жүрген дарындар. Қазiргi топтағы əртiстердi де ешкiмнен кем санай алмайсыз. Сондықтан «Тамаша» əлi де өз бабында деп айта аламын.

Дегенмен, «Тамашаның» шын мəнiнде тамаша болу-ына кiмдердiң көбiрек септiгi тиедi. Əртiстердiң бе, əлде авторлардың ба?

– Əрине, екеуiнiң де тигiзер игi ықпалдары бар. Мəселен, автор сапалы дүние ұсынса, оны халыққа əсерлi етiп жеткiзетiн актер. Бұл шығармашылық одақтың бiрiнсiз бiрiнiң күнi қараң. Кезiнде марқұм Оспанхан Əубəкiров бiздiң белсендi авторларымыздың бiрi болды. Оның орны, жөнi бөлек едi ғой. Ол – қазақтың классик жазушысы. Əттең, оның қадiрiн кеш түсiндiк қой. Бұл – қазақтың қанында бар қадiрсiз қасиет. Көзi тiрi кезiнде бағалап, соған лайықты құрмет көрсете алмаймыз. Сосын қазақтың белгiлi сықақшысы Шона Смаханұлы да бiзге тартымды туындыларын ұсынып тұратын.

Кезiнде «Тамашаның» белсендi авторлары болған сы-қақшылар соңғы кезде неге атiзiн салмай кеттi?

– Қазiргi қаламгерлер сахналық қойылымды жеңiл-желпi жанр санап, оған көп көңiл бөле бермейдi. Оларға одан да по-весть, роман жазған ұтымды. Бiрақ оның да машақаты аз емес. Оның үстiне, бiздiң қаламақымыз да аз.

Егер сiздердiң негiзгi сүйенетiн тiректерiңiз авторлар болса, оларды қызықтыратын, өздерiңiзге тартатын шара-ларды неге ұйымдастырмайсыз? Мəселен, қаламақысын көбейтуге болмас па едi?

– Оныңыз дұрыс қой. Бiрақ ол үшiн қаржы көзi керек емес пе?! Мəселен, бiз «Республика» сарайын бiр күнге жалға алғанымыз үшiн 450 мың теңге төлеймiз. Екi күнге 900 мың теңге қажет. Сосын сахнаны жабдықтау, жарық түсiру, дауыс күшейту дегеннiң бəрi ақша. Көшелерге iлетiн жарнамалық афишалар өз алдына. Оған телевидениеге түсiру мен оның мон-тажын қосыңыз. Авторларға, сазгерлерге, əншiлерге, ақындарға да қаламақы төлеймiз. Сонда əртiстерге не қалады? Қысқасы, шығын өте көп.

Егер авторлар шығармаларын ұсынбаса, сонда бағ-дарламаны қалай дайындап жүрсiздер? Негiзгi авторлары-ңыз кiмдер? Жалпы, сахнаға шығатын қойылымдарды қандай сүзгiден өткiзесiздер?

– Қазiргi мықты авторларымыздың бiрi қазақтың белгiлi сықақшысы Сейiт Кенжеахметов деп айта аламын. Ол – классик жазушы əрi этнограф-ғалым. Сейiт Кенжеахметов бiзге ширек ғасырдан берi белсендi автор болып келедi. Тiптi, бiз оның шығармашылығына толық бағдарламамызды да арнағанбыз. Үмбетбай, Көпен, Толымбек, Асқарлар да жиi араласып тұрады. Соңғы кезде Көпен мен Толымбек өз шығармаларын өздерi оқып жүр. Ал «Қойылымдарды қандай сүзгiден өткiзе-сiздер?» деген сауалыңызға келетiн болсақ, мəселен, бiр қойылымды Қадiрбек пен Марат қояды делiк. Соны үшеумiз отырып өңдеймiз. Артық жерiн алып тастаймыз, жетiспей тұрған жерiн толықтырамыз.

Кей авторларыңызбен əңгiмелескенiмiзде олар: «Жазып берген шығармамызды сахнаға шыққанда танымай қалып жатамыз» деп өкпе айтады. Бұған Сiз не дер едiңiз?

– Ол рас. Бiрақ бiзге келiп түскен туындылардың бəрi жақсы немесе бəрi жаман деп айта алмаймын. Олардың iшiнде түкке тұрғысыздары болады. Соларды өңдемей болмайды. Сөйтсек олар бiзге жатып кеп ренжидi. Оларға салсаң, қалай жазды, солай шығару қажет. Кезiнде Оспанхан шығармаларын алып келiп, одан кейiнгi тағдырын бiзге тапсыратын. Өкпе-ренiш айтуды бiлмейтiн.

Редакторларыңыз бар ма?

– Бар.

Ол кiм?

– Жазира Қалыбаева. Бұрындары Қойшыбай Жылқышиев, марқұм Жарасқан Əбдiрашев, Мұқадес Еслəмғалиевтер болды. Олардың бəрi мықты редакторлар едi.

– «Тамашада» актерлер неге көп тұрақтамайды? Қалам-ақысына көңiлi толмай, осы отаудан кетiп қалған əртiстер де бар сыңайлы...

– Жоқ. Бұл əңгiменiң еш қисыны келмейдi. Барлық актерлерге қаламақы бiрдей қойылады. Ол жағынан маған ешкiмнiң өкпесi жоқ шығар. Менiңше, олар ортақ өгiзден гөрi, жеке бұзауының болғанын қалайтын секiлдi. «Тамашада» жүрiп, əбден танылып алады да, сол абыроймен жеке отау ашып кеткiсi келедi. «Кетем» деп тұрған адамды зорлап, байлап ұстай алмайсың ғой. Алдынан жарылқасын деймiн. Алғашқыда оларға ренжiп те жүрдiм. Сөйтсем оным бекершiлiк екен. Қазiр оған əбден етiм үйренiп алған. «Та-машадан» ең алғаш Тұңғышбай кеттi. Оның да өзiндiк себебi бар. Бiрде ол маған келiп: «Аға, мен «Тамашадан» кетпесем болатын емес. Театрда Сырымның рөлiн ойнап жатсам, көрермендер қолын шошайтып: «Мынау нағашы ғой» деп жатады. Содан кейiн рөлiңдi қалай сомдай аласың?» дедi. Мен оған түсiнiстiкпен қарап, рұқсатымды бердiм. Бауыржан, Асқар, Гүлжандар өздерiнiң театр-ларын ашып кеттi. Оларға еш өкпем жоқ.

Қазiр не көп, əзiл-оспақ отаулары көп. Солардың барлығы «Тамашаның» қара қазанында қайнап, соның шекпенiнен шықты десек, асыра айтқандық болмас. Ұстаз əрi маман ретiнде осы əзiл-оспақ отауларына қандай баға берер едiңiз?

– Ол театрлардың ашылғанына қуанбасам, қызғанбаймын. Мұның бəрi – заман талабы. Олар сол талап үддесiнен шығуға талпынуда. Мысалы, Мəскеуде театр көп. Солардың бəрiнiң өз көрермендерi бар. Сол сияқты бiздiң өнер ошақтарының да ұстанған бағыт-бағдарлары, жолдары болатыны даусыз. Ал оларға мен баға бергiм келмейдi. Ондай төрелiктi халықтың өзi айтқаны абзал.

Жалпы, əртiстердi «Комик», «Трагик» деп бөлуге болады ма? Мəселен, бiз: «Атақты комик» деп жүрген Құдайберген Сұлтанбаев өзiн трагик актер санайды. Сiз оған режиссер ретiнде трагедиялық туындылардағы басты рөлдi берер ме едiңiз?

– Құдайбергеннiң комик актер екендiгiне дауым жоқ. Ал трагик дегенге сене алмаймын. Оған трагедиялық басты рөлдi беру, бермеу – ол сол қойылымның режиссерiне байланысты шаруа. Егер Тұңғышбайға келер болсақ, ол өте талантты актер. Оған оң мен солың бiрдей. Оның бойында актерге тəн барлық қасиеттер бар. Ол – үлкен тұлға.

 

ҚАЗАҚТЫҢ ƏЗIЛIНДЕЙ ƏЗIЛ БIРДЕ-БIР ЕЛДЕ ЖОҚ

Басқаны былай қойғанда, кей сықақшыларымыздың өздерi: «Қазақ сатирасында жеңiл де жыртақай күлкiлер көбейiп кеттi» деп жүр. Шын мəнiнде солай ма?

– Бұл сынды мойындаймын. Кейде бағдарламаны толтыру-ға материалдар жетпей қалады. «Тамашаны» қоятын күн тақап, оны түсiретiн техникаларды күнi бұрын жалға алып қоямыз. Сондай кезде, жасыратыны жоқ, бiр қайнауы iшiнде қойылымдар кетiп қалып жатады. Негiзi, бiзге цензура қажет. Бұл менiң өз пiкiрiм. Бұрын «Лито» деген болды ғой. Сол сияқты бiр бөлiм қажет-ақ. Сонда күлкiмiзде мəн болар ма едi? Дей тұрсақ та қазақтың əзiлiндей əзiл бiрде-бiр елде жоқ. Мысалы, қазақ: «Əзiлiң жарасса, атаңмен ойна» дейдi. Демек, мəселе əзiлдесе бiлуде болып тұр ғой. Олай болса, қазақ əзiлде-се бiлген. Мəселен, нағашы мен жиен, жезде мен балдыз, жеңге мен қайны немесе құрдастар арасындағы əзiлдi алайық. Бұлардың бəрi бiрiн-бiрi қайталамайды. Қайта толықтыра түседi. Осындай ғажап əзiлдердi қағазға түсiре алмасақ немесе сахнада көрсете алмасақ, ол өзiмiздiң сорлылығымыз. Со-сын бiздiң жоғары жақта отырған шала қазақ шенеунiктер қазақ əзiлiн түсiнбейдi. Сондықтан да қазақ сатирасына жəрдем-көмектерiн бермейдi. Мемлекет тарапынан қолдау көрсетпейдi. Олар сатираға жеңiл-желпi, атүстi қарайды. Са-тираны ұсақ-түйек деп түсiнедi. Олар өзiне-өзi күле алмаған елдiң болашағы бұлдыр болатынын бiлмейдi. Сосын қазақ сатирасы қайбiр оңсын!

Мынау көршi қонған өзбек, қырғыз, тəжiк елдерiнiң өнер жанашырлары жиi-жиi елге шығып, сонда жүрген жас таланттардың танылуына игi ықпалын тигiзедi екен. Бiзде сондай талпыныстар бар ма?

– Бұл бiз үшiн жаңалық емес. Егер көрермендердiң естерiнде болса, қазiр өнер жұлдыздары болып жүрген көптеген əншi, бишi, əртiстердi ең алғаш осы «Тамаша» танытты. Мысалы, Алтынбек Қоразбаев, қазiр бiздiң белдi əртiстерiмiздiң бiрi бо-лып жүрген Марат, сиқыршы Балтабай, əншi Бақтияр Тайлақ-баев, Сəуле Желдiбаева, тағы басқа қазақ эстрадасында жүрген көптеген əншiлердi «мен таптым» десем, ешкiм қарсы дау айта қоймас.

Қазiргi əзiл-оспақ отауларында жүрген қай актерлердi бөле-жара атар едiңiз?

– Жалпы, бiзде жақсы актерлер баршылық. «Тамашадағы» əртiстердi санамалап жатпайын. Ал «Бауыржан-шоуға» кел-сек, онда Əбунасыр мен Қуандық деген жас актерлер бар. Солардың болашағынан көп үмiт күтемiн. «Терiсқақпайда-ғы» Ұланның жөнi бөлек. Ол – өте талантты актер. Оның бес қаруы түгел.

Сiздерге мемлекет тарапынан көмек көрсетiлмейдi екен. Ең болмаса, сiздердiң тұрақты демеушiлерiңiз бар ма?

– Атай көрмеңiз. Оларды өңiмiз түгiлi, түсiмiзде көрмей-мiз. Бiздiң қалталы азаматтардың басым бөлiгi орыстiлдi аза-маттар ғой. Олар Ресейден Алла келсе, етегiне намаз оқуға бар. Ал бiзге келгенде, үнемi сиырлары «суалып» қала бередi. «Тамашаның» 25 жылдығы қарсаңында жаныма директор мен администраторды ертiп, ел-елдi араладым. Бəрi үйiп-төгiп уəде бередi де көк тиын да аудармайды. Қазiр оларға иегiм де қышымайды. Бiздi түсiнетiн ел, халық аман болсын!

Əңгiмеңiзге рақмет.

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, «Ағынан жарылсақ» 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға