Күзетшінің өлімі: Қайғыдан қан жұтқан отбасыға күдіктінің жақындары ақша ұсынған
Алматыда аса қатыгездікпен өлтірілген күзетшінің отбасына күдіктінің жақындары ақша бермек болған. Олар болған жайтқа өкінетінін айтып, кешірім сұрап келді, дейді марқұмның туыстары. Күзетшінің жақындары кешірім бермейтінін, кінәлі тараптан бірде-бір тиын алмайтынын айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.
Телеарна мәліметінше, марқұм Нұрбол Қайыпбаевты үш баласы мен туған-туысы 31 наурызда ақтық сапарға шығарып салды. Қапыдағы өлім Нұрболдың аға-бауырларын да ауыр тиген. Олар жаназа кезінде күдіктінің туыстары ақша ұсынғанын айтты.
Алдымыздан өтті, «кешіріңіздер» деп, бірақ кешірім болмайды дедік, сот болады. Әділ сот болғанын қалаймыз дедік. Жеңгеме «маған нөмірін бер, ақша салып жіберейін» дейді. Ондай көмек керек емес, ешқандай көмек керек емес. Елдің бәрі, бүкіл Қазақстан болып жинап жатыр. «Кешірім болмайды» дедім, болды, - дейді марқұмның інісі Руслан Қайыпбаев.
Тілші таратқан ақпарат бойынша, күдіктінің әкесі ақша ұсынбақ түгілі, күзетшіні өлтірген адамды танымаймын деп басын ала қашқан. Ал айыбын жуып-шаймақ боп ақша ұсынғандардың күдіктіге қандай жақындығы бары белгісіз. Қапыда отағасынан айырылған жары мен үш баласына ауыр соққы болды. Үлкені 14 жасқа толса, кенжесің жасы бесте. Барлығы жалдамалы пәтерде тұрады. Жесір қалған жарының шотына қазақстандықтар қазір көңіл айтып жаппай ақша аударып жатыр.
Тергеудің жан-жақты әрі әділ болуы үшін барлық дәлел-дәйектерді жинап жүрміз. Осы тұрғыда жәбірленушілерге барынша көмек көрсетіп жатқан қазақстандықтарға алғыс айтамыз. Қаржылай көмек бергісі келетін жандарға айтарымыз, марқұмның бауыры Руслан мен мен жұбайы Әсемге аударсаңыздар, себебі жәбірленушілердің атын жамылған алаяқтар көбейіп кетті. Абай болыңыздар, - деді қорғаушы Асылбек Әбдірайымов.
Қанды қылмысқа екеуінің арасындағы кикілжің себеп болған. Күдікті азамат көлікті масаң күйде айдап қалаға шығуға тырысқан. Күзетші оған бұл әрекетінің заңғы қайшы екенін түсіндірмек болыпты. Сөйтіп жол талғамайтын көлік мінген азамат күзетшіні үш рет таптап, шалажансар жатқанда да басынан тепкілеген.
Қазір бұл оқиғаға қатысты аса қатыгездікпен адам өлтіру бабы бойынша іс тергеліп жатыр. Күдікті екі ай мерзімге қамауға алынған.