Жаңалықтар

Күйеуін өлтіріп, денесін бөлшектеп тастаған түркістандық әйелге сот үкім кесті

Күйеуін өлтіріп, денесін бөлшектеп тастаған түркістандық әйелге сот үкім кесті
Фото: Видеодан алынған кадр 04.03.2024 13:06 3237

Түркістан облысы Сарыағаш ауданы Қапланбек ауылында күйеуін аса қатігездікпен өлтірген 34 жастағы әйел 15 жылға сотталды, деп хабарлайды EL.kz ақпарат агенттігі.

Оқиға былтыр 10 тамызда болған. Қарбыз жеп отырған ерлі-зайыптылар арасында TikTok-қа байланысты дау туындайды. Күйеуі әйелінің әлеуметтік желіге видео жүктегеніне наразылық білдіріп, «пышақты өзіңе сұқ» деп бұйырған. Екеуара ұрыс әйелдің ер адамды пышақтап өлтірумен тынады. Өкініштісі, бұл оқиғаға балалары куә болған.

Әйел күйеуін өлтірген соң, қылмысын жасырамын деп денесін бөлшектеп тастаған екен. Мәйітті бөшкеге салған қылмыскер өтініш жасап, көршісінің көлігімен мәйітті Келес өзеніне апарған. Әйелдің түн ішіндегі бұл әрекетінен күдіктенген көрші үшінші күні бөшкені ашып көріпті. Содан Құндыз Молдабекованың қылмысы әшкере болады. Оған дейін әйел мәйіттің бөлшектенген үш бөлігін өзенге ағызып үлгерген. Сондай-ақ жолдасының көлігін 2 миллион 300 мыңға досына сатыпты. Осылайша Түркістан облысының тұрғыны 99-баптың 2-бөлігі (Адам өлтіру) және 190 баптың 1-бөлігі (Алаяқтық) бойынша айыпталып, 15 жылға бас бостандығынан айырылды. 

Сотталушының анасы бұған дейін қайтыс болған ер адамның қорлық көрсеткенін айтады.

Қызымның көрмегені жоқ. Қазір балалары айтып жатыр: «Мамамды жалаңаштап мұзға қойып қоятын» деп. «Әке, кіргіз» деп жыласа да кіргізбеген. Темекі шегіп, шоғын қызымның кеудесіне басады екен. Өзі көлік жөндейтін, соның темірлерімен де ұрып-соққан. «Өлтіріп, көміп тастаймын, әке-шешеңмен қосып жағып жіберемін» деп әбден қорқытқан. Соның бәрі жиналып осы қылмыс жасалды, – дейді сотталушының анасы Тіллайым Молдабекова.

Марқұмның туыстары келіндерінің өмір бойына сотталуын сұраған еді. Кешірім бермейміз деген жәбірленуші тарабы балалардың балалар үйіне тапсырылуын қалаған. Енді балалардың қайда қалатынын Сарыағаш ауданының адами әлеуетті дамыту бөлімі шешеді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға