Жаңалықтар

Құрама жастары тең тарқасты

Қазақстан мен Словения жастары кездесті
Құрама жастары тең тарқасты
09.09.2018 19:17 4417

Еуро-2019 аясында I тобының қос құрамасы бақ сынасты. Қазақстан жастары Астана-Аренада Словениядан келген өрендерді қабылдап, тең тарқасты. 

Қазақстан (U-21) – Словения (U-21) – 0:0.

Қазақстан (U-21): Трофимец, Соколенко, Әбілғазы, Орынбасар, Тұрсынбай, Федин, Наджарян (Ходжамов, 90+1), Перцух, Оразов, Антипов (Уханов, 88), Өміртаев (Солтанов, 63).

Словения (U-21): Сорчан, Кухар, Брекало, Пишек, Липусшек, Глиха, Бийол, Станкович, Вокич (Озбольт, 76), Репас (Врбанец, 59), Млакар.

Қазақстан жастар құрамасының бас бапкері Талғат Байсуфинов «Ақтөбе» мен «Тобыл» футбол клубтарының ойын схемасын таңдауды жөн санапты. Орталық қорғаныста Әбілғазы, Орынбасар мен Тұрсынбай жүрсе, екі қаптал Федин мен Соколенкоға сеніп тапсырылды. Сол секілді алаңға талантты Оразов, Перцух, Антипов секілді хавбектер шықты. Ал өткір шабуыл өтіне Өміртаев жіберілді. Орталық алаңды берік ұстау мақсатында «Шахтердің» жартылай қорғаушысы Наджарян шығарылды. Словения ойынды өте қарқынды бастады. Қарымта шабуылда Трофимец қорғаған қақпаны оқтын-оқтын көздеп, жеңістен дәмелі екендерін көрсетіп бақты. Алаң иелерінің орталық қорғаушылары сенімді ойын өрнегін көрсетіп, қауіптің бетін қайтарып жатты. Қос кипер де алғашқы таймда бір-бірден тамaша сейв жасап, қақпаларын голдан аман сақтап қалды. «Ақтөбе» жейдесін киетін Трофимец қонақтардың «стандарттан» келген соққысын қақпасына дарытпай, корнерге жіберіп, жанкүйерлер қошеметіне бөленді. 

Бұл матч Талғат Байсуфинов шәкірттері үшін маңызы жоғары еді. Себебі, турнир кестесінде осы құрама бізден жоғары тұр. Оларды жеңсек, екінші орынға жайғасып, Еуро-2019-дың финалдық кезеңіне өту үшін қосымша кездесулерге шығатын мүмкіндікке ие болады. Әлбетте, словендердің жастары Еуропа алаңдарында доп  теуіп жүрген, талантты да тәжірибелі ойыншылардан құралған.

Қазақстандық жастар допқа иелік етіп, қарсыластарын аңдып баққанмен, жарытып жөні түзу шабуыл ұйымдастыра алмай, әбігерге түсті. Керісінше, қонақтар қауіпті қарымта шабуылды қаруы етіп, есеп ашатын мүмкіндіктерді мүлт жіберіп жатты. Сондай керемет сәттің бірін Ян Млакар усынан шығарып алды. Ол допты дөңгелетіп, қақпашы үшін ыңғайсыз соққы жасап көрген. Бірақ, біздің бағымызға орай, спорттық снаряд қақпа маңдайшасынан биігірек кетті. Осындай қарсыластың қауіпті ойыны Талғат Байсуфиновтың жүйкесін жұқартып, өз футболшыларына жиі-жиі алаң жиегінен нұсқау беруіне тура келді. Қазақстандық ойыншылар өз қарсыластарына қарағанда техникалық шеберлігінен қалыс қалып жатты. Соның кесірінен бірнеше рет ереже бұзып, төрешінің «сары қағазына» нөмірленумен болды. Қос команданың да алдағы ойындары жүрмей, стадионға жиылған жанкүйерлердің мазасыздануына тура келді. Олар өз жастарының нәтижелі ойынына куә боламыз деп келгені анық.

Словендердің де көзсіз алға ұмтылмай, тек қарымта шабуылға иек артып, қорғаныстан ойнайтынын алдын ала болжау қиын емес еді. Олар да қарсыластың қауқары қандай жерге жететенін жақсы біледі. Наджарян Антиповтың керемет пасын керегіне жарата алмады. Жартылай қорғаушы допты ойындағыдай тебе алмай, бір мүмкіндікті желге ұшырды. Одан кейін Рамазан Оразов тоғыздықты көздеген. Оның соққысын қонақ кипер қайтарып тастады.

Қазақстандықтар екінші таймды қарқынды бастап, жылдамдатып гол салып алуға тырысты. Десе де, алаң иелерінің ойлағанынан түк шықпады. Олардың кез келген шабуылы словендердің қорғанысынан әріге аса қойған жоқ. Жеңісті ойынға жармасуға бел байлаған қос бапкер де алма-кезек тыңнан футболшылар қосып, ойынды жандандыруға кірісті.  Байсуфиновтың шәкірттері ойын соңына қарай, есеп ашуға барларын салып, бір-екі шабуылдар ұйымдастырды. Егер қонақ қақпашының шеберлігі болмаса, үш ұпайдың ауылы алыс емес еді. Бұл ойында Александр Соколенконың белсенділігі тым ерекше болды. Сол секілді Антипов пен Оразов өздерін жақсы жағынан көрсетті. Алайда, бұл таблодағы есепке өзгеріс енгізе алған жоқ. Сонымен, қос құрамның қоржыны жалғыз ұпаймен толығып, турнир кестесіне ешқандай өзгеріс енбеді.

11 қыркүйек күні бұл қос құраманың жастары Словенияда кім мықтыны анықтамақ. Екінші орын үшін талас қыза түспек.

Словения жастар құрамасының бас бапкері Примож Глиха ойыннан соң, пікір білдірді:

– Бізді жақсы қарсылас күтетінін білдік. Ойынды барынша қолымызда ұстауға тырыстық. Осындай мықты командамен тең ойнағанымызға қуаныштымын, бірақ бірнеше мүмкіндіктерді пайдалана алмадық. Қорғаныстан ойнауға күш салдық. Ал қарқынды шабуылдайтын, ашық кездесу өткізу үшін шеберліктері толысқан ойыншылар керек. Бізге өз тактикамыз нәтиже беріп жүр. Сол үшін өз ойын өрнегімізден таймаймыз. Қазақстан құрамындағы 10 (Максим Федин) мен 21 (Иван Антипов) нөмірлі футболшыларды ерекше атап өтер едім. Футбол командалық ойын болса да, техникасы жоғары кей ойыншылар бір матчтың тағдырын шешіп кетуге қауқарлы. Қазақстан құрамасында жақсы аяқдопшылары бұл ойында барынша жақсы қырынан көрсете алды, олардың болашағы жарқын деп ойлаймын. Әрі қарай өтуге мүмкіндігіміз азайып барады. Себебі, ұпай жоғары төрт қана команда бір-бірімен күш сынасады. Әзірге екінші орында келе жатқанымыз көңіл қуантады. Алда әлі кездесулер бар.

Ал Қазақстан жастар құрамасының бас бапкері Талғат Байсуфинов былай деді:

– Қарсыластың қорғаныстан ойнайтынын білдік. Кездесуге дейін олардың ойынын қарап, ой елегінен өткізіп, өз тактикамызды қойдық. Бірінші нөмірмен ойнауға тырыстық. Шабуылды ұйымдастыруда қарсыластарымызға жол беріп жаттық, қорғаныста да қателіктер болды. Жылдам қарымта шабуылға өтуіне де мүмкіндіктер беріп қойдық. Соған қарамастан, барлық қауіптің бетін қайтарып, өз қақпамызды аман сақтап қалдық. Біздің ойыншыларда да мүмкіндіктер болды, бірақ оны түйіндейтін футболшы табылмады. Негізгі құрамға 1998 жылғы және одан да жас ойыншыларды жібердік. Ойымыз - келесі іріктеу кезеңіне жастарды әзірлеу. Олар да жасыл алаңдағы осындай маңызды матчты сезініп, тәжірибе жинақтасын дедік. Бұл тең есеп біздің финалдық кезең үшін таласуға деген мүмкіндігімізді азайтып жіберді. Сол себепті, жас өрендер ойын тәжірибесін алғанын қалаймын.

Ойын нәтижесіне көңілім толған жоқ, десе де ол бүгінгі кездесудің әділ бағасы. Словения – жақсы команда, олардың құрамында Англия чемпионатында доп тебетін ойыншылар бар. Жеңіс үшін барымызды салсақ та, тең есепті қанағат тұтуымызға тура келіп тұр. Өз шәкірттеріме келер болсам, алаңға шыққан кез келген ойыншы ҚПЛ де немесе бірінші лигада негізгі құрамда ойнайды. Кейбірі тыңнан қосылып, клуб бапкерлерінің көңілінен шығып жүр. Олардың өз командасындағы ойын тәжірибесі біз үшін маңызды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға