Жаңалықтар

Құрақ әлемінің ханшайымы

Шебердің қолы ортақ
Құрақ әлемінің ханшайымы
18.04.2017 14:54 14511

Оның қолынан шыққан ұлттық нақыштағы киімдер мен көрпелердің шетел асып жатқандығын, тіпті мұхиттың арғы жағынан тапсырыс берушілердің бар екетіндігін еститінмін. Матаның сапалысын таңдап, оған өнер арқылы сыр дарытқан шебердің құрақ өнерін әр-түрлі салаға эксперимент жасап жүргенінен де хабарым бар. Осының барлығын біліп жүріп, оған деген көкейімде жинақталған сұрақтарды қоюдың оңтайлы сәтін күтіп жүргенмін. Сұхбатқа  барғанда байқағаным, Жеңісгүл тігіп қана қоймай, эскиз сызуды былай қойғанда, кәсібінің есеп-қисабын да өзі жүргізеді екен. Мен барғанда сандарды бір-біріне косып-алып, есеп жүргізіп отырды. Сұхбат алу барысында білдім, оның мамандығы есепші екен.

– Жеңісгүл, сіздің өнеріңізді құрметтейміз. Қазақтың құрақ өнерінің өшпей, керісінше жаңа бір тыныспен халық назарына ұсынылуы құптарлық іс қой. Бірақ қол-аяғы балғадай болса да екі қолға бір күрек таппай жүргендер де бар. Ал сіз осындай жағдаймен бір кәсіпті дөңгелетіп отырсыз? Шектеулі мүмкіндікпен кәсіп жасау қиын ба?

– Өмірде қуаныш пен шаттық, қиындық пен жеңілдік қатар жүреді. Мүмкіндігімнің шектеулі  болуы кейбір мүмкіндікті ашатын кездер болады. Ал кейде, әттеген-ай деп қиналатын сәттер де бар. Менің кәсібім тікелей матаға қатыстығы ғой. Базарға, ірі сауда орталықтарына барып матаның жаңа түрін көрер кезде сәл қиналамын. Денсаулығыма байланысты мата таңдауға уақытты көп шығындап алатын кездерім болады. Бастысы қандай жағдайда болсақ та, талпыныс пен сенімді тоқтатпау керек. Қарап отырсаңыз екі ғана сөз, бірақ адамды адамнан артық етіп тұратын күшке ие. Мысалы былтырғы жағдайым мұндай емес еді. Күн сайын еңбектеніп, жаңа идеяларымды жүзеге асыруға асығып жүріп, алға қарай жылжып, дамып келемін. Тапсырыс берушілер де күн сайын артып келеді.  Енді шеберлік салонымды үлкен бір цехқа айналдырсам деген ниет бар.

– Қасыңызда көмекшіңіз бар ма?

– Сіңілім – көмекшім ғой. Кәдімгідей қолқанатым. Ол үлкен бір кәсіпорында, 60 тігіншінің  басшысы болып жүрген жерінен арнайы менің кәсібім үшін келді. Қазір өзімізге өзіміз қызметкер, өзімізге өзіміз бастықпыз.

– Кәсіптің осы түрін ашу қалай ойыңызға келді?

– Алғашында көршілерге, таныстарға тігіп бастадым. 2011 жылдан бастап журналистердің, тапсырыс берушілердің назары түсті. 2013 жылы бухгалтер мамандығын бітірген едім. Жұмысқа шақырып тұрған жерден бас тартып, кәсіп бастап кеттік.

– Бала күніңіздегі арманыңыз ба еді?

– Жоқ. Мен актриса болуды армандадым. Бірақ апатқа тап болып, бел омыртқамның зақымдалуы – менің өмірімді түбегейлі өзгертіп жіберді.

– Не жағдай болып еді? Сұрағымның оңтайлы емес екенін түсініп отырмын. Айтуға қиын да шығар...

– Жаңбырлы күн болатын. 11-сыныпқа көшкен жыл. Құйған нөсерден жасырынбақ ниетпен трактордың  тіркемесінің  (прицеп)  астына кіргенмін ғой. Ол менің үстіме құлады.  3 жыл бойы төсек тартып жаттым. 2 рет ота жасалды. Аяғым мүлде ештеңе сезбейтін. Тұрып жүру тұрмақ, отырудың өзі арман болған күндер ғой. Таяқпен сүйеніп жүретін деңгейге жетуім керек деген мақсат қойдым. Өзім жаттығулар ойлап таптым. Арқан кергізіп, тартылып жаттығу жасадым. Ойдың,  түйсіктің қуатын пайдаландым. 5-6 жыл бұрын мен өзгенің көмегімен ғана жүріп-тұратынмын. Ал қазір таянышыма күш саламын да, қозғаламын.

– Суретшілік қырыңыз да бар, солай емес пе?

– Дизайн сызу да ұзақ уақыт алады. Ойланмын, өлшеймін, пішімін келтіремін. Кәсібімді жақсы көрген соң, сызбаларды, эскиздерді ойлап табу жаныма ләззат сыйлайды.

– Ұстанымыңыз қандай?

– Адамның жаны таза болу керек. Таза болсаң, маңыңа жақсылар тартылады, жол ашылып кәсіп берекелі болады. Жақсылыққа сену керек. Жеңілгенді ұната бермеймін. Ұраным – тек қана жеңіс.

– «Даму» бағдарламасына жоба ұсынып көрдіңіз бе?

– Жақында ғана құжат өткіздім.  Жақсылықтан үміттімін. Жобамды олар мақұлдайды деп сеніп жүрмін. Жұмысымды былай ысырып қойып, осы бағдарламаға құжат жинадым. Комиссия шешімін күтіп отырмын. 3 млн шамасында қайтарымсыз қаражат бөлінеді екен. Бұл деген тамаша мүмкіндік қой.

– Шебер ретінде кәсіптің қай саласы қолға алынса деп жиі ойланасыз?

– Бізде былғары өндірілмейді. Мата өзімізде шығатын болса, біздің өнімдер халыққа қолжетімді бола түсер еді. Шебер достарымды ірі көрмелерде көріп тұрамын. Шетелдік меймандарға әр бұйымның жасалуына қатысты шеберлік сыныбын өтеміз. Сонда байқағаным, қазақтың салт-дәстүры мен ұлттық мәдениеті өте жоғары бағаланады. Терезесі жылтырақ биік ғимарат олардың өзінде де бар ғой. Ал біздің  өнерді бағалап, таңырқанып жатқанда жүрегім шым ете түседі.

– Сіздің негізгі фишкаңыз не?

– Расымен менің қолтаңбамды осы өнерге қызығатындар бірден танып қояды. Қошқар мүйіздің құрақ үлгісін көрпеге салуды мен жасап көргенмін. Қазір бұл жақсы бағаланып жүр. Бұрын қошқар мүйіз тұскиіз бен сырмаққа салынған ғой. Демек заманға сай оюлы көрпе пайда болды. Тіпті соңғы жылдары дайын  оюлы маталар шықты. Қазір бұл бұйымдар еуропаға жөнелтіліп жатыр. 2013 жылы қабырғаға ілетін тұскиіз жасап шықтым. Ол да құрақ  әдісімен жасалған. Бұл тұскиіз маған дизайнер атағын алып берді. Осы тұскиізді алып шығатын қыздарға құрақ шапан тіккен едім. Ол да назарға ілігіп, сондай киімге тапсырыстар  көп келді.

– Сіз үшін құрақ деген не?

– Құрақ – құралу ғой. Бас екеу болып құралып жатқанда әжелеріміз оны жасауға қосқан.  Бас құралды деген таныммен сабақтастыратын болған. Мен бүгінгі құрақ өнерін Тәуелсіздігімізбен сабақтастырғым келеді. Тарыдай шашылған қазақтың басы құралып, көк тумыз желбіреген бұл ғасырда құрақ өнерінің түрленіп, жаңаша түлеуі де заңды шығар.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға