Жаңалықтар

Күнсұлу Түрікпен: Жыраулық өнер — қазақ руханиятының биік шыңы

Күнсұлу Түрікпен: Жыраулық өнер — қазақ руханиятының биік шыңы
Фото: instagram.com/madaniyatvazirligi 30.04.2025 15:00 549

Жыраулық өнер тек өткеннің мұрасы емес, бүгінгі күнде де халықтың жадын жаңғыртып, ұрпақ санасын тәрбиелейтін киелі өнер. Бұл дәстүрді сақтау – қазақтың рухани тәуелсіздігін, мәдени төлтумаларын сақтаудың бір жолы. Жырау туралы сөз бастағанда тіл ұшына бірінші Қорқыттың аты оралады. Себебі жыраулық дәстүрдің әу басында Қорқыттың тұрғаны анық.

Ол – түркі жұртының алғашқы қобызшысы, жырауы және ойшылы болды. Қорқыт мұрасы арқылы жыраулық дәстүрдің рухани және музыкалық негізі қаланды. Оның сарыны Сыр бойындағы жыраулардың мақамынан айқын естіледі. Сыр бойының жыраулық өнері байырғы түркілік, оғыз-қыпшақтық, исламдық дәстүрлердің тоғысында пайда болған, кең тынысты, салмақты, әрі философиялық мазмұнға ие мәдени құбылыс. Сол өңірден шыққан белгілі жыршы Күнсұлу Түрікпен кеше ғана Өзбекстан республикасында өткен халықаралық «бахши» фестивалінен жүлделі екінші орын алып келді. 40 мемлекеттен жүзге жуық бахшы, ашугтар қатысқан додадан дараланып көрінген қарындасымызды жеңісімен құттықтап, аз-кем әңгімелекен едік.

El.kz: Күнсұлу, ең алдымен IV халықаралық «Бахши» фестивалінде жүлделі орыннан көрінгенің құтты болсын! Алдымен осы фестифаль туралы толығырақ айтып берсең. Қай мемлекетте өтті? қандай талаптар қойылды?

Күнсұлу Түрікпен: Құттықтау лебізіңізге көп рақмет! Сәуірдің 25-29 аралығында Өзбекстан Республикасының мәдениет министрлігі IV халықаралық бахшылар фестиваль форумын ұйымдастырды. Биыл Хорезм облысы, Хиуа қаласында жоғары деңгейде өткен игі шараға әлемнің түкпір-түкпірінен 40-тан аса мемлекеттен 200-ге жуық бахшылар, ғалымдар, делегаттар қатынасты. Форум фестиваль түркі халықтарының дастаншылық, бахшылық, жыраулық мұрасын қайта жаңғыртып, мәртебесін көтерген түркі халықтарының рухын биіктеткен жойқын шара болды. Үш күн бойына Хиуа шаһары, ғасырлар бойы жеткен батырлық эпостар мен ескі сарындарды әуелетті. Жүзге жуық бахшылар қатысқан аталмыш конкурс өте тартысты болды. Осыған дейін де фестивальге  елімізге белгілі жыраулар ҚР Еңбек сіңірген қайраткерлері Ұлжан Байбосынова (гран при), Елмұра Жаңаберген (2 орын), Серік Жақсығұлов ағаларымыз қатысып (3 орын) Сыр өңірінің, қала берді қазақ жыраулық дәстүрінің абыройын асқақтатқан еді. Сол ұстаздарымыздың жолымен жеңісті тұғыр жалғасын тауып осы байқауда жүлделі 2 орынды қанжығамызға байладық. Сондай-ақ фестивальдің алғашқы күні дүниежүзі ғалымдарының форум конференциясымен басталған еді. Әлемнің ең үздік оқу орындарынан фольклорист, эпостанушы, этнограф, филолог ғалымдар, түркі халықтарының жыраулық, бахшылық өнері, эпостану мәселелері, фольклористика, бахшылық өнердің қазіргі таңда насихатталуы және ондағы мәселелер тұрғысында өз зерттеу жұмыстарымен, ғылыми жобаларымен бөлісті. Қазақстаннан бұл форумға  фольклорист, ф.ғ.к Анарбай Бұлдыбай ағамыз және Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті, Түркология институты директорының орынбасары, phd доктор Халил Четин мырза арнайы шақырылып, форумда қазақ фольклоры, қазақ эпосы турасында ғылыми  баяндама жасады. Сондай-ақ Халықаралық фестивальдің әділ қазылық құрамына біздің елден ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Елмұра Жаңаберген апайымыз шақырылды. Бір айта кететін нәрсе, тек түркі халықтары емес, қазіргі таңда әлем халықтарының көбі түп-тамырының өзегі болған өздерінің ұлттық құндылықтарына баса мән беріп, ата мұрасының сақталу, қорғалу жұмыстарына тыңғылықты көңіл бөліп жатқандығы. Себебі әр халықтың, әрбір ұлттың өзегі, неше мың жылдық тарихы бар мәдениеті мен рухани құндылықтарында екені белгілі.

Күнсұлу Түрікпен: Жыраулық өнер — қазақ руханиятының биік шыңыСурет: instagram.com/madaniyatvazirligi

El.kz: Бәрекелді! Бұл фестивальда қандай жыр орындадың?

Күнсұлу Түрікпен: Фестивальда түркі халықтарына ортақ қазына, халықтық эпос «Көрұғлы» (Жиенбай жырау нұсқасы) жырының 1-2 саласынан үзінді орындадым. Қазақ даласында «Көрұғлы» жырының ең әйгілі нұсқалары болып Жиенбай жырау және Р. Мәзқожаев нұсқаларын айтуға болады. Жиенбай жырау нұсқасындағы негізгі ерекшелік – жыр сюжетінің түрікмен нұсқасы негізінде жырлануы және жырдың өзіне тән мақам саздарының болуы және сақталуы.  Сыр өңірінде бұл жырдың кеңінен орындалуы, жырды айтушы, жеткізуші, тудырушы жыраулардың Шығыс поэзиясынан үлгі алып отырғандығын, сондай-ақ  шығыс халықтарының жыршы-жыраулар шығармашылығымен тығыз байланыста болғандығын көрсетеді. Сондықтан да «Көрұғлы» жыры түркі халықтарының көбінде сақталып, әртүрлі мотивте жырлануы, эпос тудырушы елдердің мәдени және тарихи байланыстардың үлкен рөл атқарғандығын аңғартады. Бұйырса алдағы уақытта докторантураға оқып түсіп жатсам осы тақырыпты кеңінен зерттеп, ғылым саласында да өз жолымды қалыптастырғым келеді. Ол енді алдағы уақыттың еншісіндегі жұмыстар.

El.kz: 40 елден келген жыршыладың арасында өнер көрсету – үлкен жауапкершілік. Өзге елдердің орындаушылары мен олардың дәстүрлі өнері жайлы қандай әсер алдың? Қазақтық жыршылық дәстүрі мен өзге түркі халықтарының бақшылық өнері арасында қандай ұқсастықтар мен айырмашылықтар бар екен?

Күнсұлу Түрікпен: Қазақтың жыраулық дәстүрі басқа түркі халықтарының бахшылық дәстүрімен салыстырғанда өте терең, бай және қуатты. Себебі ғасырдан ғасырға шашаусыз жеткен немесе сақталған бес жүзден аса эпостық дастандар (барлық жанрда) қазақтың қара өлең, поэзия үлгісінде жырланады. Ал көп халықтарда «романдық эпос» негізінде сақталған. Кейбір дастандардың (Көрұғлы)  музыкалық мақам сазы да сол күйінде жыршы-жыраулардың орындауында жетіп, сол дәстүрлі заңдылық кейінгі орындаушыларға жетіп отырған. Қазақтың қара сөзі мен қара өлеңін ешбір елдің поэзиясымен салыстыруға келмейді. Сондай-ақ эпос орындау дәстүрінде де ерекшеліктер өте көп. Мысалы қазақ жырауларында ұзақ салалы жыр дастандарды жеке орындау басым. Ал кешегі шараға қатысқан көп елде ол заңдылық басқаша сипатта екенін көрдік. Яғни, эпос орындаудағы көп дауыстылық, топтық орындау және бірнеше аспаптың сүйемелдеуімен (ансамбль) орындау, сондай-ақ эпоста айтудағы мақам-саз ерекшеліктері. Қазақ жыршы-жыраулары бір дастанды орындау барысында  құбылтып отырып, оқиғалы сюжетке сай отыз, қырықтан аса мақам-саз қолданады. Ал кешегі біз көрген елдің көбінде бір, екі мақам-саз үлгісінде ғана орындауды аңғардық. Бұл жерде тек салыстырмалы түрдегі айырмашылық, ерекшеліктерді ғана айтып отырмын. Болмаса әр елдің бахшылық өнерінде өзіндік ерекшеліктер, сипаттамалар өте көп. Ол сонысымен де құнды.

El.kz: Біздің елде «жыршылық өнер кенжелеп қалды» деген пікір жиі айтылады. Дегенмен өздерің секілді жастар бабадан қалған мұраны насихаттауды жалғастырып келеді. Халықаралық фестивальде жарқырап шығуыңның өзі осы дәстүрдің өлмеуіне, оның жаңғыруына қосқан үлесің деп айтуға болады. Бұл өнер өзге елде қалай дамып жатыр екен?

Күнсұлу Түрікпен: Өлмес өнер ешқашан кенжелемейді. Барлық мәселе насихатталуында. Қай деңгейде және қай бағытта?! Сөзімнің басында айтып өткенімдей, әлем елдерінің көбі қазір ұлттық мұрасына аса мән беріп, оның насихатталу және сақталуы жолында біршама жұмыстар атқарып жатыр. Мысалы жақында қырғыз халқының атақты манасшысы 130 сағат тоқтамай «Манас» жырын айтып, Гиннес рекордтар кітабына енді. Ендігі кезекте ұлтымыздың бай мұрасы қазақ жыраулық өнерін, ұзақ салалы жыр дастан орындаушы жыршы-жырауларды және олардың шығармашылығын Юнесконың материалдық емес мәдени мұраларды қорғау тізіміне енгізу жұмысы осы саланың алдындағы үлкен міндет деп айтуға болады. Себебі сөз жүзінде емес, нақты мақсаттар жолындағы әрекеттер ғана өнімді болады. Кешегі форумда біраз елдің ғалымдарының сұхбатын тыңдадық. Ғылыми баяндамаларынан көп нәрсе түйдік. Көп елдерде жыраулық өнерді ұстанған жыршы-жырауларға мемлекеттік деңгейде тиісті мәртебе беріліп, оларды мемлекет деңгейінде арнайы қорғауға алған. Мысалы «халық жаңғыры», «халық бахшысы» секілді арнайы статустар беріледі. Себебі оларға ата дәстүрді сақтаушы, жеткізуші ретінде ерекше мәртебеде қарайды екен. Біздегі ақсап тұрға осы тұсы. Қазір ата мұрасын ұстанып аманат арқалаған көзі тірі елімізде санаулы жыршы-жыраулар бар. Олардың ізінде қаншама шәкірттер бар. Ұлттың ұлы мұрасын сақтап отырған еліміздегі әрбір жыршы-жырауларды және олардың еңбектерін ең әуелі мемлекет тиісті деңгейде бағалап, қорғауға алу қажет. Ал бізде нақты осы мәселе тұралап тұр. Мемлекет қамқорлығында болған қай өнер де өрістеп өркендейді. Өнер сапарымен көптеген елде болып жүрміз. Риза болатын тұсымыз көп. Кеше ғана Өзбекстан елінде болған әлемдік шара ұлттың рухани мұрасына жасалған нағыз қамқорлық деп түсінемін. Және ол қамқорлық тұрақты түрде жасалатыны тіпті көңіл қуантады. Кешегі шарада барлық елден ресми делегация өкілдері келіп қатысты. Біршама тәжірибе алмасты. Қазақстаннан барған жоғарыда аттары аталған азаматтардан бөлек, шараға  арнайы барған ресми өкілдерді көзіміз шалмады. Сол тұсына қарынымның ашқанын жасырмаймын. Көк туды желбіретіп елдің даңқын шығарған әрбір спортшыларға, эстрада әншілеріне мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлініп, оларға құрмет жасалады. Ал сол деңгейде өнер көрсетіп, елдің абыройын асқақтатып жүрген қаншама дәстүрлі өнер өкілдеріне дәл сол құрмет пен көңіл бөлінбей келеді. Ал ұлттың негізгі өзегі мәдениет пен руханияттан бастау алатынын ескерсек, бұл алдағы уақытта назарға алатын мәселе деп білемін!  

Түркмендерде «жырауы бар ел бақытты» деген қанатты сөз бар. Біз сол бақытты тіпті сезінбейтін де секілдіміз. Ең бай мұраның иесі ретінде қазақ жыраулық дәстүрімен қалай мақтансақ та, қалай насихаттасақ та жарасады. Елімізде жыршылық, жыраулық өнердің абыройын көтеріп, мәртебесін асқақтатын халықаралық деңгейдегі мәдени, рухани шаралардың бір реттік емес, тұрақты өтіп тұрғандығын қалар едім. Шет елдерде өтетін Қазақстанның мәдениет және өнер күндерінің үлкен концерттік құрамында, елімізде өтетін әрбір мемлекеттік шараларда ең әуелі еліміздің әр жыршылық мектептің өкілдерін арнайы қатыстырылғанын қалар едім. Себебі ең жаухар мұрамызды өз деңгейінде насихаттай алмай жатсақ елдігіміз сын деп түсінемін. Бұл пікірімді бүгінге дейінгі жүзеге асқан түрлі деңгейдегі жұмыстарды жоққа шығару емес, алдағы жұмыстарға бағытталған ұсыныс деп қабылдаған дұрысырақ.

El.kz: Қырықтан аса мемлекеттен жиналған дүйім жұрттың алдында қазақтың өлмес жыраулық өнерін насихаттап, ел мерейін бір көтердің. Құдай тағала осы өнерің арқылы өзіңнің де мәртебеңді асқақтатып, мерейіңді өсірсін!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға