Күнбағыс майы өндірісі бір жылда 50%-ға жуық өскен
Былтырмен салыстырғанда биыл егіс алқабы да ұлғайған
Елімізде бір жылда күнбағыс майының өндірісі 46%-ға өсті, деп хабарлайды El.kz Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.
2021 жылы 960,5 мың гектар болған күнбағыс тұқымына арналған егіс алқабы биыл 1 млн гектарға дейін ұлғайған.
Егін жинау аяқтауға жақын, бүгінгі күні фермерлер бұл дақылдың егіс алқаптарының 96%-ын жинап, шамамен 1,2 млн тонна күнбағыс бастырды. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 2 есе көп.
Сонымен қатар, күнбағыс майын өндіру көлемі өсіп келеді. Биылғы жылдың қыркүйегіне қарай кәсіпорындар 352,3 мың тонна шығарды, бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңінен 46,3%-ға артық.
Отандық күнбағыс майының бір бөлігі экспортқа шығарылады. 2022 жылдың басынан бастап шетелге 173,1 мың тонна өнім сатылды. Бұл көрсеткіш былтырмен салыстырғанда 2,7 есе көп.
