Күн райының күрт суытуына байланысты бірнеше өңірде жол жабылды
Оған ауа температурасының -30 градусқа жетуі себеп болған
Ауа райының күрт суытуына байланысты бірнеше өңірдегі жолдар жабылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Абай облысында күн райының нашарлауы себепті (ауа температурасының -30 градусқа дейін төмендеуі) «Омбы-Майқапшағай» тасжолының 587-733 шақырымы (Павлодар облысының шекарасы мен Семей қаласының аралығы), «Семей-РФ шекарасы» тасжолының 3-113 шақырымы, «Семей-Қайнар» тасжолының 8-266 шақырымы, «Өскемен-Семей» тасжолының 10-198 шақырымы (Герасимовка ауылы мен Семей аралығы) аралығындағы жолаушылар автобусы мен дизельдік автокөліктердің қозғалысы шектелді.
Шығыс Қазақстан облысында ауа райының күрт өзгеріп, -30 градусқа дейін аяз болуына байланысты «Өскемен-Шемонаиха-Ресей Федерациясының шекарасы» тасжолының 15-102,105-123 шақырымдарында да жолаушылар тасымалдайтын және жеке көліктердің жүруіне тыйым салынған.
Павлодар облысында көрші Абай облысында күн райының бұзылуына байланысты «Омбы-Майқапшағай» автожолының 427-587 шақырымындағы Кенжекөл-Абай облысы аралығындағы шекарада көліктердің қозғалысы шектелді.
