Криштиану Роналду Әлем чемпионы атана ала ма?!
Португалия футболына әлем өткен ғасырдың 60-жылдарынан бастап қана назар аудара бастады.
Португалия құрамасы
Бас бапкер: Паулу Бенту
Команда капитаны: Криштиану Роналду
Ең көп ойын өткізген ойыншы: Луиш Фигу (127)
Ең көп гол соққан ойыншы: Криштиану Роналду (49)
ФИФА рейтингісіндегі орны: 3
Венгриялық маман Бела Гуттманн жаттықтырған «Бенфика» 1961 және 1962 жылдары қатарынан екі рет УЕФА-ның Чемпиондар кубогын ұтып алды. Лиссабон клубының қарқынына сол кезде, тіпті, Мадридтің «Реалының» өзі қарсы тұра алмады. Дүниежүзі Эйсебио, Жозе Агуаш, Жозе Аугушту, Алберту да Перейра, Антониу Симойнш, Мариу Колуна секілді футболшылардың өнеріне тәнті болды. Бұлардың барлығы сол кезде Португалия құрамасында ойнады. Команданың басты жұлдызы осы мемлекеттің Африкадағы бұрынғы отары – Мозамбиктен шыққан «қара маржан» Эйсебио болатын. Дәл осы футболшының арқасында Португалия тұңғыш рет 1966 жылғы әлем біріншілігіне жолдама алды. Ол іріктеу кезеңдерінде 6 матч өткізіп, 7 гол соқты. Тұманды Альбиондағы әлем чемпионатында Пиреней түбегінен келген құрама үшінші топқа түсті. Бұл топқа өздерінің бұрынғы отары Бразилия және Шығыс Еуропа елдері Венгрия мен Болгария болды. Португалия үшеуін де қарсылас көрген жоқ. Тіпті, Бразилия да олардың мықтылығын мойындады. Бір қызығы, Оңтүстік-батыс Еуропадан келген құрама топтағы үш ойынның әрқайсысында үш голдан соғып отырған.
Ширек финалда сары құрлықтың жалғыз өкілі КХДР құрамасымен жолықты. Азия мен Африкаға берілген ортақ жолдамаға ие болған Солтүстік Корея топтық кезеңде сәтті өнер көрсетті. Ал ширек финалды КХДР қарқынды бастады. Ойынның 25-минутында Португалияны кәрістер 3:0 есебімен ұтып тұрды. Бірақ азиялықтардың қуанышы ұзаққа созылмады. Дәл осы кезде іске Эйсебио кірісті. Құраманың «құтқарушы періштесі» атанған қара маржан қатарынан 4 гол соғып, покер жасады. Бұл матч 5:3 есебімен аяқталды. Бесіншісін Жозе Аугушту енгізді.
Жартылай финалда олар алаң иелеріне тап болды. Бұл ойынды футбол мамандары сол кезде Эйсебио мен Бобби Чарльтонның өзара текетіресі деп те атады. Кездесуде ағылшындық екі, ал португалдық бір доп соқты.
Үшінші орын үшін таласта КСРО құрамасынан 2:1 есебімен басым түсті. Сөйтіп 9 доп соққан Эйсебио біріншіліктің ең үздік сұрмергені атанды.
Эйсебио өзінің спорттық ғұмырын аяқтаған соң Португалия футболы біразға дейін дағдарып қалды. Ел футболының екінші мәрте серпілуі 80 жылдарға тұспа-тұс келді. 1984 жылы алғаш рет құрлық біріншілігіне қатысты. Франция жасыл алаңдарында «Еуропаның Бразилиясы» атанған құрама жартылай финалға дейін алқынбай жетті. Оларды сол кезде тек алаң иелері ғана тоқтата алды. Аса тартысты өткен кездесудің 119-минутында турнирдің үздік ойыншысы атанған Мишель Платини гол соғып, Францияға жеңіс сыйлады. Порутугалдықтар қола жүлдеге қол созды.
Ал 90-жылдардың аяғы мен 2000 жылдардың басындағы Португалияны футбол жанкүйерлері «алтын буын» деп атайды. Осы жылдары бұл елдің құрамасы әдемі ойын өрнегін көрсетіп, футбол жанкүйерлерін тамсандырды. Эйсебиоден кейін Португалия тарихында екінші рет «алтын доп» алған Луиш Фигудың жұлдызы жарқырады. Одан бөлек, Паулета, Руй Кошта, Нуну Гомеш, Деку секілді футболшылар өз шеберліктерімен көзге түсті. Жаңа ғасырдың алғашқы жылы Бельгия мен Нидерландыда өткен құрлық біріншілігінде оларды жартылай финалда тағы да Франция тоқтатты. Оған дейін Фигу бастаған жігіттер қарсыластарын бірінен соң бірін ұтып келе жатқан. Жалпы, Португалия үшін Франция өте ыңғайсыз қарсылас. «Үш жолақты» елдің құрамасы пиренейліктерді 1984, 2000, 2006 жылдары үш ірі турнирдің жартылай финалында жарыстан шығарған екен. Бір қызығы, үш кездесуде де матч тағдырын Францияның жұлдыздары шешкен. Алғашқысында Платини болса, кейінгі екеуінде Зиданның пенальтиден соққан голдары жеңіс добы болды.
Фигу кеткеннен кейін құраманы Криштиану Роналду өрге сүйреп жүр. Екі мәрте «алтын допқа» ие болған әлемнің үздік ойыншысы құрама сапында 2003 жылдан бері өнер көрсетіп келеді. Осыған дейін 3 Еуропа чемпионаты мен 2 әлем біріншілігіне қатысты. Соңғы екі турнирде өздерінің көршісі Испаниядан ұтылды. Роналду – Португалия тарихындағы ең үздік мерген. Наурыз айында Камерунға қарсы дубль жасап, Паулетаның рекордын жаңартты. Роналдудың еншісінде қазіргі кезде 49 доп бар. Ол сондай-ақ Бразилияға жолдама беретін матчта Швеция қақпасына 2 матчта 4 гол енгізіп, құрамасын төртжылдықтың басты додасына алып шықты.
Португалия 5 әлем чемпионатының (1966, 1986, 2002, 2006, 2010), 5 Еуропа біріншілігінің (1984, 1996, 2000, 2004, 2008) финалдық турниріне қатысқан.
Қазіргі құрам
2010 жылғы әлем біріншілігінен кейін құрама тізгінін жас маман Паулу Бенту ұстады. Бұл бапкердің жаттықтыруымен пиренейліктер 2012 жылы Еуропа чемпионатының қола жүлдесіне ие болды. Бентудің бапкер ретіндегі бұл тұңғыш әлем біріншілігі болмақ. Ендеше, Бразилияға баратын 23 футболшымен таныс болыңыздар. Қақпашылар – Бету («Севилья»), Эдуарду («Брага»), Руи Патрисиу («Спортинг»); қорғаушылар – Андре Алмейда («Бенфика»), Бруну Алвеш («Фенербахче»), Фабиу Коэнтрау, Пепе (екеуі де – «Реал»), Жоау Перейра, Рикарду Кошта (екеуі де – «Валенсия»), Нету («Зенит»); жартылай қорғаушылар – Жоау Моутинью («Монако»), Мигел Велозу («Динамо»), Раул Мейрелеш («Фенербахче»), Рубен Аморим («Бенфика»), Вильям Карвальо («Спортинг»), Рафа (Брага); шабуылшылар – Криштиану Роналду («Реал»), Эдер (Брага), Элдер Поштига («Лацио»), Угу Алмейда («Бешикташ»), Нани (МЮ), Варела («Порту»), Виейринья («Вольфсбург»).
Топтық кезеңдегі ойындар кестесі:
16 маусым. Фонте-Нова. Германия – Португалия
22 маусым. Манаус. АҚШ – Португалия
26 маусым. Бразилиа. Португалия – Гана
Бек Төлеуов