Креативті индустрия: музыка әлеміндегі жаңа кезең
Креативті индустрия, креативті экономика, білім экономикасы. Бұл - кез келген мемлекет экономикасының ерекше сектор атаулары. Қазақстанда креативті индустрияға 43 қызмет түрі жатады. Олардың қатарына IT-технологиялар, сәулет өнері, сән, музыка, дизайн, кино сияқты шығармашылық түрлері жатады. Аталмыш индустрия Астана, Алматы және Шымкент қалаларында дамып келеді. Алдағы жылдары еліміздің басқа аймақтарында да қолайлы жағдай жасау көзделіп отыр. El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі Қазақстанның креативті экономика саласының бірі саналатын музыка индустриясын дамытуға үлес қосып жатқан дарынды, шығармашыл жастармен кездесіп, сұқбаттасып қайтты.
NU Choir – білім ордасындағы талантты да талапты жастардың басын қосып, музыкаға жаңа леп беруді мақсат еткен ең алғашқы студенттік клубтардың бірі. Хор жетекшілерінің бірі Динара Ілияс ұйымның басты миссиясын осылай түсіндірді.
2012 жылы Джейсон Льюис есімді NU LEAD орталығының ғылыми қызметкері америкалық «Glee» телехикаясына шабыттанған 2-3 студенттің ниетін ескеріп, ұқсас клуб ұйымдастырады. Бүгінде хор шамамен 60 адамнан тұратын университеттік клубқа айналып отыр.
Хор мүшелері - ән айтуға құштар қарапайым адамдар. Біз өз репертуарымызды үнемі жетілдіріп, аудиторияны тақырыптық концерттермен, түрлі шаралардағы өнер көрсетулермен таңғалдыруға тырысамыз. Мақсатымыз – студенттің жеке тұлға ретінде дамуына үлес қосып, шығармашылық ортаны қалыптастыру. Музыка арқылы қуаныш пен мейірімділік таратып, университет шеңберінен тыс, ұзақ мерзімді достық пен естен кетпес естеліктер жасауға ұмтыламыз,-деді ол.
Динара Ілияс хорға жаңа әншілерді таңдап алу процессі Аuditions (тыңдау) арқылы жүзеге асырылатынын ескертті. Кандидаттардың вокалдық қабілетінің музыкалық стандарттарға сәйкестігі тексеріледі. Сон соң олардың жеке қасиеттерінің хор жұмысына сай келуі бағамдалады. Өнер көрсетуі барысында билеуді қажет ететін тұстар болған соң, олардың дене қимылдарына да ерекше мән берілетіні айтылды. Хор жетекшісінің айтуынша, ұжым басшылығы гармониялық үйлесімділікті қамтамасыз етіп, бірге жұмыс істей алатын адамдарды таңдайды.
Клуб – ән десе ішер асын жерге қоятын, жадырап-жайнап жүретін, бірін-бірі құшақ жая қарсы алатын адамдардан құралған отбасылық орта. Әр репетициядан соң бір-бірімізді қимай, ұзақ уақыт қоштаса алмай отыруымыздың өзі – соның дәлелі. Ұжымға қосылған әр адамды отбасы мүшесіндей көріп, бірден бауыр басып кететініміз де бар. Үнемі қолдап-қолпаштап, белсенді болуға ынталандырып отырамыз. Осындай қарым-қатынас шығармышылық өмірден тысқары да жалғасып, достыққа ұласты, - деді хор жетекшісі.
Репетиция сейсенбі және бейсенбі күндері өткізіліп, кем дегенде 2-3 сағат уақыт бөлінеді.
Дарынды жастардан құралған топ әртүрлі жанр мен стильдегі музыканы орындайды. Олардың ішінде рок, хип-хоп, поп, мюзикл, фольклор, рождестволық әндер, R&B, саундтректер, әртүрлі Madley және Mashups, сондай-ақ K-pop та бар.
Біз жаңа және мүлдем басқа жанрдағы музыканы орындауға дайынбыз. Осы арқылы шығармашылық шекарамызды кеңейтіп, өнер көрсетуімізді ерекше әрі қызықты етеміз,-деп түсіндірді Динара Ілияс.
Концерттерді ұйымдастыру кезеңі Leadershipteam командасының болашақ семестрге жоспар құруымен басталады. Олар концерттің тақырыбына немесе концепциясына сәйкес композициялар мен әндерді таңдайды. Концертті ұйымдастыру - күрделі процесс. Себебі репертуар мен вокалдық партияларды меңгеру ғана емес, техникалық жұмыстар, IT мәселелері және басқа да қажетті шаралар атқарылуы тиіс. Болашақ іс-шаралар кестесі алдын ала жасалып, бұл өз кезегінде жоспарлы түрде дайындық пен ұйымдастыруды жеңілдетеді.
Ұйым жетекшісінің айтуынша, хор мүшелерінің бойында бірнеше маңызды қасиет болуы тиіс. Мәселен, командалық жұмысқа қабілетті болғаны шарт. Тиімді жұмыс ортасын қалыптастыру үшін бірлесе жұмыс істеу және командамен жақсы қарым-қатынас орнату маңызды. Өзара құрмет, сыйластық – басты қағида. Ашықтық, бір-біріне қолдау көрсету және өзара құрмет көрсетілсе ұжым да берік болады. Ынта-жігер музыкалық шығармашылықты дамытып, хормен бірге өнер көрсетуге құштарлықты оятады. Басты қасиет – жауапкершілік. Репетицияларға тұрақты қатысу және тапсырмаларды уақылы орындау өте маңызды.
Осы қасиеттерді бойына сіңірген әр музыкант хорға жақсы үйлесіп, гармониялық орта қалыптастыруға мүмкіндік береді,-деді нақтылады.
Топ жетекшілерінің түсіндіруінше, хорға қатысу шарттары бойынша қаржылық немесе материалдық шығындар жоқ. Десе де университеттің жалпы ережесіне сәйкес, кез келген клубқа, соның ішінде хорға қосылғысы келетін студенттер семестр сайын студенттік қор үшін төлем жасауы қажет.
Университет тарапынан қолдау жетіп артылады. Студенттер қызметі бөлімі бізге түрлі бағыттарда көмек көрсетеді. Дайындық және өнер көрсетуге арналған нысандармен қамтамасыз етеді. Бізде заманауи құрал-жабдықтар мен ыңғайлы кеңістіктер бар. Сол арқылы дайындық процесіміз бен концерттеріміз жоғары деңгейде өтеді, - деді Динара Ілияс.
Хор мүшелерінің басқа музыкалық коллективтермен қарым-қатынасы жақсы. Олардың іс-шараларына қонақ ретінде жиі шақырылып, әртүрлі коллаборациялар арқылы бірлесіп өнер көрсетуге қатысады. Бұл ынтымақтастықтар нәтижесінде тәжірибе алмасып, музыкалық ортада кең ауқымды байланыстар орнатуға мүмкіндік бар.
Музыканттарды дамыту жолында мұғалімдер мен тәлімгерлердің көмегі зор. Джейсон Льюис - білікті музыкалық маман және хор тәлімгері. 12 жылдан бері хорды дайындап, оның менторы болып келеді. Оның жетекшілігімен әртүрлі концерттер өткізіп, көрермендердің көзайымына айналып отыр. Сондай-ақ, хорда тәлімгерге аранжировка жасауға көмек көрсететін дарынды студенттер бар.
Осы уақыт аралығында хор маңызды жетістіктерге қол жеткізді. 2020 жылы өзіміздің «ONCE UPON A CHOIR» атты студиялық альбомымызды шығардық. 2021 жылдың қазан айында өткен қалалық жоғары оқу орындарының аралық «Жастар жалыны» байқауында 3-орынға ие болдық. 2021 жылдың жазында университеттің қолдауымен мектеп бітірушілерге арналған «Viva la Vida» әніне анимациялық бейнеролик жасадық. Сондай-ақ, шығармашылық музыкалық бейнероликтер түсіреміз,-деді ұйым жетекшісі.
Бұл дәстүр пандемия кезінде басталып, қазіргі уақытта да жалғасып келеді. NU Choir университет түлектерінің салтанатты шараларында өнер көрсету үшін жыл сайын шақырылады. 2022 жылы хордың 10 жылдығын атап өтіп, үлкен ауқымды концерт ұйымдастырылды.
2024 жылы Orynkhan концертінде Moldanazar тобымен бірге өнер көрсеткен хор, Қазақстанның атақты музыка фестивалі Oyu Fest 2024-те Tynyq музыкалық тобымен бір сахнада ән айтты.
Айта кету керек, креативті индустрияның әлем экономикасына тигізер үлесі зор. Мәселен, 2019 жылы әлемде бұл секторды капитализациялау 2,3 триллион теңгені құрады. Біздің елімізде де креативті индустрия белсенді дамып келеді. Болашақта бұл процесс мемлекет қолдануының арқасында жандануы керек.
Бүгінде креативті индустрияда 95 мың адам қатысып келеді. Ал негізгі капиталға құйылатын инвестиция 33,3 млрд. теңгені құрайды. Қазақстан экономикасына креативті индустрияның салымы - 2,7%. Бұл – жақсы бастама.