Жаңалықтар

Қожабек Сәдібеков: Қазақ бар жерде домбыра бар

Хас шебердің өнері 
Қожабек Сәдібеков: Қазақ бар жерде домбыра бар
11.07.2018 09:35 7720

Домбыра жасаушы шеберлер көп, ал хас шеберлер аз. Шымкентте тұратын Қожабек Сәдібеков сол аз хас шебердің бірі. 20 жылдан бері домбыра жасауды кәсіп еткен. Біз шеберханасына іздеп барғанда тапсырыс берушінің 10 домбырасын аяқтап, құлақ күйін келтіріп қойған екен.

– Ата-анам қойшы болды. Әкем домбыра шертетін. Ал анам ән айтатын. Ең алғаш өзім домбыраны дыңғырлатып жүріп үйреніп алдым. 4-сыныпта мектеп сахнасына домбырамен ән айтып шыққаным есімде. Ал 9-сыныпта оқып жүргенімде ешкімнің көмегінсіз ер-тұрман жасадым. Оны көрген әкем, «ұлымның қолөнерге ебі бар екен» деп қуанып, Созақ ауданында тұратын тоқсаннан асқан Бекен ақсақалға ертіп апарды, – деп бастады әңгімесін Қожабек аға.

– Ол әкемнің нағашысы. Ұсталықпен аты шыққан. Бір ауылды кәсібімен асыраған, көпті көрген дана қарт еді. Ақ батасын беріп, өзінің шотын сыйлады. Әлі күнге дейін көзімнің қарашығындай сақтап жүрмін. Қазір астау жасауға сол шотты пайдаланамын. Мектеп бітіргенге дейін ер жасап жүрдім. Сосын әскерге аттандым, – дейді ол.

Екі жыл Отан алдындағы әскери борышын өтеп келген соң, домбыра мен гитарада ойнайтын, ән салып, той-томалақты жандыратын жігітті ауыл адамдары жиі іздейін болды. Біреу жас келіннің бетін ашуға шақырады, біреу «құдалықты жүргізіп бер» дейді.

Ойланып қараса, ырду-дырду думанның ортасына шыға алмай, қолөнерден алыстап қалатын жайы бар. Ағасының кеңесімен Қызылорда облысындағы Қосүйеңкі ауылынан Шымкентке тартып отырды. Бұл 1998 жыл еді. Ағасы Молдабек университетті аяқтап, қасына жас шеберлерді жинап, домбыра цехын ашып жатқан. Алдымен дайын домбыраларды сатуға көмектесті. Бірнеше домбыраны қолына ұстап, базар аралайды. Елдің көңілін өзіне аударып, қос ішекті шертеді, ән айтады. Әйтеуір, базар жағалап жүріп, қолындағы домбырасын сатып, кешкісін шеберханаға оралады. Бірте-бірте шеберлер домбыра жасап үлгермейтін болды.

– Ол кезде домбыраның бағасы 1,5 мың теңге еді. Мен оны 3 мыңға дейін көтеріп саттым. Икемім болған соң кейде жігіттерге домбыраның құлағын, тиегін істеп беретінмін. Сөйтіп жүріп, домбыра жасауды меңгеріп алдым. Қайтып ауылға оралдым. Арасында басқа да жұмыстар істеп көрдім. Бірақ Құдайдың берген қолөнерінен алыстап кете алмадым. Домбыра жасауды серік еткеніме әне-міне дегенше 20 жыл толыпты. Қобыз да жасадым. Бертін келе астау істеуге көштім. Ал 2014 жылы түбегейлі Шымкентке көшіп келдім. Үй салдым. Жанынан шеберхана соқтым. Қаншама шәкірт тәрбиеледім. Бүгінде олардың өз жеке шеберхалары бар. Жетістіктерін естіп, көріп марқаямын. Ал маған кезінде бағыт-бағдар берген Молдабек ағамның да Шымкентте домбыра жасайтын өз шеберханасы бар, – дейді Қожабек аға.

Ол аттың құлағында ойнайтын еді, көкпарға қатысатын. Сондай көкпардың бірінде аты жығылып, өзі бір топ аттың тұяғының астында тапталып қалады. Ауыр жараланып, екі апта жан-сақтау бөлімінде ес-түссіз жатады. Сосын жылға жуық ем қабылдайды.

– Біз ол кезде айына 60-80 домбыра жасайтынбыз. Жан-жақтан тапсырыс түсіп жататын. Бірден қызу да қарбаласқа толы тірліктен қол үзіп қалу ер адам үшін өте ауыр екен. Алланың қалауымен ота сәтті өтіп, білікті дәрігерлердің арқасында қатарға қайта қосылдым. Домбыра жасау ыждағаттылықты, жауапкершілікті талап етеді. Шыдамдылықты қажет ететін майда жұмыстары көп. Сондықтан емделіп алғанша біраз уақыт домбыра жасаудан бас тартуға тура келді, – дейді Қожабек аға.

Біз шеберден домбыраны қандай ағаштан жасайтынын және жасаған домбырасының өзге шеберлерден қандай айырмашылығы барын сұрадық.

– Жергілікті ағаштардан жаңғақ немесе қарағашты пайдаланамын. Сонымен қатар Канада мен Индонезиядан келетін қызыл ағаш, венге, палисандр деген ағаш түрін алдыртамыз. Ең бастысы ағаш әбден кептірілуі тиіс. Яғни, арасында сөлі, шайыры болмаған дұрыс. Домбыраның әрбір бөлігі бір-біріне тәуелді. Сондықтан шанағы да, мойны да, беті де, ішегі де, бәрі-бәрі мықты болуы керек. Сонда дыбыс бояуы қанық, үні таза шығады. Бұрын домбыраның ішегіне малдың ащы ішегін пайдаланған ғой. Ішекті тазалап, екі-үш күн тұзға салып қойып, жайлап кереді. Бір-біріне өріп, шиыршықтап, ширатады. Өте жіңішке болғанымен күй күмбірлеп шығады. Екі-үш домбырама малдың ішегін қолданғанмын. Бірақ ол ұзақ шертуге жарамайды, тез үзіліп қалады. Біз қазір германиялық жасанды ішекті пайдаланамыз. Домбырада күнделікті ойнайтын музыкалық мектеп немесе колледж, жоғары оқу орнының студенттері және күйшілер домбыраның ішегін алты айда ауыстырып тұрғаны дұрыс. Әйтпесе ол, жіңішкеріп кетеді. Күй мен әннің домбырасы екі бөлек болады. Күйге арналған домбыра сазды келеді. Дыбыс созылып шығуы керек. Әндікі дауысы анық, қатты болады. Бұдан өзге әр шебердің домбыра жасауда өз әдіс-тәсілдері бар. Мен ұзақ уақыт тәжірибе жасап жүріп, бір ерекше әдіс таптым. Бірақ құпия, кез келген жанмен бөлісе бергім келмейді. Домбыра жасауға қызығушылығы бар жас жігіттерді қайтадан жаныма жинап, үйреткім келеді, – дейді шебер.

Қожабек ағаның домбырасының бағасы 15 мыңнан 500 мыңға дейін барады. Бірақ бұл қатып қалған баға емес. Адамдардың көңілі мен жағдайына көп қарағыштайды. Тіпті кейде баланың талабын байқап, алуға анасының ақшасы жетпесе тегін ұстатып кетеді. 

– Білесіз бе, ағаштың да жаны бар. Мен ағашты қолыма ұстағанда-ақ одан қандай домбыра шығатынын сезіп тұрамын. Сырт көзге күлкілі көрінуі мүмкін, бірақ іске кіріспес бұрын ағашпен сөйлесіп аламын. Оған қандай домбыра жасайтынымды айтамын. Әр ағаштың қадір-қасиетін бағалаймын. Бүгінде домбыра жасайтын құрылғыларым ескірді. Қазір ағаштарды сан түрлі қалыпта өңдейтін, милиметрді мінсіз жонып шығаратын аппараттар бар. Соларға қол жеткізуді көздеймін. Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев «Ұлттық домбыра күнін» жариялағанда қатты қуандым. Өйткені, домбыраның үнін естігенде делебесі қозбайтын қазақ жоқ шығар?! Өйткені қанында бар. Домбыра – әр қазақтың серігі, жолдасы. Қазақ бар жерде домбыра бар, домбыра бар жерде қазақ бар. Елдігімізді төл өнерімізбен ғана ұстап тұра аламыз деп ойлаймын. Жұбайым екеуміз екі ұл, төрт қыз тәрбиелеп отырмыз. Олардың бойына ұлттық өнерімізді, салт-дәстүрімізді сіңіру, мәдениетімізді таныту – біздің басты мақсатымыз, – дейді Қожабек аға.

Фотосурет автордікі

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға